Атақты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (GGG) 2025 жылдың соңында World Boxing ұйымының президенті болып сайланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейін ол ұйымның Олимпиадалық комиссиясын басқарған еді.
– Мен сөзден гөрі іске жақын адаммын. Биыл ұйым мүшелерімен тұрақты байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Бірлесіп, World Boxing ұйымының орнықты әрі табысты болашағына берік негіз қалаймыз деп сенемін. Баршаңызға бірлігі берік, жемісті 2026 жыл тілеймін. Бұл жыл қарқынды еңбек, нақты ілгерілеу мен ортақ жетістіктер жылы болуға тиіс, – деді Головкин.
Головкиннің айтуынша, ұйым жұмысының басты назарында – спортшылар. Алдағы уақытта World Boxing олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, физикалық және психологиялық саулығына, сондай-ақ өкілдік құрылымдарға қатысуына баса мән беретін болады.