Елордада кітапхана кеңістігін жаңаша пайымдау үдерісі нақты іске асып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Астанада кітапхана жүйесін жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
2023 жылға дейін Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» 18 кітапхана жұмыс істеді. Сол жылы ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану арқылы төрт кітапхана коворкинг-орталық форматында жаңғыртылды. Олардың қатарында №3 және №4 балалар кітапханалары, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, сондай-ақ жанарынан айырылған және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана бар. Бұл өзгерістер кітапханалардың әлеуметтік функциясын кеңейтіп, түрлі аудиториямен жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
2024 жылы елорданың төрт ауданында төрт жаңа кітапхана ашылып, тағы төрт кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Ал 2025 жылы үш жаңа кітапхана пайдалануға беріліп, тағы үш нысан жаңғыртылды. Нәтижесінде, бүгінде Астанадағы кітапханалар саны 25-ке жетті. Сонымен қатар жеті жаңа кітапхана бой көтеріп, 40-қа жуық жас маман жұмыспен қамтылды.
Сала мамандары кітапхананың заманауи бейнесін тек ғимарат сәулетімен шектеуге болмайтынын айтады. Бұл ретте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев кітапхананың басты өлшемі оның қоғамға қызмет ету әлеуеті екенін атап өтті.
«Кітапхананың басты көрсеткіші – оның қоғамға қызмет ету әлеуеті. Ол тек кітап сақтайтын немесе оқу өтетін орын емес, ой мен білім айналымын жандандыратын орталыққа айналуы тиіс. Заманауи кітапхана оқырманға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленуі керек», – деді ол.
Маманның айтуынша, қазіргі кітапхана кеңістігінде оқу залдарымен қатар кеңес беру бұрыштары, ақпараттық талдау орталықтары, тіл мен сөйлеу мәдениетін дамытатын шағын студиялар, балалар мен жастарға арналған шығармашылық алаңдар болуы қажет.
«Қоғамда тіл мәдениетінің әлсіреуі байқалып отырған кезеңде бұл міндетті тек мектеп пен университеттің еншісіне қалдыру жеткіліксіз. Кітапхана өмір бойы білім алу мен тіл мәдениетін жетілдіретін үздіксіз ортаға айнала алады», – деді Бақытжан Оразалиев.
Сонымен қатар ол кітапхананың тәулік бойы жұмыс істеуі басты өлшем емес екенін де атап өтті.
«Мәселе кітапхананың қашан ашылып, қашан жабылуында емес, оқырманның кез келген уақытта еркін келіп, сапалы жұмыс істей алу мүмкіндігінде. Бұл тұрғыда кітапхананың орналасқан жері, инфрақұрылым мен қоғамдық көлікке қолжетімділік маңызды», – деді ол.
Маман кітапхана ғимаратының архитектурасы мен ішкі құрылымы да көпфункциялы болуы керектігін айтты. Оның сөзінше, оқу және зерттеу аймақтарымен қатар жеке жұмыс бөлмелері, демалыс және коммуникация кеңістіктері қарастырылуға тиіс. Университет кітапханасының түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуі студенттер мен зерттеушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.