Жаңа туған сәби бір жағынан шексіз қуаныш болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Ұйқысыз түндер, үзіліссіз күтім, нәрестенің денсаулығын бақылау – осының бәрі ата-анадан шыдам мен күш талап етеді. Дегенмен, технологияның дамуы арқасында күнделікті міндеттерді жеңілдететін гаджеттер пайда болып жатыр.
Сәби күтіміне көмектесетін құрылғылар
352
оқылды

Қазір заманауи құрылғылар ата-ананың өмірін ыңғайлы етіп, нәрестеге жайлы жағдай жасауға көмектеседі. Мақаламызда жаңа туған сәбилерге күтім жасауды жеңілдететін ең пайдалы гаджет­терді ұсынамыз. 

Видео-бала күтуші

Радио-бала күтуші (радио­няня) ата-аналарға баланың бөлмесінен шыққан кезде де оны бақылауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғы дыбыс арқылы сәбидің жағдайын хабарлап отырады. Видеоняня тек дыбыспен емес, бейне арқылы да жағдайды көрсетеді, осылайша балаңыздың көңіл күйін, қозға­лысын және ұйықтап жатқанын нақты көре аласыз. 

Оның бірнеше мүмкіндігін айта кеткеніміз жөн. Әуелгісі дыбысты анықтау жүйесін, яғни жылау мен күлкіні ажырата алады. Екіншіден, жарықдиодты шамдар мен тыныштандыратын әуендер арқылы баланы ұйықтатуға кө­мек­теседі. Тағы да бөлмедегі тем­пература мен ылғалдылықты ба­қы­лап, шектен тыс болған жағ­­дай­да ескертеді.

Тыныс алу мониторы

Жаңа туған сәбидің тыныс алуын бақылап отыру әрқашан маңызды. Ал бұл жас ата-ананы алаңдататыны сөзсіз. Тыныс алу мониторы матрастың астына қойылып, нәрестенің қозғалысын және тынысын сезеді. Егер тыныс алу жиілігі қалыптан тыс болса, құрылғы дереу сигнал береді, осылайша монитор кез келген қауіпті жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Артықшылықтары ретінде түнгі уақытта ата-аналар баланың тынысын алаңсыз бақылап отыра алады. Кейбір үлгілері нәрестенің өсуін, салмағын және қозғалыс белсенділігін де тіркеп, толық ақпарат бере алады.

Нәрестенің қызуын өлшейтін емізік

Жаңа туған сәбидің дене қыз­уын өлшеу жиі қиындық туды­рады. Қолтығына термометр қыстырған сәбиді тыныш жатқызу кейде мүмкін емес. Сондықтан арнайы дисплейі бар емізік-тер­мометр ең ыңғайлы шешімдердің бірі болып отыр. Бұл гаджет нә­рес­тенің дене қызуын үздіксіз бақылайды және егер температура қалыпты деңгейден асып кетсе, дереу ескерту береді.

Ақылды бөтелке жылытқыш

Мамандардың айтуынша, нәрестені тамақтандыру кезінде сүттің немесе судың дұрыс тем­пературада болуын қадағалау керек. Ақылды бөтелке жылыт­қыштар осы мәселені шешуге арналған. Олар сұйықтықты 3-5 минут ішінде қажетті темпера­тураға дейін жылытып, тамақтан­дыруды жылдам әрі қауіпсіз етеді.

Оның артықшылықтары көп. Сүтті біркелкі қыздырып, артық ыстықтан сақтайды. Кейбір мо­дельдер түнгі уақытқа арналған тай­мермен жабдықталған: белгі­ленген уақытта өздігінен іске қо­сылып, сәбидің тамағын алдын ала дайындап қояды. Тамақ­тандыру процесін жылдамдатып, ата-ананың уақытын үнемдейді.

Электронды бесік

Электронды бесік – ата-аналардың демалуына мүмкіндік беретін құрылғы. Бұл гаджет баланы автоматты түрде тербетіп, тыныштандыратын әуен қосады. Бесікте бірнеше тербеліс режимі бар. Одан бөлек, бөбекті тыныш­тандыратын жайлы және көңілді көтеретін ойнақы әртүрлі әуен жинақталған. Қашықтан басқару және таймер қосу мүмкіндігін де осы бесіктен таба аласыз. 

Ақылды түнгі шам

Мұндай шамдар баланың ұйқыға тезірек кетуіне көмек­теседі. Жарық жұмсақ әрі жағым­ды болғандықтан, нәресте өзін қауіпсіз, жайлы сезінеді. 

Мүмкіндіктері мол, әуен ойнату және ертегі айту, проекция арқылы төбеге жұлдызды аспан немесе әдемі суреттер шығару 

Жөргек утилизациялайтын шелек

Пайдаланылған жөргекті жай қоқыс шелегіне тастау көп ата-ана үшін ыңғайсыздық тудырады. Жөргек тез иістеніп, бөлмедегі ауаны ластайды. Сондықтан жаңадан шыққан қолданылған жөргектерге арналған қоқыс шелегі ерекше ыңғайлы шешім болып отыр. Бұл құрылғы жөр­гекті автоматты түрде сығымдап, кішірейтіп, жеке целлофан қал­тамен герметикалық түрде орап-қаптайды, осылайша иіс бөлмеге шықпайды. 

Бұл шелектің бірден-бір ар­тық­шылығы иісті тиімді түрде жояды, бөлмені таза ұстайды. Кейбір модельдер бактерияға қарсы қасиетке ие, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Ауа ылғалдандырғыш

Бала бөлмесіндегі ауа ылғал­дылығының дұрыс деңгейде бо­луы – нәрестенің тыныс алу жолдарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Арнайы балалар бөл­месіне арналған ауа ылғалдан­дырғыштар бөлмедегі ауаның ыл­ғалдылығын тұрақты ұстап, шаң мен құрғақтықтан қорғауға көмектеседі.

Артықшылықтарына мыналар жатады: кейбір үлгілерде ауа тазарту және иондау функциялары бар, бұл бөлмедегі шаң мен аллергендерді азайтады. Балаларға арналған арнайы дизайндармен қауіпсіз және эстетикалық жа­салады.

Балалар тағамын дайындайтын құрылғы

Баланың дұрыс тамақтануы ең бірінші кезекте тұрары анық. Балаға тамақты өздігінен жасай­тын құрылғылар қазір кеңінен таралуда. Арнайы балалар таға­мын дайындайтын смарт-блен­дерлер азық-түлікті бумен пісіріп, қажетті консистенцияға дейін араластырады. Бұл құ­рылғылар арқылы баланың тамағы тез әрі қауіпсіз дайын­далады.

Бұл, біріншіден, уақытты үнем­дейді, тағамды тез әрі ыңғай­лы дайындауға мүмкіндік береді. Екіншіден, тамақты дұрыс тамақ­тану ережелеріне сай әзірлеп, баланың денсаулығына пайдалы етеді. Үшіншіден, тамақ консис­тенциясын біркелкі жасап, нәрес­теге оңай сіңірілуін қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, заманауи гаджеттер жаңа туған нәрестемен өмірді айтарлықтай жеңілдетеді. Олар ата-аналардың күнделікті міндеттерін оңайлатып, уақыт үнем­деуге көмектеседі, ал нәрес­теге жайлы және қауіпсіз орта жасайды. Мұндай технологиялық құралдарды пайдалану арқылы ата-ана өз күшін тиімді басқара отырып, баласының қажеттілігін қадағалай алады. Ал күнделікті күтім мен бақылау бұрынғыдан әлдеқайда қарапайым әрі ыңғайлы болмақ. 

Арлан АМАН