Бүгін Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік көрсету жағдайларына қатысты жазаны қатаңдатуды көздейтін Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізу туралы Заңға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл құжат Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қауіпсіздігін арттыруды мақсат етеді.
Жаңа заң медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына немесе қауіпсіздігіне қарсы бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Мысалы, егер оларға күш қолдану немесе қорқыту әрекеті тіркелсе, кінәлі тұлғаға айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал егер зорлық әрекеті адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірсе немесе ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза мерзімі 12 жылға дейін жетуі мүмкін.
Бұл істер бойынша алдын ала тергеу және анықтауды ішкі істер органдары жүргізеді.
Президент өз мәлімдемесінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау фактілері заң аясында қатаң бағалануы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәрігерлердің, фельдшерлер мен мейіргерлердің өмірі мен кәсіби қызметі қорғалуы керек, өйткені олар халық денсаулығы үшін алдыңғы шепте қызмет етіп жүр.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2019 жылдан бері медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдың 280-нен астам фактісі тіркелген. Биылдың өзінде осындай 58 жағдай орын алған.