Транскаспий бағытының дамуы, теміржол және автокөлік логистикасына салынған инвестициялар, жаңа әуежайлар мен жүк терминалдарының құрылысы осы мақсатқа қызмет етеді. Алайда авиация саласында көпшілік назар аудара бермейтін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – авиациялық жанармай өндірісі мен инфрақұрылымының болашағы.
Кез келген халықаралық әуе хабының табысы тек ұшу-қону жолағының ұзындығымен немесе терминалдың заманауи келбетімен өлшенбейді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ірі әуе компаниялары мен жүк тасымалдаушылары үшін отынмен қамтамасыз ету жүйесі шешуші факторлардың бірі саналады. Сондықтан Қазақстандағы авиациялық жанармай нарығында болып жатқан өзгерістерді елдің транзиттік әлеуетінен бөлек қарастыру мүмкін емес.
Авиаотын өндірісі ұлғайып келеді
Авиациялық отын нарығындағы өзгерістердің ауқымын ресми көрсеткіштердің өзі аңғартады. Қазақстанда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шамамен 770 мың тоннаға жуық авиациялық отын өндірілген. Әуе тасымалына сұраныстың артуын ескерген Үкімет пен сала қатысушылары өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Қолданыстағы жоспарларға сәйкес, 2032 жылға қарай елімізде авиаотын өндірісі екі еседен астам өсіп, 1,5 миллион тоннаға жетуі тиіс. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық рейстер мен транзиттік тасымалдардың өсуіне де негіз қалайды.
Авиация саласындағы сарапшылар өндіріс көлемінің артуы тек энергетикалық қауіпсіздік мәселесі емес екенін айтады. Өйткені авиациялық отын әуе тасымалы экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Кейбір бағыттарда оның үлесі билет құнының 30 пайызына дейін жетеді. Сондықтан отынмен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігі бүкіл саланың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.
Дегенмен өндірісті арттырудың өзі жеткіліксіз. Әлемдік авиация қарқынды өзгеріп жатқан жағдайда Қазақстан үшін өндіріс көлемімен қатар қолданылатын отын түрлерін әртараптандыру мәселесі де өзекті бола бастады.
Неге отын түрлерін әртараптандыру қажет?
Қазақстанда ұзақ жыл бойы авиациялық отынның ТС-1 және РТ маркалары қолданылып келді. Бұл өнімдер кеңестік кезеңнен бері пайдаланылып келе жатқан стандарттарға негізделген. Алайда халықаралық авиация нарығы бүгінде басқа талаптармен жұмыс істейді.
Қазір әлемдегі көптеген авиакомпания Jet A-1 стандартындағы отынды пайдаланады. Ол халықаралық нарықта кеңінен мойындалған және әртүрлі мемлекеттегі әуежайларда бірдей стандарт бойынша қолданылады. Бұл әуе компанияларына операциялық шығындарды азайтуға және қызмет көрсетудің бірыңғай талаптарына сүйенуге мүмкіндік береді.
ҚМГ-Аэро мамандарының айтуынша, халықаралық нарыққа кірігу үшін Қазақстан да біртіндеп осындай стандарттарға бейімделуі қажет. Әңгіме авиациялық отын нарығын әртараптандыру, халықаралық ойыншылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және жаһандық үрдістерге бейімделу туралы болып отыр.
Бұдан бөлек, әлемдік авиация бүгінде тағы бір маңызды өзгерістің алдында тұр. Көптеген мемлекет көміртек шығарындыларын азайтуға бағытталған саясат жүргізіп, тұрақты авиациялық отын – SAF өндірісін дамытуға кірісті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда дәл осы бағыт авиация саласының негізгі трендтерінің біріне айналады.
Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмайды. Соңғы жылдары SAF өндірісі бойынша халықаралық әріптестермен келіссөздер жүргізіліп, технологиялық мүмкіндіктер зерттелуде. Сол себепті авиаотынның әртүрлі түрін, соның ішінде экологиялық таза SAF отынын қатар қолдану елдегі авиация нарығын алдағы міндеттерге әзірлеуге жол ашады.
Транзиттік нарықтың талабы өзгеріп жатыр
Отын түрлерін әртараптандыру мәселесі Қазақстанның транзиттік әлеуетімен тікелей байланысты. Себебі халықаралық авиакомпаниялар жаңа бағыт таңдағанда, тек географиялық орналасуға емес, қызмет көрсету стандарттарына, отынның қолжетімділігіне және инфрақұрылым сапасына да назар аударады.
Соңғы жылдары Қазақстан арқылы өтетін жүк және жолаушы ағындарының артуы да осы нарықтың әлеуетін көрсетіп отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 15 миллион жолаушы тасымалдаса, отандық әуежайлар 32 миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Сонымен қатар 173 мың тонна жүк өңделіп, көрсеткіш бір жыл ішінде 1,4 пайызға өсті. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана әуекөлігімен 4 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл Қазақстанның халықаралық әуе тасымалы нарығындағы маңызы артып келе жатқанын және транзиттік хаб ретінде әлеуеті күшейіп отырғанын көрсетеді. Әлемдегі ең ірі карго әуе компанияларының бірі саналатын Cargolux Қазақстан бағытына қызығушылық танытып отырғаны сөзімізге дәлел.
Бұл жаңалық тек жаңа рейстердің ашылуымен шектелмейді. Әлемдік карго операторлары бағыт таңдағанда ең алдымен логистикаға, жанармаймен қамтамасыз ету мүмкіндігіне және операциялық шығындарға назар аударады. Яғни Cargolux секілді компаниялардың қызығушылығы Қазақстанның географиялық орналасуына ғана емес, авиациялық инфрақұрылымының сапасына да байланысты.
Әрине, бір компанияның келуі бүкіл нарықтың өзгергенін білдірмейді. Бірақ бұл халықаралық ойыншылардың Қазақстанды барған сайын байыпты нарық деп тани бастағанының белгісі. Ал мұндай қызығушылықты тұрақты үрдіске айналдыру үшін инфрақұрылым халықаралық талаптарға сай болуы қажет.
Негізгі бәсеке алаңы – инфрақұрылым
Халықаралық авиациядағы үлкен бәсеке көбіне аспанда емес, жерде жүреді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде әуежайлардың арасындағы айырмашылық терминалдардың сәулетімен емес, операциялық тиімділігімен анықталады.
Авиацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылым көбіне көзге көрінбейді. Әңгіме жанармай құю кешендері, резервуарлық парктер, сүзгілеу жүйелері, зертханалар мен цифрлық бақылау орталықтары туралы болып отыр.
Қазақстандағы авиациялық жанармай нарығының маңызды ойыншыларының бірі саналатын ҚМГ-Аэро соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Компанияның қатысуымен Ақтөбе, Түркістан және басқа да өңірлердегі авиациялық отын сақтау және жеткізу жүйелерін дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жобалардың басты мақсаты – әуежайлардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыру, жанармаймен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін күшейту және халықаралық стандарттағы отынды пайдалануға жағдай жасау. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда авиациялық инфрақұрылымды дамытуға қатысты көзқарас та өзгеріп келеді. Бұрын көптеген әуежай жанармай бизнесін өздері жүргізуге ұмтылса, қазір әлемдік тәжірибеде маманданған операторлар моделінің тиімділігі дәлелденді. Бұл қызмет сапасын арттыруға, бәсекені күшейтуге және авиакомпаниялар үшін неғұрлым ашық әрі болжамды жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Демек, Қазақстан Еуразиядағы маңызды авиациялық орталықтардың біріне айналу үшін жаңа терминалдар салу жеткіліксіз. Егер жоспарланған жаңғырту толық жүзеге асса, бұл тек авиациялық инфрақұрылымның жаңаруы емес, елдің транзиттік экономикасының жаңа кезеңге өтуіне жол ашуы мүмкін.
