Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне серпін берер маңызды пікірлерге толы болды.
Жаңғыру бағдарымыз айқын
113
оқылды

Әсіресе, Президенттің салық жүйесіне қатысты айтқан тұстары назар аударуға тұрарлық.

Президент әділ салық саясатын қа­­­лыптастыру – тұрақты дамудың негізі екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Қазіргі кезде салық жүйесін оңтайландыру, цифрландыру және көлеңкелі экономиканы азайту – уақыт талабы. Мемлекет басшысы бұл мәселеде ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Президенттің сөзі салық саясатының қоғам мүддесіне сай жаңғыруға тиіс екенін көрсетті. Ендігі кезекте нақты қадамдар мен жүйелі реформа қажет. Халықпен кері байланыс орнатып, тиімді әрі әділ салық жүйесін құру  жаңа экономикалық үлгінің өзегі болуға тиіс.

Әсіресе, көп табыс табатын азаматтар­дың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігі туралы пікірі қоғамда қызу тал­қыланып жатыр. Бұл – табысы жоғары мен төмен топтар арасындағы алшақтықты қысқартып, әлеуметтік теңгерімді қам­тамасыз етудің бір жолы. Сұхбат барысында салық саласындағы реформаға, эконо­микалық, энергетикалық және коммунал­дық секторларға, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм,  жасанды интеллектінің дамуы мен цифрландыру мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар ядролық энергетика, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет, қарулы күштердегі ахуал, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты өзекті сұрақтарға жауап беріле отырып, алдағы кезеңінің мәні мен мазмұны жүйелі түрде түсіндірілді.

Егемендік алған күннен бастап Қазақстан күрделі тарихи кезеңдерден өтті. Тар жол, тайғақ кешуді артқа тастап, мызғымас мемлекеттілік пен біртұтас ұлт ретінде қалыптасты. Осы жолда жеткен жетіс­тіктеріміз – тәуелсіздіктің нақты жемісі.

Президенттің айтуынша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, үлкен жауапкершілік кезеңі. Бұл белес бізден ішкі тұтастықты, әділ қоғамды, тиімді мемлекет құру жолындағы нақты істерді талап етеді. Осы ретте Мемлекет бас­шысы саяси реформаларды жалғас­ты­рып, ұлттық бірегейлікті нығайту, білім, мәдениет, ғылым және экономика сала­ларындағы жаңғыру жұмыстарын күшейту қажеттігін баса айтты. Тарихты ұлықтап, жасампаз болашаққа жол салу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Президент сөзі – елдің даму бағытының тұғырлы бағдары. 

Осы тұрғыда, Мемлекет басшысының жүйелі бастамаларын іс жүзінде орындау бағытында бірлесе еңбек ету – барша­мыздың азаматтық борышымыз.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, 

Сенаттың Конституциялық заңнама,

сот жүйесі және құқық қорғау органдары

комитетінің төрағасы