Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты елдің қазіргі даму кезеңін сипаттайтын бағдарламалық саяси-қоғамдық құжат деуге толық негіз бар. Бұл сұхбатта Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа сапалық сатысына өту логикасын, институционалдық реформалардың өзара байланысын және ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтарды айқын, прагматикалық тұрғыда көрсетеді. Ең бастысы, жаңғыру ұран ретінде емес, басқару жүйесін, қоғамдық сананы және шешім қабылдау мәдениетін түбегейлі өзгертуге бағытталған ұзақмерзімді процесс ретінде қарастырылады.
Президент атап өткен негізгі идеялардың бірі – экономиканы әртараптандыру, технологиялық тәуелсіздік және адами капиталды дамыту мәселелері ҰҒА қызметінің нақты бағыттарымен тікелей сабақтас. Мемлекет басшысы шикізаттық модельдің шектеулі екенін ашық айтып, ғылымды, инновацияны және қолданбалы зерттеулерді экономикалық өсімнің негізгі драйвері ретінде көрсетеді. Бұл – ғылым экономиканың шетінде емес, оның дәл ортасында тұруы тиіс деген сигнал. Осы логика аясында Ұлттық ғылым академиясы ғылыми-технологиялық басымдықтарды қайта қарап, фрагменттелген жобалардан нәтижеге бағдарланған флагмандық ғылыми бағдарламаларға көшу бағытын таңдады.
Академияның соңғы жылдардағы институционалдық трансформациясы Президент сұхбатында айтылған идеялардың практикалық жалғасы іспетті. Ғылыми сараптама институтын күшейту, форсайттық зерттеулерді жүйелеу, ғылыми саясат пен мемлекеттік басқару арасындағы байланысты нығайту – мұның бәрі «жаңа жаңғыру логикасының» нақты көрінісі. Басты мақсат – есеп үшін жүргізілетін зерттеулерден арылып, ұлттық мүддеге қызмет ететін, өлшенетін нәтижесі бар ғылыми жүйе қалыптастыру.
Президент сұхбатында аймақтық даму мен теңгерімді саясат мәселесіне де ерекше мән береді. Бұл бағытта Ұлттық ғылым академиясының нақты қадамдары бар. Академия бастамасымен республика көлемінде 70-тен астам өңірлік форсайт-сессия өткізілді, олардың нәтижесінде 220 перспективалы міндет анықталып, салалық министрліктермен келісілген 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Бұл – өңірлердің дамуын жалпы декларация деңгейінде емес, нақты ғылыми негізде жоспарлауға көшу деген сөз. Ғылым тек Астанада немесе Алматыда шоғырланбауы керек, ол өңірлердің нақты мәселесіне шешім ұсынуы тиіс деген ұстаным осы жерде іске асуда.
Сұхбаттағы Президент атап өткен басты мәселенің бірі – Қазақстанның цифрлық державаға айналу қажеттігі. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Осыған орай Академия Korea Institute of Science and Technology Information (KISTI) институтымен бірлесіп AI SilkNet ғылыми-технологиялық форсайт және болжамды талдау орталығын құрып, өзара меморандум жасалды. Бұл орталық ғылыми жарияланымдар, патенттер, технологиялық трендтер туралы үлкен деректерді біріктіріп, олардың арасындағы жасырын байланыстарды анықтайды. AI SilkNet жүйесі жаһандық үрдістерді талдап, ғылым мен технологиядағы келешек басым бағыттарды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясы Қытай ғылым академиясымен бірлесе отырып «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму зертханасын» құрды. Зертхана аясында қазақстандық DeepBas үлкен жасанды интеллект моделі жасалып, табиғи ресурстарды, қалаларды және инфрақұрылымды басқаруға арналған кеңістіктік-уақыттық аналитика дамытылады. Жоба экзафлопс класты суперкомпьютерлерді, интеллектуалды дрондар мен роботталған жүйелерді қолдануды көздейді. Мұндай құралдар геосаяси турбуленттілік пен технологиялық жарыс күшейген кезеңде стратегиялық шешім қабылдаудың сапасын арттырады.
Президент атап өткендей, көлік-логистика әлеуетін арттыру – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды міндет. Географиялық артықшылықты тиімді пайдалана отырып, елімізді Еуразияның негізгі көлік-логистика хабы ретінде қалыптастыру – осы саланың басты мақсаты. Осы бағытта Ұлттық ғылым академиясы жанынан Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылуда. Институттың негізгі мақсаты – көлік жүйелерінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық және интеллектуалды технологияларды, экологиялық әрі энергия үнемдейтін шешімдерді дамыту. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі транзиттік әлеуетін күшейтіп, сала үшін білікті отандық кадрлар мен жас ғалымдарды даярлау көзделеді.
Президентіміз сұхбатында жастарға зор сенім білдіре отырып, жастарымыз – күш-қуаты мол, азаматтық сана-сезімі жоғары, болашаққа зор үмітпен ұмтылатын отаншыл буын ретінде баға береді. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында Академия бастамасымен 2024 жылы Жас ғалымдар кеңесі құрылып, ол қазіргі уақытта белсенді қызмет атқарапып, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға жас ғалымдардың мәртебесіне қатысты нақты ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында алғашқы Жас зерттеушілер форумы өткізіліп, Академия аясында «Жас зерттеушілер академиясы» құрылды. Бұл – Президент айтқан адами капиталды дамыту қағидасының нақты іске асуы.
Қорытындылай келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты – алдағы жылдарға арналған саяси бағдар ғана емес, ғылымға сүйенген басқару моделіне көшудің нақты көрінісі. Бұл сұхбатта айтылған идеялар ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының нақты қызметімен тығыз байланысып, ғылымды ел дамуының өзегіне айналдыру міндетін айқын көрсетеді. Қысқасы, Қазақстанның болашағы интуицияға емес, дәлелге, болжамға және ғылымға сүйенген мемлекет құрумен өлшенеді.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті.