2026 жыл Қазақстан мен әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалардың, өнер мен ғылым, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің айтулы мерейтойлары және өткен тарихи оқиғаларға мән беріп, бағалаудың маңызды кезеңі болмақ. Биыл, расында – мерейтойлар жылы. Олардың арасында ұлттың дамуына ерекше үлес қосқан қайраткерлеріміз де бар.
Мерейлі күндер мәртебесі
360
оқылды

Биыл қазақ әдебиеттануындағы абай­тану мектебінің іргетасын қалаған көр­некті ғалым, жазушы әрі драматург Қайым Мұқамедханұлының туғанына 110 жыл толды. 5 қаңтарда атап өтілген бұл айтулы дата – қазақ руханиятының мерейлі бе­лесі. Ғалым Абай шығар­ма­шылығын ғылыми айналымға түсіріп, ақын шәкірт­терінің мұра­сын түгендеп, қазақ рухания­тының тұтас бір саласын жаңа деңгейге көтерді. Еліміздің тәуелсіздік жыл­дарында мәдени құндылықтары­мызды сақтауға бағытталған  табан­ды еңбегімен көзге түсіп, еліміздің рухани қазынасын түген­деуге өл­шеусіз үлес қосқан тұлға.

Талғат Мұсабаев – тәуелсіз Қазақ­стан­­ның ғарыштық держава ретінде таны­луына жол ашқан тұлға, Халық Қаһарманы. Ол 1951 жылы 7 қаңтарда дүниеге келген. Талғат Мұсабаев халықаралық ғарыш кеңіс­тігіне үш мәрте сапар шегіп, жүздеген тәулік орбитада болды. Ғылым мен инженерия саласын дамытуға, отандық ғарыш технологияларының қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлғаның туғанына биыл 75 жыл толады.

Қазақ поэзиясының эстетикалық өрі­сін кеңейтіп, ұлттық әдебиетті жаңа белес­ке көтерген Мұқағали Ма­қа­таевтың шы­ғар­машы­лы­ғы­ның орны ерекше. Ақын­ның лирикалық өлең­дері өмір, ма­хаб­бат, адам жанының терең күйзелісі мен қуа­ны­­­шын шын­айы бейнеледі. 9 ақ­­пан­да Мұқа­ға­ли Ма­қа­таевтың туғаны­на 95 жыл тола­ды. Миллион­даған оқ­ыр­ман­ның көңілін тербе­ген оның ішкі иірім­дерге толы поэ­зиясы қазақ сөз өнері­нің мәң­гі­лік құнды­лық­тарының біріне айналды.

10 ақпан – саз өнерінде өзіндік мекте­бін қалыптас­тырған композитор Кеңес Дүйсекеев­тің туған күні. Биыл – компози­тордың туғанына 80 жыл. Ол өрнегі бөлек әндері арқылы қазақ эстрадасын жаңғыр­тып, көптеген өнер жұлдыздарының шығар­машылығына жол ашқан қайраткер. Оның шығармаларында ұлттық сезім мен за­манауи музыкалық ізденіс үйлесім тауып, кең аудиторияның рухани қазына­сына айналды. 

Меруерт Өтекешованың да айтулы ме­рекесі. Актриса  75 жасқа толады. 1951 жылы 25 ақпанда өмірге келген өнер иесі қазақ киносы мен театрында айшықты образдар жасап, халықтың ыстық ықыла­сына бөленді. Қазақтың Қыз Жібегіне айналды. Сахналық мәдениеті мен кәсіби шеберлігі бірнеше буын көрерменге ұмыт­ылмас әсер қалдырды. 

Қазақ поэзиясының абыз тұлғасы Жам­был Жабаев та ұлттық руханият кеңіс­тігінде биікте тұр. Айтыс өнері мен жырау­лық поэ­зияның дәстүрлі арнасын кеңейт­кен Жамбыл Жабаев өз заманының тыны­сын, халықтың мұратын, қоғамның күр­де­лі кезеңдерін поэтикалық қуатпен бе­дер­леді. Ұстазы Сүйінбай Аронұлының дәстүрін жалғастырып, жыраулық мектепті жаңа деңгейге көтерді. Биыл жалынды жыршы­ның туғанына 28 ақпанда 180 жыл толады.

Ұлттық саяси ой тарихында айрықша орын алатын тұлғаның бірі – Әлихан Бөкей­­хан. Алаш қозғалысының көсемі, Алаш Орда үкіметінің жетекшісі, энцикло­педист ғалым әрі публицист қазақ қоғамын жаңғырту, ұлттық мемлекеттілік идеясын қалыптастыру жолында күрескен тұлғаның биыл 5 наурызда 160 жылдығы аталып өтеді. Ол саяси, ғылыми және экономи­ка­лық ой-өрістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әлихан мұрасы – тәуелсіздік идея­сының мәңгілік рухани тұғыры. 

Қазақ кино өнерінің көрнекті режис­сері, кинодраматург әрі жазушы Саты­балды Нарымбетов те ұлттық мәдениеттің көркемдік көкжиегін кеңейткен тұлғалар­дың бірі саналады. 7 наурызда кинодра­матургтың туғанына 80 жыл толады. Ол «Мұстафа Шоқай», «Көзімнің қарасы» секілді фильмдері арқылы ұлттық тарих пен адам болмысының терең психология­лық табиғатын зерделей білді. Оның шығарма­шы­лығы қазақ киносының көр­кем деңгейін жаңа белеске көтерген мә­дени құбылыс ретінде бағаланады. 

8 наурызда ұлттық музыка өнерінің алтын қорында есімі ерекше құрметпен аталатын тұлғалардың бірі Манарбек Ер­жановтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтеді.  Ол – қазақ ән өнерінің шоқтығы биік майталманы, актер, композитор, күйші, халық әртісі. Оның қоңыр даусы мен сах­на­лық шеберлігі ұлт музыкасына жаңа тыныс сыйлап, халық мұрасын кеңінен танытты. Манарбектің орындау­шылық мәдениеті бүгінде қазақ өнерінің алтын қорына енген.

Тәуелсіздік тарихындағы тағдырлы есімдердің бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Ол 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысын­да дүниеге келген. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің символына айналған Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толады. Қысқа ғұмырында көрсеткен батылдығы мен азаматтық ерлігі қазақ жастарының тәуелсіздікке деген жігерін оятқан тарихи оқиға ретінде есте қалды.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің тарих­ын­да дара қолтаңбасымен қалған тұлға­лардың шығармашылық мұрасы – ұлт руханияты­ның биік белесі. Солардың қатар­ында Мә­кілқожа Құланбаев та бар. Кино және театр өнерінің сарабдал актері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі рет­інде ол ұлттық сах­на өнерінің дамуына ай­рық­ша серпін берді. 22 наурызда Құлан­баевтың ғасыр тойы, яғни туғанына 100 жыл толады. Табиғи талант пен кәсіби шыңдалудың үйлесімі Құланбаевты қазақ мәдениетінің көрнекті өкі­ліне айнал­дырды.

Қаршыға Ах­медияров – қазақ күйшілік мекте­бінің көрнекті өкілі. Шығар­ма­шылық жолы да ұлттық музыка өнерінде айрықша орын алады. Ол домбыра шебері, Қазақ­станның халық әртісі күрделі күй­лерді жаңа қырынан дамытып, орындау­шы­лық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді. Ол тек өнерде ғана емес, шәкірт тәрбиелеу ісінде де өнеге көрсетіп, қазақ музыкасының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Биыл Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 25 наурызда 80 жыл толады.

Ұлттық спорт тарихының асқақ сим­волына айналған тұлғалардың бірі – Қа­жымұқан Мұңайтпасұлы. Биыл Қажы­мұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толып отыр. Ол кәсіпқой балуан, әлем ареналарын бағындырды. Тұңғыш кәсіпқой қазақ балуаны ретінде ол ұлттық күш өнерін халықаралық деңгейде таныт­ты. Қажымұқанның ерлігі мен қайсар мінезі халықтық батырлық ұғымының рә­мізіне айналып, оның есімі қазақ рухы­ның мыз­ғы­мас белгісі ретінде сақталды.

Қазақ лирикасына жаңа тыныс әкелген ақындардың бірі – Шөмішбай Сариев. 1946 жылы 15 сәуірде дүниеге келген. Биыл – ақынның 80 жылдығы. Шөмішбай Сариев­тің нәзік мұң мен сырға толы жыр­лары терең лирикалық оймен астасып, сөз өнерінің көркемдік әлемін байытты. Еңбек сіңірген қайраткер ретінде ол ұлт­тық поэзияда философиялық тол­ғаныс пен жан жылуын тоғыс­тыр­ған ерекше поэтикалық өрнек қалып­тас­тырды. 

Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің көрнекті классигі. Ұлттық прозаның өрі­сін кеңейткен қаламгерлердің бірі. Тарихи роман­дар арқылы ұлт тағдыры мен елдік болмысты, шекараның арғы-бергі бетін­дегі қазақтың өмірі мен күрделі кезеңдерін тереңнен суреттеді. Оның әдеби мұрасы қазақ прозасының ең биік жетістіктерінің бірі ретінде бағаланады. Биыл халық жазушысының 90 жылдығы атап өтіледі.

Биыл патриоттық рух пен нәзік лиризм­ді ұштастырған ақын, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты – Күләш Ахметова­ның 80 жылдығы. 1946 жылы 25 сәуірде дүниеге келген. Оның ұлттық мінезді ай­қын көрсе­те­тін жырлары бірнеше буын оқырманға шабыт сыйлап, рухани дем беріп келеді. 

Қазақ мәдениеті мен ұлттық рухания­тын­да терең із қалдырған тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы – ел тарихының айнасы. Солардың бірі – 1916 жылы 25 сәуірде дүниеге келген Кәукен Кенжетаев. Әнші, актер, режиссер ретінде ол қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кенже­таевтың орын­дау­шылық мәдениеті мен сахналық келбеті ұлт өнерінің тарихында айрықша орын алады. Биыл актердің 110 жылдық мерей­тойы. Сахнадағы табиғи болмысы, драма­лық әрі музыкалық рөл­дер­ді бірдей меңгер­ген кәсіби шеберлігі оның өнер саңлағы дәре­жесіне көтерілуіне себеп болды.

29 сәуірде Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толады. 1906 жылы Ақтөбе облы­сы Темір ауданында дүниеге келген. Ұлт­тық музыка өнерінің іргесін қалаушы­лардың бірі, көрнекті ғалым, композитор және дирижер. Ол қазақ музыкасын ғы­лыми жүйеге түсіріп, Абай атындағы опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің дамуына үлкен үлес қосты. 

Биыл қазақтың қобыз өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, орындаушылық мектебін қалыптастырған көрнекті қобызшы, ха­лық әртісі Фатима Балғаеваның туған­ы­на –  100 жыл. Ол ұстаздық жолында көптеген та­лант­ты шәкірт тәрбиелеп, ұлттық музы­ка­ның дамуына елеулі ықпал етті. Оның өнері – қобыздың сырлы үні мен дәстүрін жаңғырт­қан алтын арқау.

Жазушы, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов 6 мамырда 90 жасқа толады. Ол – қазақ музыкасының тарихын зерде­леген ірі тұлға. Оның зерттеулері мен әншілік мұрасы ұлттық өнердің биіктеуіне жол ашты. «Екі жұлдыз», «Әсел», «Жайлау­көл кештері» секілді туындылары халық жүрегінен мықтап орын алған.

Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күре­сінен олимпиада чемпионы, қазақ спорт­ын әлемге танытқан даңқты палуан. 6 мамырда палуанның 75 жылдығы атап өтіледі. Спорт саңлағы өзінің еңбекқорлы­ғы, табандылығы мен жеңіске деген жігері арқылы талай буын спортшыларға үлгі бола білді. Үшкемпіровтің есімі спорт тарихында алтын әріппен жазылған қайсар тұлға ретінде қадірленеді.

Олжас Сүлейменов – ақын, қоғам қай­раткері, түркітанушы және халықаралық деңгейде танылған ойшыл. 1936 жылы 18 ма­мырда туған. Биыл – 90 жылдық мерей­тойы. «Аз и Я» еңбегі мен поэзиялық туын­ды­лары арқылы ұлттық тарих пен мәден­иет­ті жаңаша түсінуге жол ашты. Оның қо­ғамдық белсенділігі мен рухани көшбас­шылығы қазақ зиялыларының алдыңғы қат­арлы өкілдерінің бірі ретінде бағала­нуына себеп болды. 

Қазақ опера өнерінің әлемдік деңгейде танылған жұлдызы, КСРО және Қазақстан­ның халық әртісі Ермек Серкебаевтың туға­ны­на – 100 жыл. Оның барқыт дауысы, мінсіз вокалдық техникасы мен сахналық мәдениеті қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді. Серкебаевтың өнері – ұлттық опера мектебінің қалыптасуына жол аш­қан, ұлт мәдениетінде өшпес із қалдырған дара мұра.

17 шілде Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толмақ. Қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан композитор, педагог, халық әртісі. «Менің Қазақстаным» әнұранының авторларының бірі ретінде ол ұлттық рухты асқақтатып, музыкалық мұра­мыздың алтын қорын жасақтады. Хамидидің шығармашылығы мен ұстаздық еңбегі бірнеше буын музыканттың қалып­тасуына ықпал етті.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Қазақ­станның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубә­кіров биыл 80 жасқа толады. Ол 1946 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол өз ерлігімен, қайсар мінезімен және кәсіби біліктілігімен тәуелсіз Қазақстанды ғарыш­тық держава ретінде танытып, ұлттық ғылым мен авиация саласының дамуына зор серпін берді.

Сахи Романов – Қазақстан бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, халық суретшісі, кино суретшісі және график. 1 тамызда суретшінің туғанына жаңа леп әкеліп, көптеген фильмнің көркемдік стилін қал­ып­тастырды. Романовтың шығармашылық мұрасы қазақ өнер тарихындағы кәсіби шеберліктің биік үлгісі болып саналады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф, ұлттық мәдени мұраны қайта жаңғырту ісінің көшбасшысы – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол тарихи жәдігер­лерді сақтап, киелеу, ұлттық салт-дәстүрді жандандыру бағытында үлкен еңбек атқар­ды. Жәнібековтің қызметі қазақ руханияты мен мәдениетінің жаңару дәуірінің негізін қалаған ерекше феномен саналады. Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайрат­кері­нің туғанына 95 жыл толады. 

2 қазанда Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толады. Қазақ киносы­ның алтын қорын қалыптастырған көрнекті ре­жиссер, «Менің атым – Қожа» секілді ұлт мәдениетінің асыл мұрасына айналған фильм­дердің авторы. Оның шығармалары қазақ баласының рухани әлемін, адамдық қасиеттерін терең ашып, ұлттық кине­мато­графияның көркемдік деңгейін айқындады. 

Биыл Сайын Мұратбековтің туғаны­на –  90 жыл. Ол 1936 жылы Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған. Халыққа жақын лирика­лық прозасымен танылған жазушы, аудармашы, еңбек сіңірген қайраткер. Оның адам жанының терең қат­парларын аша білетін әңгімелері мен хикаят­тары қазақ әдебиетіне ерекше нә­зіктік пен көркемдік серпін әкелді. Шын­айылыққа толы кейіп­керлері арқылы ол қа­зақ про­засының ұлттық болмы­сын айшықтап, әде­б­иеттің сүйікті классигіне айналды.

Қазақ даласындағы алғашқы мек­тептердің негізін қалаған ағар­тушы, педа­г­ог, жазушы, этнограф әрі фолькл­ортанушы Ыбырай Алтын­сарин білімді халықтың болашаққа апарар басты күш деп танып, жаңа оқу жүйесін енгізді, оқулықтар жазып, балалар әдебиетінің іргесін қалады. Алтын­сариннің ағартушы­лық мұрасы – ұлтты өркениетке жетелеген жарық жол. Биыл ағартушының 185 жыл­дығы тойланады.

