Банктерге банкоматтағы бейнебақылау жазбаларын кемінде 6 ай сақтау міндеттелді.
Енді банкоматтан қолма-қол ақша алғандарға бақылау күшейеді
6,812
оқылды

2026 жылдан бастап Қазақстанда банкоматтар арқылы жасалатын қолма-қол ақша операцияларына бақылау күшейтіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Банктерге банкоматтағы бейнебақылау жазбаларын кемінде 6 ай сақтау міндеттелді. Бұл шешімді Қаржы мониторингі агенттігі қабылдады. Себебі банкоматтар әлі де күмәнді қаржы схемаларында ақша айналымының негізгі арнасы болып отыр. Мәселен, 2025 жылы күдікті жолмен 13,3 триллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, мұндай операциялар жиі анонимді түрде, басқа адамдардың карталарын пайдаланып жүргізіледі. Сондықтан банктер видеожазбаларды сақтаумен қатар, болашақта биометриялық сәйкестендіру жүйелерін – бет-әлпетін немесе саусақ ізін тану тәсілдерін енгізуі мүмкін.

Жаңа талаптар қоғамда алаңдаушылық тудырғанымен, Мемлекеттік кірістер комитеті банкомат арқылы шотты толтыру, жалақы мен әлеуметтік төлемдер, депозиттен ақша аудару немесе туыстар арасындағы қарапайым аударымдар салықтық бақылауға жатпайтынын нақты түсіндірді.