Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6 087 ауыл ауызсумен толық қамтамасыз етілген.
Президент тапсырмасы: барлық елді мекен 100% сумен қамтамасыз етілді
Фото: primeminister.kz
188
оқылды

Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының толық орындалғаны туралы баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, тапсырманы орындау кезеңінде республикалық бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлініп, 1,6-ден астам жоба жүзеге асырылды, оның ішінде қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан – 132 млрд теңге.

Нәтижесінде, осы қаражатқа 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды. Оған қосымша  жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы ауыл халқының 90%-ы және қала халқының 97,5%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6 087 ауыл ауызсумен толық қамтамасыз етіліп отыр, – деді вице-министр.

Сумен жабдықтау сапасына өз алдына бөлек назар аударылып отыр. Барлығы 9,5 мың шақырым магистральдық желі реконструкцияланып, үлкейтілді, оның ішінде қалаларда – 1,8 шақырым, ауылдарда – 7,7 мың шақырым. Бұл желілердің тозуы деңгейі 38%-ға дейін төмендеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар сумен жабдықтауды және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

2026 жылға жалпы трансферттер аясында 128 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сумен жабдықтауға – 78 млрд теңге, су бұруға 50 млрд теңге бағытталған.

Қосымша жаңғырту жұмыстары Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында несиелік қаражаттар есебінен жүргізілетін болады.