Жақып Ақбаев – қоғам қайраткері, заңгер және Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Ол қазақ халқының құқықтық са­на­сын дамытуға, отарлық қысым жағ­дайында әділдік пен бостандық идеясын қорғауға барын салды. 7 қарашада туғанына 150 жыл толады. Күрескердің өмір жолы ұлттық құқықтық ойдың қалыптасуындағы тарихи кезеңнің айқын белгісі ретінде есте қалды.

Манаш Қозыбаев – Қазақстандағы ғылыми тарихнаманың негізін қалаған көр­некті тарихшы, профессор, академик. Биыл туғанына 95 жыл. Ғалым ХХ ғасырда­ғы қазақ тарихын терең зерттеп, ұлттық сана­ның жаңғыруына елеулі үлес қосты. Оның еңбектері бүгінгі зерттеушілер үшін қымбат қазына іспеттес.

Қазақ фольклортану ғылымының ірге­тасын қалаған көрнекті этнограф, фольк­л­оршы Әбубәкір Ахметжанұлы ел ішіндегі жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер мен жыр үлгілерін жүйелеп жинап, халық шы­ғар­машылығын ғылыми айналымға енгізді. 19 желтоқсанда 170 жылдық мерей­тойы аталып өтеді. Ол қазақ этнографиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты және ұлттың рухани жады мен мәдени болмысын сақтау ісінде ерекше маңызға ие болды.

Әбікен Бектұров – техника ғылым­дарының докторы, профессор, ҰҒА акаде­мигі, химия саласындағы көрнекті ғалым. 1901 жылы 25 желтоқсанда Баянауылда туған. Ол Қазақстандағы химиялық зерт­теулердің ғылыми негізін қалыптастырып, өндірістік технологияларды жетілдіру бағытында іргелі еңбектер жазды. Оның шығармашылық жолы елдің ғылыми дамуына айрықша серпін берді. Ғалымның туғанына – биыл 125 жыл.

Сондай-ақ  биылғы жылы атап өтілетін мерекелік күндердің де орны бөлек. Мәсе­лен, биыл Семей ядролық сынақ полиг­он­ының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл тарихи шешім 1991 жылы қабылданып,  Қазақстанның ядролық қарусыздану жол­ын­дағы батыл қадамы болып, әлемдік қауіп­сіздікке елеулі үлес қосты. Полигон­ның жабылуы қазақ халқының ұзақ жылдар бойғы қасіретіне нүкте қойып, жаһандық бейбітшілікке бағытталған жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.

1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілген еді. Бұл тарихи өзгерістің бол­ғанына 35 жыл толады. Бұл шешім елдің саяси егемендігі мен ұлттық мемлекетті­лігінің жаңаша қалыптасуын айқындаған маңызды кезең еді. Мемлекет атауының өзгеруі тәуелсіздікке бет алған жаңа тарихи дәуірдің символы болды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады. Қазақ жастарының әділдік пен ұлт намысын қорғау жолындағы бұл көте­рілісі ел тарихында азаттыққа бастар рухты оятқан оқиға ретінде есте қалды. Желтоқсан тәуелсіздікке жеткізген қайсарлықтың және ұлттық жігердің айқын көрінісі болып саналады.

16 желтоқсанда тағы бір айтулы дата бар. Ол – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы. Бұл тарихи шешімнің қабыл­данғанына да 35 жыл толады. Бұл күннің мәні бөлек: Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарих сахнасына шыққан күн. Бұл – елдің саяси еркіндікке қол жеткізіп, халық­аралық қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде мойындалған тарихи белесі.

Қазақ үшін  бұл  мерейлі жылдардың мәртебесі де айрықша. Есте қаларлық еңбегімен елге үлге болған жандардың мерекесін атап өту де жұртшылық үшін мәні де, маңызы да зор. 

Айна ХАСАН,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