Сонымен бірге Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі де үлкен өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл салада терең реформаларды әзірлеп жатыр. Бұл бетбұрыс ертең ел тізгінін өз қолына алар жас ұрпаққа қандай жаңалықтар әкелмек? Жаңа реформа неге бағытталған?
Енді бірер күннен кейін университетке түсуге деген қызығушылығы, білімге деген талпынысы, ғылымға деген құштарлығы, жаңа технологияларды меңгеруге деген қабілеті бар жастардың көңілін толқытатын, арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарын іріктейтін науқан басталады. 2026 жылғы қысқы ҰБТ 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтпек.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа жылдың басында ұйымдастыратын бұл тестілеуде бағын сынағысы келетіндерден өтініш қабылдаудың аяқталғанын жариялады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізілді. Жалпы саны 187 мыңға жуық адам ҰБТ сынағын тапсыруға бел буыпты. Бұл 2024 жылға қарағанда 20 мыңға көп!
Бұл жолғы бір жаңашылдық: талапкерлер өтініш беру барысында тестілеуге қатысатын күнін, уақытын және өту пунктін өзі таңдаған. Тағы бір жеңілдік: ҰБТ барысында калькуляторды, химиялық элементтердің периодтық жүйесін, тұздардың ерігіштік кестесін пайдалануға рұқсат етілді. Сондай-ақ тапсырушылар тестілеу аяқталған соң 30 минут ішінде, яғни егжей-тегжейі ұмытылып қалмай тұрғанда өз жауаптарының дұрыстығын дәлелдеп, апелляцияға өтініш бере алады. Мұндай өтініш бергендердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
Жоғарғы білім ведомствосы қадап айтты: 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады! Талапкерлер 3 міндетті пәнді және таңдауы бойынша 2 бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша – 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінің әрқайсысынан 10 тапсырмадан, сондай-ақ 2 бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермеді және 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты – 4 сағатқа (240 минутқа) созылады. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут қосып береді. Министрліктің мәліметі бойынша 2026 жылғы қаңтар-ақпандағы ҰБТ-ға бұған дейін шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, жазғы негізгі ҰБТ нәтижесінде шекті балл жинамағандар, шығармашылық білім беру бағдарламалары топтарынан (ББТ) ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, былтырғы мектеп, колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес қандастар, соның ішінде жатжұртта тұратындар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ енді мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында байқау сынақтары іске қосылды. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланды. Атап айтқанда, ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалардың тізбесі орналастырылған.
Министрліктің көксегені не?
Әйткенмен, алдағы жылдары ҰБТ қазіргі күйде қалатынына министрлік кепілдік бермейді. оқу жылы басталғалы, былтырғы қыркүйектен бері Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистермен әңгімесінде де, жұрт алдындағы сөз сөйлеулерінде де Ұлттық бірыңғай тестілеудің қатты өзгеріске түсетінін қайталаудан жалықпады. Ел министрдің ұстанымындағы өзгерісті динамикада бақылады. Біріншіден, 2025 жылғы 26 қыркүйекте С.Нұрбек ҰБТ қазіргі күйде қалмайтынын, ол болашақта АҚШ жоғары оқу орындарына түсуге арналған SAT сынағына ұқсас жаңа форматқа ауысатынын жария етті.
– Бірден басу айтқым келеді: ҰБТ-ны тез ауыстырып тастамаймыз. 2026 жылы ол бұрынғы форматында қалады. Себебі бұл тым сезімтал, әлеуметтік кернеу туғызуы мүмкін мәселе. Сонда не болады? Қазір үлкен бесжылдық жоспар әзірлеп жатырмыз. Яғни, бұл ұзақмерзімді әрі кезең-кезеңмен жүзеге асатын жоспар болады. Бірінші кезеңде біздің тестологтар тобы жаһандық атағы бар ETS компаниясында оқудан өтеді. Алғашқы қызметкеріміз бүгінде Америкада, Принстондағы кампуста тұрып жатыр. Бұл – әлемдегі мықты тест құрастырушы компаниялардың бірі. SAT, TOEF, LGR және басқа негізгі сынақ жүйелерін сол дайындаған, – деді министр.
Оның айтуынша, екінші кезеңде шетелде оқып, білімін жетілдіріп қайтқан қазақстандық тестологтар жыл бойы ETS компаниясының көмегімен қазақстандық жастарға арналған тесттерді және әдістемелерді әзірлейді. Бірақ ұзақ жыл бойы жетілдіріліп, кемеліне келтірілді делінген ҰБТ-дан шенеуніктер неге бас тартпақ? 2025 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия және Өзбекстанның университеттері Қазақстанда 33 филиалын ашыпты. Олар ҰБТ-ны мойындамайды екен.
– Көптеген шетелдік, халықаралық ЖОО-лар республикамызда бөлімшелерін ашты. Алайда олар ҰБТ нәтижелерін халықаралық, авторизацияланған, сертификатталған тест ретінде қабылдамайды. Біздің талапкерлеріміз, жастарымыз ҰБТ тапсыруға дайындалады, жақсы тапсырып, сертификат алады. Бірақ содан соң шетелге оқуға түскісі келсе, түсе алмайды: біздің тестілеуді өзге елдер мойындамайды! Біз ҰБТ-ны түпкілікті өзгертіп, оны халықаралық placement test-ке, яғни шетелдік жетекші университеттерге түсуге арналған тестке айналдыруға ниеттіміз. Тиісті моделі жасалады, – деді Саясат Нұрбек.
Жоғары білім министрінің пайымдауынша, бұл реформа бірден 2 проблеманы шешіп береді. Бірінші мәселе – сапа. ҰБТ сапасына қатысты әлі күнге көп сын естиміз. ETS компаниясы мұны әдіснамалық тұрғыдан түзетеді. Модель шетелдік болғанымен, оның бірыңғай, авторизацияланған әдіснамасын ЕТС сертификаттаған жергілікті тестологтар әзірлейді. Түйінін тарқатқалы тұрған тағы бір түйткіл – ҰБТ бір елмен тұйықталмай, халықаралық тестілеуге айналады. Бәрі дұрыс жасалса, түлектер жаңа ҰБТ сертификатымен дүниежүзіндегі кез келген университетке түсе алады екен.
Министр бертінде, қарашадағы мәлімдемелерінде жаңа реформасының жаңа жай-жапсарын жариялады. Мысалы, оның пікірінше, ҰБТ тапсыру үшін түлектер дайын жауаптардың бірін дұрыс анықтап, дұрыс бояуға үйренеді. Осы мақсатта мектеп бітірушілер тарихи даталарды, тестілеудің дайын жауаптарын жаттаумен айналысады. Жаңа модельде болашақ студенттердің білімі ғана емес, сондай-ақ психологиялық ерекшеліктері, оқуға түсуге дайындығы, сындарлы ойлау қабілеті, жаңа білімге, дағды-машыққа бейімделу әлеуеті бағамдалады. Өйткені Саясат Нұрбек еңбек нарығы өзгеріп жатқанын, ЖОО бітірушілер де жаңа жағдайларға лайық болуға тиістігін тілге тиек етті.
Қоғам сынына құлақ аса ма?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұл бастамасы қоғамда өткір сын туғызды. Пікір білдірушілер жаңа модель кеңес заманында болған жүйеге қайта оралуға ұқсайтынына назар аудартты. Себебі министр Нұрбек тізбелеген қабілеттерді анықтау үшін тестілеу сыртында емтиханды енгізу керек болады. Демек, оқуға түсу ісіне қайтадан адами фактор араласады. КСРО кезінде болғандай, университеттердегі емтихан қабылдаушы комиссиялардың ала қол, ниеті қарау мүшелері аузын майлаған, пара берген студенттерді немесе «блаты» бар шенді-шекпендінің баласын бірінші өткізіп, басқасын құлатуы ықтимал.
Мұның сыртында жаңа модельді әлем тануы үшін бірінші орынға ағылшын тілінен сынақ қойылуға тиіс. Онсыз ҰБТ нәтижелерін әрі қарай да бірде-бір шетелдік ЖОО қабылдамайды. Алайда бұл жағдайда ауыл түлектері, сондай-ақ ағылшын тіліне шорқақ қала жастары үшін шетелдік түгіл отандық университеттерге түсуге жол жабылады. Өйткені басқа пәндерден жоғары балл алғанымен, ағылшыншадан сүрінеді.
Бұған қоса, Саясат Нұрбектің жатжұрттардағы оқу орнына түскісі келетіндер үшін сонша уайымдағаны бекер болып шықты. UNESCO ақпаратына сілтемеме жасаған «Ел жастары» ұйымының дерегі бойынша қазір Қазақстанның 100 мыңнан да аз жас азаматы шетелде оқып жатыр. 2025 жылы 14-34 жастағы қазақстандықтардың саны 5,9 миллионнан асыпты. Яғни, қазақстандық жастардың бар-жоғы 1,6%-дайы шетелде оқиды.
Қоғамның сыны батса керек, жыл соңында Ғылым және жоғары білім министрі ҰБТ-ға қатысты ұстанымын жұмсартты. Жаңа тоқтамы бойынша Қазақстанда Бірыңғай ұлттық тестілеудің жаңа форматы бәрібір пайда болады. Бірақ талапкерлерге таңдау беріледі: дәстүрлі ҰБТ-ны тапсырып, отандық ЖОО-ларға ғана түсе ме, әлде шетелде мойындалатын жаңа тестілеуден өте ме, өзі біледі.
Саясат Нұрбектің хабарлауынша, бұл жоба әлі әзірлеу сатысында тұр. нақты мерзімдері бекітілген жоқ. Алдын ала жоспары бойынша жаңа тесттерді дайындауға ең кемі бір жыл кетуі және ол 2027 жылдан кейін енгізіле бастауы мүмкін. Министр болашақта ескі ҰБТ-ға деген қажеттілік қалмайды, жастардың көбі жаңа модельді таңдайды деп үміттенеді.
Ведомство бізге жауабында 2025 жылғы 21 қыркүйекте, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдағанын еске салды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды. Президенттің мәлімдеуінше, Қазақстан америкалық бұл компанияның білім беру жүйесіндегі тәжірибесін зерделеуге және пайдалануға қызығушылық танытып отыр.
«21 қазан мен 1 қараша аралығында Астанаға ETS-тің бірнеше жұмыс тобы келіп кетті. Оның барысында біздің министрлік пен Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) базасындағы ары қарайғы эксперттік жұмыстар мен стратегиялық кездесулерді қамтитын іс-шаралардың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылды», – деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Сондай-ақ ҰБТ-ны жаңғырту бойынша кері байланысты орнату үшін басқа мүдделі тараптармен, соның ішінде шетелдік университеттердің филиалдарымен келіссөздер жүргізіліпті.
«ETS ұсынған формат тек Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарында өткізілетін емтихандар үшін пайдаланылады деп жоспарланды. Талқыланып жатқан жоба аясында талапкерлердің сыни ойлау, академиялық хат жазу, зерттеу дағдылары, коммуникация, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық сауаттылық және креативті ойлау сияқты дағдыларын бағалау қарастырылады. Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының қалған персоналын әрі қарай оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында шамамен 30 қызметкерді – әзірлеушілер мен эксперттерді оқыту көзделген», – делінген министрліктің түсініктемесінде.
Ведомство 2026 жылы ҰБТ форматы өзгермейтінін – ол отандық ЖОО-ларға түсуі үшін толық сақталатынын тағы да нықтады. Жоғары білім министрлігі америкалық ETS жасаған жаңа формат сарапшылар қауымдастығымен одан әрі талқыға салынатынына уәде етті.
Елдос СЕНБАЙ