Заңсыз сыртқа шығарылған активтер ел игілігіне жарады. Мемлекет пен қоғамды алаңдатқан бұл мәселе оң шешімін тауып, өз нәтижесін беруде. Әйтсе де, тоқмейілсуге әсте болмайды.
Қайтарылған активтер ел игілігіне жарап тұр
291
оқылды

Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында қайтарылған активтер төңірегіндегі сауалға жауап беріп, бұл ба­ғыттағы қордаланған түйткілдерді тарқатқан болатын. Қайтарылған активтер әлеуметтік нысандарға бөлініп, инфрақұрылым жа­ңаруына септесіп, әуежайлар жаңғыртылып жатыр деді. Ең бастысы, бұл жұмыс жалғасып, ашық жүргізілуге тиіс екендігін жеткізді.

– Заңсыз активтерді елге қайтару жө­ніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, оли­гополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым ны­санының құрылысы бар. Сондай-ақ Пав­лодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді, – деді Президент.

Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, бұған дейінгі 2023 жылы 760 миллион теңге қайтарылса, 2024 жылы 428,7 млрд заңсыз активтер мемлекетке қайтарылған. Жа­қындағы Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес, Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өз­герту қолға алынды. 

Бас прокуратура дерегінше, жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын ұрланған және шетелге шығарылған активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданып, оның 1 трлн теңгеден астамы мемлекет пайдасына нақты түсті, яғни 928,6 млрд теңгесі қаражат түрінде, ал 107,7 млрд теңгесі мүлік түрінде қайтарылыпты. Тек мүлік пен қаржыны қайтарып қана қоймай, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның субъектілері жалпы құны 5,2 трлн теңгені құрайтын ірі инвес­тициялық және әлеуметтік жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып жатыр. Қай­тарылған қаражат есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларында, сондай-ақ коммуналдық және инфра­құ­рылымдық нысандарды жаңғырту бағытын­да бүкіл ел бойынша, әсіресе шалғай елді мекендерде 434 нысанның құрылысы қар­жыландырылған. Демек, ілгерілеу бар деген сөз.

Қайтарылған активтерді әлеуметтік және коммуналдық нысандарға бағыт­тау – қоғам үшін маңызды әрі қажет қадам. Алайда ел экономикасының ұзақмерзімді әрі тұрақты өсуі үшін бұл қаржылар тек тұтынушылық емес, табыс әкелетін салаларға да салынса, нұр үстіне нұр деп есептейді білікті экономист Бексұлтан Ысқақов.

– Біріншіден, өндіріс пен өңдеу өнер­кәсібі. Қосымша құны жоғары өнім шы­ғаратын зауыттар мен кәсіпорындар эко­номиканы нақты өсіреді, жұмыс орындарын ашады және бюджетке тұрақты салық түсімін қамтамасыз етеді. Екіншіден, шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау. Қай­тарылған қаржыларды жеңілдетілген несие, кепілдік немесе инвестициялық қорлар арқылы ШОБ-қа бағыттау ішкі нарықты жандандырып, кәсіпкерлік белсенділікті арттырады. Үшіншіден, инфрақұрылымдық жобалар, бірақ жай құрылыс емес, эко­номикалық қайтарымы бар инфрақұрылым: логистика, қойма кешендері, индустриялық аймақтар, инженерлік желілер. Мұндай жобалар жеке инвестицияны тартуға негіз болады. Төртіншіден, білім мен технологияға инвестиция. Техникалық білім беру, IT, ин­женерлік кадрлар даярлау, стартаптарды қолдау – ұзақ мерзімде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын ең тиімді ба­ғыт­тардың бірі. Қайтарылған активтерді әлеуметтік қажеттіліктер мен экономикалық өсім беретін салалар арасында теңгерімді түрде бөлу маңызды. Сонда бұл қаражат бірреттік шығын емес, ел экономикасына жұмыс істейтін тұрақты капиталға айнала­ды, – дейді экономист.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ активтердің елге қайтарылып, халықтың әл-аухатын жақсартуға сеп болып жат­қандығын құптайды. Сонымен қатар бұл салада заңмен қатар идеологиялық һәм моральдық жауапкершілікті де күшейту керектігін алға тартады.

– Халықтың мүлкін қорғау және мем­лекетшілдік сананы нығайту – тек құқықтық емес, ең алдымен идеологиялық әрі мо­раль­дық мәселе. Бұл ұстанымды қалып­тас­тыру үшін қоғамда «мемлекеттік қыз­мет – жеке пайда табу құралы емес, елге қызмет етудің аманаты» деген түсінік ор­нығуы қажет. Біріншіден, әділдік қағи­датының мызғымастығы қамтамасыз етілуге тиіс. Заңсыз иемденілген активтердің қайтарылуы және оның ел игілігіне жұмсалуы қоғамға мемлекет халықтың мүддесін қорғай алатындығын көрсетеді. Екіншіден, ашық ақпараттық саясат және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы жауап­кершілік пен сенім қа­лыптастырады. Қай­тарылған активтердің нақты жобаларға бағытталуы және оның нәтижесі туралы деректердің тұрақты жариялануы қоғамда ортақ меншікке деген жауапкершілікті арттырады. Сонымен бірге тәрбие мен білім беру жүйесінде адал еңбек, заңға құрмет және отансүйгіштік құндылықтарын жүйелі насихаттау ұзақ­мерзімді идеологиялық негіз қалыптас­тырады, – дейді депутат.

Тоқетері, енді ерікті түрде қайтарылған активтер заңсыз деп танылмайтын болды. Бұл жөнінде Сенат «Заңсыз қайтарылған активтер туралы» заңды қайта қарап, өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, ма­құлдады. Арнаулы мемлекеттік қор ашық тұр. «Заңсыз иемденілген активтерді мем­лекетке қайтару туралы» арнайы заң да қолданыста. Мемлекет байлығы күмән ту­дыратындармен 5 млн теңгеге келісім де жасасты. Бұған дейін негізгі бағыт әлеуметтік сала болса, бұдан бұлай инвестициялық бағытқа баса мән берілмек. Тоқетер түйінін айтқанда, халқымыз «қайтқан малда қайыр бар» деп текке айтпаса керек-ті.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