Жұмыс сапары аясында жергілікті өндірістің әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәжіліс депутаттары Жетісу өңіріндегі кәсіпорындардың жұмысымен танысты
134
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Жетісу облысындағы стратегиялық маңызы бар өндіріс орындарын аралады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жұмыс сапары аясында жергілікті өндірістің әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Депутаттар барған нысандардың бірі – 2018 жылдан бері электр сымдары мен кабель өнімдерін шығарып келе жатқан «Талдықорған Кабель» кәсіпорны. Бүгінде зауытта 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек отандық өндірістің ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.

– Мұндай кәсіпорындар – өңір экономикасының тірегі. Отандық өндірістің дамуы импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін ең бастысы – нақты өнім шығарып, елдің сұранысын қамтамасыз етіп отырған зауыттарды қолдау. Жетісудағы өндіріс орындары осы талаптарға толық жауап береді – деді Болат Керімбек.

Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, өндірістік инфрақұрылымды дамыту – өңірлердің тұрақты өсімін қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі болып отыр. Оның пікірінше, жаңа өндіріс орындарының ашылуы экономиканы әртараптандырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Депутат Жетісу облысында іске асырылып жатқан жобаларды осының нақты дәлелі ретінде атап өтті.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Жетісу облысы бойынша жоспарланған 89 іс-шараның бүгінгі таңда 84-і толық орындалған. Соңғы жылдары өңірде 15 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 2 кәсіпорынның өндірістік қуаты артты. Сонымен қатар 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 988 жаңа жұмыс орны ашылды.

Талдықорған қаласында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11 айдың қорытындысы бойынша 6,5%-ға өсіп, 166,4 млрд теңгені құрады. Ал 2022-2024 жылдар аралығында Жетісу облысына жалпы көлемі 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, оның 809 млрд теңгесі жеке инвестициялар үлесіне тиесілі болды. Аталған кезеңде өңірде 3,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды.