Жамбыл өңірінде спорттық шеберлігін шыңдаған каратэші халықаралық додаларда ел намысын қорғап, Азия чемпионы атанды. Қазір АҚШ-та тұратын жерлесіміз спорттық мансабын төрешілік қызметпен ұштастырып, жаңа белестерді бағындыруға бет алды.
Спортшы үшін әр жарыстың өзіндік орны бар. Бірі үлкен спортқа жол ашса, енді бірі жинаған тәжірибеңді таразылап, өз мүмкіндігіңді бағалауға көмектеседі. Қаусар Естеусіз үшін Нью-Йорктегі кезекті турнирдің маңызы ерекше болды. Бұл жолы ол татамиде қарсыластарымен күш сынасып қана қоймай, төреші ретінде де жауапкершілік арқалады. Биылғы NYC Queens Karate Championship жарысына 228 спортшы қатысқан. 18-34 жас аралығындағы әйелдер арасында кумите бағдарламасы бойынша бақ сынаған Қаусар екі жекпе-жек өткізіп, қос кездесуінде де қарсыласынан басым түсті.

Кумите – каратэнің спортшыдан жылдамдықты, ұтқырлықты, төзімділік пен тактикалық сауаттылықты қатар талап ететін бағыты. Мұнда қарсыластың әр қимылын қалт жібермей, санаулы секунд ішінде дұрыс шешім қабылдай білу – маңызды. Кейде бір ғана сәтсіз әрекет бүкіл кездесудің нәтижесіне әсер етеді. Сондықтан физикалық дайындықпен қатар спортшының психологиялық тұрғыдан да мықты болуы қажет. Дегенмен бұл жолы отандасымыздың міндеті жеңіс тұғырынан көрінумен шектелген жоқ. Турнир қарсаңында төрешілік емтиханынан өткен Қаусар жарыстың өзге санаттарындағы жекпе-жектерді бағалауға мүмкіндік алды. Өзі де жарысқа қатысып жүрген спортшы үшін төрешілік қызмет каратэнің бұрынғыдан өзге қырын тануға жол ашқан.
– Турнир алдында төрешілік емтиханынан өтіп, барлық санаттағы жекпе-жектерді бағаладым. Бір жарыста әрі спортшы әрі төреші болу – үлкен жауапкершілік. Себебі татамиге шыққанда жеңіске жетуге бар күшіңді салсаң, төреші ретінде әр шешіміңе мұқият болуың керек, – дейді Қаусар.

Бала күнінен спортқа ден қою оңай емес. Қатарластары ойын қуып жүрген шақта күнделікті жаттығуға бару, бапкердің тапсырмасын орындау, жарысқа дайындалу жас спортшыдан тәртіп пен төзімділікті талап етеді. Кейіпкеріміздің кейінгі жетістіктерінің негізі де осы жылдары қаланды. Каратэмен шұғылдана бастағанына үш жыл толғанда ол халықаралық аренада алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Тоғыз жасында Грузияның Батуми қаласында шотокан каратэсінен өткен әлем кубогына қатысып, чемпион атанды. Аталған жарыста әлемнің 20 елінен келген 800-ден астам спортшы бақ сынаған.
Спортшы қыз осыдан бес жыл бұрын Азия чемпионатында кадеттер арасында 47 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Құрлықтық додадағы жеңіс оның өз жас санатындағы мықты спортшылардың қатарынан көрінуіне мүмкіндік берді. Ал 2022 жылы Түркияның Конья қаласында Дүниежүзілік каратэ федерациясының (WKF) ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионатында ел атынан өнер көрсетті. Сол жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Оның Түркиядағы әлем чемпионатына жолдама алуына елордада өткен халықаралық рейтингілік турнирдегі жеңісі сеп болды. Жамбыл облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың 26-29 тамызында ұйымдастырылған II NUR-SULTAN CUP жарысында Қаусар 48 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған. Сол турнирдің қорытындысы бойынша Жамбыл облысының бес спортшысы әлем чемпионатына жолдама иеленсе, олардың қатарында Қаусар да болды. Сөй-тіп, қазақ қызы аз уақыттың ішінде республикалық жарыстардан халықаралық деңгейге көтерілді. Әр елдің спортшыларымен кездесіп, түрлі каратэ мектептерінің өкілдерімен күш сынасуы оның өзіндік жекпе-жек мәнерін қалыптастыруына ықпал етті.

