Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Снежанна Имашева цифрлық дамудың маңызды алаңы саналатын Batys Hub инновациялық орталығының ұжымымен кездесіп, цифрландырудың өңірдің дамуына тигізер ықпалын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Batys Hub – Батыс Қазақстан өңірінде цифрлық дағдыларды дамытуға, стартаптарды қолдауға және қуатты IT-қоғамдастық қалыптастыруға бағытталған аймақтық инновациялық орталық. Хаб жаңа технологиялық жобалардың пайда болуына серпін беріп, цифрлық кәсіпкерліктің дамуына қолайлы экожүйе қалыптастырады.

Кездесу барысында депутат орталықтың қызметімен жан-жақты танысып, цифрландырудың өңір дамуына тигізер ықпалына ерекше тоқталды. Ол Batys Hub базасында жүзеге асырылып жатқан жобалардың аймақ экономикасын әртараптандыруға, жастардың заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруіне және инновациялық бастамалардың кеңінен қолдау табуына ықпал ететінін атап өтті.

– Batys Hub – цифрландыру дәуіріндегі аса маңызды нысандардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, биылғы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Онлайн төлемдер мен цифрлық қызметтер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай орталықтар денсаулық сақтау, білім беру және өзге де салалардағы көптеген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді, – деді Снежанна Имашева.
Сонымен қатар депутат өңірдегі инновациялық бастамалардың маңызын атап өтіп, мұндай орталықтар елдің технологиялық әлеуетін арттыруға және жастардың заманауи салаларда дамуына жол ашатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, жуырда Мәжілісте Цифрлық кодекс қабылданып, ол елдегі цифрландыру үдерістерін жүйелеуге, цифрлық технологияларды дамытуға және жасанды интеллектіні енгізуге арналған құқықтық негізді қалыптастырды. Аталған құжат деректерді қорғау, цифрлық қызметтерді реттеу, инновациялық жобаларды қолдау және IT-кәсіпкерлікті дамыту бағыттарын қамти отырып, өңірлердегі цифрлық экожүйелердің, соның ішінде Batys Hub сынды инновациялық орталықтардың тиімді жұмыс істеуіне жол ашады.