Ақтауда мысық балаларымен бірге тұрған отбасын өрттен құтқарып қалды. Өрт жылытқышты дұрыс пайдаланбау салдарынан шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Ақтаудың 4-шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде таңғы ерте уақытта болған. Өрт кезінде анасы мен екі бала мысықтың арқасында дер кезінде оянып, отты өз күшімен сөндірген.
Үй тұрғындарының айтуынша, өрттің шығуына жылытқышты қауіпсіздік талаптарын сақтамай қолдану себеп болған. Әйел балаларға қауіпсіздік ережелерін бірнеше рет түсіндіргеніне қарамастан, кіші баласы жылытқышты өз бетімен қосып жіберген.
"Жылытқыштарды ұзартқыш арқылы қосуға болмайды. Мұны бәрі бірдей біле бермейді, алайда бұл – өрт қауіпсіздігінің ең алғашқы талаптарының бірі. Ұзартқыштың сымы мұндай қуатты электр құралдарына арналмаған. Балалар электр есептегішіндегі негізгі ажыратқышты тауып, жарықты сөндірген. Киініп үлгерместен отты сумен өшірдік. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, алайда мүліктің бір бөлігі бүлінген", – дейді үй иесі.