Көпшілік пікірінше, өрттің шығуына салют себеп болуы мүмкін. Алайда нақты себебі сараптамадан кейін белгілі болады.
Тараз қаласында Жаңа жыл түні екі бірдей өрт болды
154
оқылды

Жаңа жыл түні Тараз қаласында қатарынан екі ірі өрт шығып, тұрғындар мен мейрамхана қонақтарын эвакуациялауға тура келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бірінші оқиға 5-шағынауданда тіркелген. Өрт сөндірушілер келген сәтте көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балкон мен шатыр ашық жалынмен жанып жатқан. Тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылып, оқиға орнында жылыту пункттері ұйымдастырылды. Өртті сөндіру үшін Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылды. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Көпшілік пікірінше, өрттің шығуына салют себеп болуы мүмкін. Бірақ нақты себебі сараптамадан кейін белгілі болады.

Екінші өрт Жамбыл даңғылында орналасқан Watson Pub мейрамханасының жапсарлас жазғы алаңында болды. Құтқарушылар 100-ге жуық адамды эвакуациялап, өрттің негізгі ғимарат пен жанармай құю бекетіне таралуына жол бермеді. Өрт 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Бұл жағдайда да зардап шеккендер жоқ.

Еске сала кеткен жөн, Ішкі істер министрлігі Жаңа жыл қарсаңында тұрғындарды пиротехникалық өнімдерді қолданғанда абай болуға шақырған еді.