Қостанайлық «Тобыл» клубына қатысты ФИФА тарапынан шектеу енгізілді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Sports.kz порталына сілтеме жасап.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері 2025 жылдың 28 желтоқсанынан бастап жаңа ойыншыларды тіркей алмайды. Санкцияның нақты себебі көрсетілмеген, алайда ұйым түсіндірмесінде мұндай тыйымдар көбіне қаржылық дауларға, келісімшарттық міндеттемелерді орындамауға немесе регламенттік талаптардың бұзылуына байланысты енгізілетіні айтылады.
Өткен маусым қорытындысы бойынша ҚПЛ турнирлік кестесінде «Тобыл» 54 ұпай жинап, үшінші орын иеленген болатын. Сонымен қатар клуб 2025 жылғы Қазақстан кубогын жеңіп алды.
Айта кетейік, 2021 жылы да «Тобылға» осындай трансферлік тыйым салынған еді. Кейін клуб бұл жағдай ФИФА тарапынан кеткен техникалық қате болғанын мәлімдеген.