2025 жылдың желтоқсанында радиохирургиялық емдеуге, яғни, гамма-пышақ пен кибер-пышақ арқылы ісікке қарсы жасалатын оталар үшін зейнетақы төлемін пайдалану күрт артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бір ғана айда 7154 өтінім мақұлданып, жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгені құрады. Бұл — осы бағыттағы алдыңғы барлық айлық көрсеткіштерден ондаған есе көп.
Мұндай жаппай өтінімдер бірінші рет емес. Бұған дейін халық пластикалық және көзге жасалатын операциялар үшін зейнетақы жинағын белсенді пайдалана бастаған еді. Қарашада пластикалық операция үшін 2277 өтінім берілсе, қазан айында көз ауруларын емдеу үшін 15 мыңнан астам өтінім тіркеліп, рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Осыдан кейін «Отбасы банк» мұндай қызмет түрлеріне төлем қабылдауды тоқтатты.
Дәл осындай үрдіс радиохирургия саласында да байқалып отыр. Мамандар бұл тенденцияны алаңдатарлық деп бағалауда, өйткені халық зейнетақы жинағын денсаулық мәселелерін шешудің жалғыз жолы ретінде қарастырып отыр.