ММА саласындағы америкалық журналист әрі сарапшы Джейден Кейбл қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың (23-3) UFC-дегі болашағына оң көзқарас білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Кейбл Алмабаевты аса жеңіл салмақтағы ең жан-жақты спортшылардың бірі деп атап, оның чемпион болуға толық лайық екенін айтты:
– Қысқаша айтқанда, Асу Алмабаев – дәл қазір осы дивизиондағы ең әмбебап файтер. Ол болашақта UFC чемпионы атанатынына сенімдімін. Манель Капемен болған жекпе-жекте қарсыласы ереже бұзып, бірнеше рет көзін шұқып алды, – деп жазды ол.
Алмабаев келесі жекпе-жегін 28 ақпанда Мехикода өтетін UFC Fight Night турнирінде өткізеді. Қазақстан уақытымен 1 наурызға қараған түні ол UFC-дің бұрынғы чемпионы, жергілікті жұлдыз Брэндон Мореномен (29-3-2) октагонға шығады.
Қазір Асу Алмабаев UFC рейтингінде жетінші орында, ал Морено үздік бестікке енген. Бұл айқас – қазақстандық спортшы үшін титулдық жекпе-жекке жақындай түсудің шешуші кезеңі болмақ.