Батыс Қазақстан облысында онлайн курс сатып алған 21 азаматқа жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл курс маркетплейс менеджерлерін даярлауға арналған деп көрсетіліп, әлеуметтік желілер арқылы 490 мың теңгеге сатылған. Жарнамада курсты оқығандар 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін табыс табады деп уәде етілген.
Бірақ тексеріс нәтижесінде оқу материалының ескіргені және бағдарламаның сапасыз дайындалғаны анықталған. Сонымен қатар курс бір адамның атына тіркелсе де, төлем басқа адамның шотына түскені белгілі болды.
Сот шешімімен келісімшарттар бұзылып, 20 азаматқа 490 мың теңгеден, ал тағы бір әйелге 450 мың теңге өтемақы төленетін болды. Бұл ақпаратты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова растады.