Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл басында мерзімді баспасөзге сұхбат беруі саяси дәстүрге айналды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Turkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен әңгімелесіп, еліміздің қазіргі ахуалына және алдағы даму бағдарына кеңінен тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, Сенат Төрағасы: Стратегиялық дамудың жаңа белесі
212
оқылды

Бұл жай ғана өткен жылды қоры­тын­дылау не­месе алдағы жоспарды тізбелеу емес. Өйткені сұх­батта көте­рілген мәселелердің ауқымы кең. Онда экономикадан бастап қоғамдық санаға, тех­ноло­гиялық серпілістен әлеуметтік әділетті­лікке дейінгі барлық маңызды бағыт түгел қамтылып, бірыңғай стра­тегиялық жүйе ретінде қарас­ты­рылады.

Президентіміз Қазақстанның ре­фор­маларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жыл­дың басты қорытындысы ретінде атап өткен. Бұл мемлекеттік саясат уақытша науқан­шы­лыққа бой алдырмайтынын және құр­ғақ уәделермен шек­телу­ге жол бермей­тінін көрсе­теді.

Мемлекет басшысы экономикалық дамудың сапа­сына ерекше мән берді. Былтыр экономи­камыз 6 пайыздан астам өскені белгілі. Соның нәтиже­сінде ішкі жалпы өнім 300 миллиард дол­ларға жетіп, жан басына шаққанда 15 мың дол­лардан асты. Сұхбатта айтылғандай, бұл – еліміз­бен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш.

Ішкі жалпы өнімнің өсуі мен жан басына шақ­қандағы табыстың артуы маңызды көрсеткіштер екені анық. Десе де, Президентіміз аталған бағыт­тағы оң көрсеткіштермен бірге инфля­ция, әлеу­меттік теңсіздік сияқты аза­мат­тардың болашаққа деген сеніміне сызат түсіретін тұрақсыздық фак­тор­­лары туралы да ашық айтты. Мұндай қадам про­блемалардың сал­дарымен ғана емес, себебімен де күресуге тікелей ықпал етеді. Әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құру жолында бұл айрықша мәнге ие.

Сұхбатта айтылған маңызды басым­дықтардың бірі – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі. Мемлекет басшысы бұл тақы­рып­ты сән үшін емес, ұлттық қауіпсіздік пен эко­но­микалық тәуелсіздік мәселесі ретінде қарас­тырады. Президентіміздің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген пікірі – страте­гия­лық мақсат­тың айқын тұжырымы. Қазіргідей жаңа технология дәуірінде бұл өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы десек, артық айтқан­дық болмайды. Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интел­лект жылы деп жария­лауының да түпкі мәні аталған тұжыр­ымға табан тірейді.

Осы бағытта Astana Hub, IT экспорт, супер­компьютерлер, AI-Sana бағдарла­масы, дерек­терді жаңа дәуірдің «қазы­насы» ретінде бағалау Қазақ­станның технологиялық көшке ілесіп қана қой­май, оның алдыңғы легінен орын алуға ұмтылып отыр­ғанын көрсетеді. Мұндай мақсат жасанды интел­лек­тіні тұтынушы емес, оны жасайтын және экспорттайтын ел болуды көздейтін стратегиялық ұстаным екені сөзсіз.

Былтыр Парламент қабылдаған Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы заң және басқа да нормалар аталған саланың құқықтық негізін қалыптастырып, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға бағытталған болатын. Парламент, оның ішінде Сенат биыл да бұл сала­дағы белсенді заң шығару қызметін жүйелі түрде жалғастыра береді.

Президентіміз Салық кодексіне де ерекше тоқ­талды. Қасым-Жомарт Кемелұлы салық ре­фор­масын мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғам­дық келісім ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Бұл жерде бақылау мен қы­сым емес, сенім мен серіктестік алдың­ғы орынға шығып отыр. Мем­лекет бас­шысы атап өткендей, салық төлеу – отаншыл­дықтың озық үлгісі. Ол – мәж­бүр­леу емес, ортақ жау­апкершілік. Бұл қағида қо­ғам­ның саяси мәде­ниетін жаңа деңгейге кө­теру­ді көздейді. Расы­мен, ашық, әділ әрі түсінік­ті салық жүйесі экономиканың кейбір бағыт­тарын көлеңкеден шығарып, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қызмет ететіні анық.

Сұхбатта энергетикалық және коммуналдық сектор да назардан тыс қалмаған. Мемлекет бас­шысы көп жыл бойы саладағы қордаланған про­бле­­маларды кейінге ысыру елді тығырыққа тіре­генін ашық айтты. Арзан тарифтер, шын мәнінде, ауқатты топтарға берілген жасырын субсидия болып келгені жалған емес. Сондықтан бұл бағыт­тағы әділетті тариф, атаулы әлеуметтік көмек, тұтынуға қарай төлеу қағидаты эконо­микадағы теңгерімді қалпына келтіруге арналған шаралар екені сөзсіз.

Ядролық энергетикаға қатысты көзқарас та осы логикадан туындайды. Яғни, сенімді энергия көзі болмаса, цифрлық экономика мен жоғары техн­ология туралы сөз қозғау мүмкін емес. Сон­дық­тан алдағы уақытта бірнеше атом станциясын салу арқылы тарихи олқылықтың орнын толтыру және техникалық интелли­ген­ция­ның жаңа буынын қалыптастыру маңызды мін­дет ретінде белгіленді.

Көлік-логистика саласында қолға алынған бастамалар да еліміздің геосаяси орнын эконо­ми­калық артық­шылыққа айналдыруға бағыт­талған. Президентіміз Қазақстанды Еуразия­ның көлік хабы ретінде қалыптастыруды страте­гиялық мақ­сат деп айқындап, жаңа теміржол магистральдары, халық­­аралық дәліздер, «Орта дәліз» секілді елдің транзиттік әлеуетін артты­ратын іргелі жобаларға баса мән беріп отыр.

Ауыл шаруашылығы салаларына қатысты айтылған ойлардың да маңызы зор. Мемлекет басшысы мол қаржы бөлудің өзі жеткіліксіз бола­тынын, басты мәселе – тиімділік пен нәтиже екенін нақты айтты. Әсіресе, агро­секторда коо­перацияны дамыту, мал шаруа­шы­лығын экспортқа бағыттау, масылдық психоло­гиядан арылу сала­ны жаңа сапалық деңгейге көтерудің ұтымды жолы ретінде ұсынылды. Мұндай тәсілді ауылдық аумақтарды экономи­калық өсім көзіне айналдыру стратегиясы деуге толық негіз бар.

Мемлекет басшысы туризмді дамыту тек экономикалық емес, мә­дени және басқарушы­лық мәсе­ле екенін айтты. Сұхбатта аталып өткен­дей, табиғи әлеуеттің молдығы өзді­гінен нәтиже бер­мейді. Озық көрсет­кішке жету үшін кәсібилік, тәртіп, жауапкершілік қажет. Туризм – елдің халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды салалардың бірі. Сондықтан бұл бағытта нем­құрай­дылық пен жалған белсенділік­ке жол беруге бол­майды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ішкі саясаттағы ре­формалардың мәнін ай­қындай отырып, саяси жүйені жаңғырту бір­реттік науқан емес, ұзақмерзімді процесс екенін баса айтты. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты билік тармақтары арасындағы те­пе-теңдікті күшейту, мемлекеттік шешімдер қа­былдау тетіктерін ашық әрі тиімді ету екені анық.

Сұхбатта қозғалған маңызды тақырыптардың бірі – парламенттік реформа. Мемлекет басшысы Пар­ла­менттің рөлін күшейту билікті орта­лық­сыздандырудың және демократия­лық басқарудың маңызды алғышарты екеніне тоқталды. Мұндай өзгерістер Парламентті шынайы саяси пікірталас алаңына айналдыруды көздейді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылдың а­й­рық­ша тарихи салмағына назар аударып, биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін ұзақмерзімді бағыт-бағдар айқындалатынын айтты. Бұдан осы жылы экономиканың құрылымы, мемлекеттің рөлі, әлеуметтік жауап­кершілік моделі, технологиялық даму жолы түбегейлі түрде пысықталып, ондаған жылға есептелген стратегиялық шешімдер қабыл­данатынын аңғара­мыз.

Мемлекет басшысы қазір Ата заңы­мыздың редакциясына қатысты ұсы­н­ыстар қаралып жатқа­нын, жоспар­ланған өзгерістер жаңа Консти­туция қабылдаумен бірдей ауқымды жұмыс екенін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар сұхбатта әскердегі ахуал, сыртқы саясат, сыбайлас жем­қорлықпен күрес, заңсыз актив­терді елге қайтару, әлеуметтік жеңіл­діктер, алаяқтыққа жол бермеу және басқа да сала­ларға қатысты қоғамды алаңдатқан көптеген сауалға нақты жауаптар берілген.

Президентіміз айтқан әлеуметтік масылдық­тан арылу, адал еңбек пен кәсібилікті басты құнды­лыққа айнал­дыру, заң үстемдігі мен әділеттілік қағи­датын күнделікті өмірде орнық­тыру – қоғам­дық сананы жаңғыртуды көздейтін саяси бағдар екені сөзсіз.

Сондай-ақ сұхбаттан мемлекеттің бұрын­ғыдай барлық жауапкершілікті өз мойнына ала бермей­тінін, бірақ шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету негізгі басымдық ретінде сақталатынын да аңғаруға болады. Бұл – әлеу­меттік мемлекеттің жаңа, әділетті әрі орнықты моделі. Қоғам бел­сенді, жауапты, талапшыл болуға тиіс, ал, билік ашық әрі есеп беретін жүйе құруға міндетті.

Жалпы, сұхбатта Қазақстан жаң­ғырудың жаңа кезеңінде популизмге емес, нақты есепке, ұзақ­мерзімді ұлттық мүддеге табан тірейтіні айты­лады. Мемлекет басшысы осы бағытта биліктің қоғам­мен ашық диалогқа дайын екеніне және ел бола­ша­ғы үшін толық жауап­кершілікті өз мойнына ала­тынына да назар аударды. Бұл – елімізді әділетті, технологиялық және бәсекеге қабілетті мемлекетке айнал­дыруға бағытталған жүйелі саясаттың жарқын көрінісі.

Осы жолда ұлт болып ұйысып, әрқайсысымыз Президентіміз белгілеп берген стратегиялық мін­деттерді орын­дауға өз үлесімізді қоссақ, таза, әділ­етті, қауіпсіз және өркендеген елдің берік негізін қалаймыз. Алдағы уақытта бәріміз ел болып, Мемлекет басшы­сы­ның саяси бағдарын жүзеге асы­руға белсенді атсалысамыз деп сенемін.