Қаусардың спорттық мансабындағы айтулы жетістігінің бірі – Хорватиядағы халықаралық турнирде топ жаруы. 2023 жылы Пореч қаласында өткен Karate1 Youth League – Porec 2023 жарысына әлемнің 72 елінен 3 275 спортшы жиналды. Қазақстан атынан аталған додаға 20 каратэші қатысып, олардың жетеуі жүлдегер атанды. Ерекше атап өтерлігі, Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жеті медальдің жалғыз алтынын Қаусар Естеусіз жеңіп алды. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз өз санатында үздік атанып, ел құрамасының табысты өнер көрсетуіне үлес қосты.
Әдетте, спортшының жетістігін медаль санымен өлшейтініміз рас. Алайда әр жүлденің артында көпшілікке көріне бермейтін еңбек, ұзақ дайындық, сәтсіздіктер мен қайта еңсе көтерген сәттер жатады. Қаусар да өзінің спорттық жолында жеңілістің аз болмағанын жасырмайды. Керісінше, ол сәтсіз өткен кездесулердің кәсіби тұрғыдан өсуіне көмектескенін айтады.
– WKF рейтингі бойынша сегіз халықаралық турнирде 28 жекпе-жек өткіздім. Оның 21-інде жеңіске жетіп, жетеуінде жеңілдім. Бірақ әр жеңілістен сабақ алдым. Әр жарыс – өзімді шыңдаудың мүмкіндігі. Кейде жеңілістің өзі келесі жеңіске бастайтын маңызды тәжірибе болады, – дейді ол.
Спортшының бұл көрсеткіші халықаралық рейтингілік жарыстардағы кездесулерінің 75 пайызында жеңіске жеткенін аңғартады. Дегенмен Қаусар үшін жекпе-жектің нәтижесінен бөлек, сол кездесуден түйген сабақтың да маңызы бар. Оның үстіне, жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстардан ересектер бәсекесіне ауысу кез келген спортшы үшін оңай емес. Қарсыластардың тәжірибесі артып, жекпе-жектің қарқыны өзгереді, дайындыққа қойылатын талап та күшейеді. Қаусар қазір спорттық мансабының осындай жауапты кезеңін бастан өткеріп жүр.

Бүгінде кейіпкеріміз АҚШ-тың Вирджиния штатында тұрады. Елден жырақта жүргеніне қарамастан, бала күнінен серік еткен спортын тастаған жоқ. Қазір бапкер Ашок Кумардың жетекшілігімен жаттығып, шеберлігін шыңдап келеді. Бұған дейін, 2024-2025 жылдары, Жамбыл облыстық каратэ федерациясында 6-16 жас аралығындағы балаларды жаттықтырған. Енді бапкерлік тәжірибесін АҚШ-та жалғастыруды көздейді. Алдағы желтоқсанда Лас-Вегаста бапкер Денис Морозовтың жаттығу жиынына қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетіп, төрешілік санатын көтеруді және балаларға арналған каратэ бағдарламасын ашуды мақсат еткен.
– Жас спортшыларға қорықпау керек дер едім. Тоғыз жасымда да осыны айтқанмын: ішкі сенім болса, жеңіс те келеді. Бастысы – жаттығуды тастамау және әр жекпе-жектен сабақ алу, – дейді Қаусар Естеусіз.
Таразда спорттық жолын бастаған қазақ қызы бүгінде мұхиттың арғы бетінде жаңа белестерді бағындыруға ұмтылып жүр. Оның ендігі мақсаты – спорттағы жетістіктерін жалғастырып, жинаған тәжірибесін жас буынға үйрету.
Cымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
