Мен бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстанда қызмет ету – мен үшін зор мәртебе. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тарихи тамыры терең. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі және бүгінде біздің серіктестігіміз бұрын-соңды болмаған деңгейде нығая түсті.
Қазіргі таңда екі ел арасында түрлі форматта тығыз байланыс орнаған. Мәдениет саласында маңызды келісімдерге қол жеткіздік, адамдар арасында белсенді өзара іс-қимыл қалыптасып, сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз тұрақты түрде өркендеуде. Біз бұл байланыстарды одан әрі кеңейтіп, екі ел арасындағы достықты тереңдетіп жатқанымызға қуаныштымыз. Қазақстан мен АҚШ барлық негізгі сала бойынша толыққанды серіктестік орнатып, ынтымақтастық бұрынғыдан да қарқынды дамып келеді.
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп өзара тығыз әрі тұрақты қарым-қатынас орнатқан. Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айында Вашингтонға сапармен барды. Оған қоса, жақында ғана Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, маңызды мәселелерді талқылаған болатын. Жуырда Америка Құрама Штаттарына тағы баруды жоспарлап отыр. Осылайша, екі елдің арасындағы қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды түрде дами береді деп сенеміз.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, сенім грамотасын табыстап, екіжақты байланыстың басым бағыттарын талқыладық. Бұл ретте бізге президент Дональд Трамп толықтай қолдау көрсетеді. Екі мемлекет басшысының көмегімен өзара ынтымақтастығымызды кеңейтуге аса ықыластымын. Қазақстан Президентімен және оның командасымен өте мазмұнды, достық ахуалда кездесу өтті. Сонымен қатар кеше Сыртқы істер министрімен келіссөз жүргіздім. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысын сауда-экономика, мәдениет, қорғаныс және гуманитарлық салалардағы байланысымызды нығайтуға, екі ел халқының арасын жақындатуға қолдануымыз қажет. Бұл жұмыс қазірден басталып кетті.
Ресми қызметімнен бөлек, отбасыммен бірге осынау тамаша елмен жете танысқымыз келеді. Қазақстандықтармен араласып, елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақынырақ білуге ниеттіміз. Сондықтан Қазақстанға келгенімізге шын жүректен қуаныштымыз.
Джули СТАФФТ,
АҚШ елшісі