Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.
Мемлекет басшысы АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамотасын қабылдады
Фото: Ақорда
780
оқылды

Ақорда резиденциясында АҚШ елшісі Джули Стаффт пен Болгария елшісі Георги Воденскидің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты. 

– Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Саяси, сондай-ақ экономикалық бағыттағы ықпалдастық аясын кеңейту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды. 

– Президент Дональд Трамп мырзамен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргіздік. Таяуда біз телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастығымызға қатысты көптеген мәселені талқыладық. Мені жыл соңында Құрама Штаттарда өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтамын. Біз көптеген саладағы стратегиялық серіктестігімізді дамытып, нығайтуға күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.