Кино көріп отырған кезде біз көбіне сюжетті, кейіпкерлерді, диалогтарды аңғарамыз. Бірақ фильм аяқталған соң есте ең алдымен музыка қалатыны жиі байқалады. Адамдар Titanic фильмін түгел қайта айтып бере алмауы мүмкін, бірақ оның негізгі әуенін бірден таниды. Сол сияқты Harry Potter музыкасын естігенде, Хогвартс, сиқырлы әлем, бала кезден таныс атмосфера бірден ойға келеді. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Өйткені кино музыкасы фильмнің ішінде жай ғана фон ретінде емес, мазмұнның өзімен қатар жүреді. Әуен көрініспен бірге жұмыс істейді. Ол оқиғаның бағытын, кейіпкердің күйін көрсетеді. Көрермен музыкаға саналы түрде назар аудармаса да, ми оны автоматты түрде қабылдайды. Сондықтан музыка кадрмен бірге қосарланған дүние ретінде есте қалады.
Тағы бір маңызды жайт, кино музыкасы көбіне қарапайым болып келеді. Онда күрделі құрылымнан гөрі танылатын әуен-саз көбірек қолданылады. Бұл музыка «көрерменді ұстап қалуға» ыңғайлы етеді. Бір-екі рет естігеннен кейін әуен мида сақталып қалады. Сондықтан кино саундтрегі адамның жеке естелігімен байланысып кетеді. Ол тек фильмнің бір бөлігі емес, сол фильм көрген уақыттың белгісіне айналады. Кейін сол әуенді қайта естігенде, адам тек музыканы емес, өз өміріндегі белгілі бір кезеңді де еске түсіреді.
Ғалымдар не дейді?
Адам миы дыбысты сөз сияқты өңдемейді. Сөзді түсіну үшін ойлану керек, ал дыбыс бірден қабылданады. Әуен естілген сәтте ол тікелей есту жүйесіне, одан кейін жады мен эмоцияға жауап беретін аймақтарға өтеді екен.
Сондықтан музыка адамға тез сіңеді, оны «түсінудің» қажеті жоқ.
Музыканың ырғағы мен сол әуеннің қайталануы да үлкен рөл атқарады дейді. Қайталанатын әуен миға таныс болып көріне бастайды. Бірнеше рет естіген соң, ол бейсаналы түрде «бұрын естігенмін» деген белгі алады. Кино саундтректері дәл осы принциппен жазылады. Яғни, негізгі тақырып фильм бойы қайта-қайта оралады. Мида бір әуенге жауап беретін нейрондар бір-бірімен байланыс құрап, әуен неғұрлым жиі қайталанса, сол байланыс соғұрлым мықты болады. Сол себепті кейбір фильм музыкасын жылдар бойы ұмытпаймыз. Ол ми ішінде тұрақты жолға (нейронға) айналып кеткен.
Сонымен қатар, ғалымдар музыка көбіне сезімге жақын рецепторларды да қозғайды деп жазады. Бұл адам өміріндегі естелікті тереңдетеді де, сондықтан жай сөзден гөрі әуен жақсы сақталады. “Бір сөйлем ұмытылуы мүмкін, ал әуен қалуы мүмкін”, – дейді зерттеушілер. Кино көрген кезде бұл әсер күшейеді. Себебі музыка сол сәтте көрініспен, оқиғамен, кейіпкермен бірге беріледі. Ми оны жеке дыбыс емес, «сол сәттің бір бөлігі» ретінде сақтайды да, кейін әуенді қайта естігенде, сол көріністер ойға келеді. Сол үшін кейбір әуендер бір естігеннен кейін-ақ адамға өмір бойы таныс болып қалады.
Музыканың өзі ғана емес, сол көрініс те бірге еске сақталады
Кино көрген кезде адам бір ғана нәрсеге емес, бірнеше нәрсеге бір уақытта назар аударады. Көз экрандағы оқиғаны, адамдарды көреді, ал құлақ музыка мен дыбысты қабылдайды. Ми осының бәрін бөлек-бөлек емес, бір тұтас оқиға ретінде тіркейді. Сол себепті көрініс пен әуен бір-бірінен ажырамай сақталады. Мысалы, Titanic фильміндегі басты музыканы естігенде көп адам теңізді, кемені, Роуз бен Джекті бірден елестетеді. Әуен сол көріністермен бірге миға жазылып қалған. Егер сол музыка жай ғана басқа жерден естілсе де, ми оны бұрынғы фильм кадрларымен бірге қайта шығарады. Бұл қарапайым өмірде де болады. Бір иіс немесе бір дыбыс бұрынғы бір сәтті еске түсіреді. Бірақ кино музыкасы бұдан да күшті, өйткені ол көрініспен, оқиғамен, кейіпкермен қатар жүреді. Әуен сол сәттің белгісіне айналады.
Кино жасаушылар мұны жақсы біледі. Сол үшін олар белгілі бір кейіпкерге немесе жағдайға арнайы музыкалық тақырып береді. Мысалы, Harry Potter фильмінде негізгі кейіпкер шыққанда бір әуен қайта-қайта естіледі. Бұл әуен кейіпкердің «дыбыстық қолтаңбасына» айналады.
Ми мұндай байланыстарды тез үйренеді. Егер бір әуен белгілі бір адаммен немесе оқиғамен бірнеше рет бірге көрсетілсе, олар ажырамас болып кетеді. Кейін сол әуенді естігенде, ми бейсаналы түрде сол кейіпкерді немесе сол сахнаны еске түсіреді.
Осылайша кино музыкасы жай әуен болып қалмайды. Ол фильмнің ішкі картасына айналады. Көрініс пен дыбыс бір-бірін күшейтеді, сондықтан екеуі бірге ұзақ сақталады. Сол үшін біз саундтректі естігенде, фильмді қайта көріп тұрғандай боламыз.
Естен кетпес әуендер
Кино музыкасының неге есте қалатынын ең жақсы түсіндіретін нәрсе – нақты мысалдар. Titanic фильміндегі My Heart Will Go On әуені жай ғана романтикалық ән емес. Ол фильмнің бүкіл идеясына байланған. Кеме, махаббат, жоғалту, үміт – бәрі осы бір мелодия арқылы бірігеді. Сол үшін әуенді естігенде адам фильмді көрмесе де, оның атмосферасын бірден сезеді. Harry Potter фильміндегі Hedwig’s Theme де сондай. Бұл әуен алғаш естілген сәттен бастап сиқырлы әлемнің белгісіне айналды. Ол фильмнің басында, ортасында, соңында әртүрлі нұсқада қайта шығады. Бірде жұмсақ, бірде салтанатты, бірде қараңғы. Бірақ негізгі мотив өзгермейді. Ми осы тұрақтылықты жақсы көреді, сол үшін әуен тез танылады. The Lion King мультфильміндегі басты музыкалар да дәл солай жұмыс істейді. Әр кейіпкердің өз әуені бар. Симба шыққанда бір музыка, Скар шыққанда басқа музыка естіледі. Бала бұл айырмашылықты саналы түрде ойламайды, бірақ ми оны қабылдайды.
Бұл мысалдардың бәрінде бір ортақ нәрсе бар. Ол музыка көрініспен бірге өмір сүреді. Яғни, саз жеке емес, әуен сол фильмнің тіліне айналады. Сол үшін ол фильмнен бөлек шыққанда да өзінің мағынасын жоғалтпайды. Кино музыкасы осы тәсілмен біздің ойымызға (жадымызға) енеді. Қарапайымдап айтсақ, әуен фильмнің қысқаша нұсқасы сияқты.
Қазақ әуендері
Қазақ киносы да осы заңдылықпен жұмыс істейді. Музыка кадрдан бөлек өмір сүрмейді, керісінше фильмнің өзін құрайды. Сондықтан кейбір әуендер қазақ көрерменінің санасында нақты фильммен ажырамай байланысып қалған.
Қыз Жібек фильміндегі «Аққу күйі» мен «Гәкку әні» – соның ең айқын мысалы. Бұл әуендер фильмге дейін де болған, бірақ дәл осы кино арқылы олар жаңа мағына алды. «Аққу күйі» естілгенде көрермен тек музыканы емес, Жібек пен Төлеген бейнесін, кең дала, махаббат кадрларды бірге елестетеді. Музыка мен көрініс бір-біріне сіңіп кеткен. «Гәкку» да солай. Әуен фильмнің эмоциялық өзегіне айналған.
Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы қазақ киносының жадында ерекше орын алады. «Менің атым Қожа» фильміндегі әуендер балалық шақтың дыбыстық бейнесі болып қалды. Музыканы естігенде Қожаның тентектігі, аңғал мінезі, ауыл өмірі көз алдына келеді. Бұл жерде әуен көңіл күйді ғана емес, кейіпкердің ішкі әлемін де алып жүреді. Музыка Қожаның «дыбыстық мінезіне» айналған. «Алты жасар Алпамыс» фильмінде де Нұрғиса Тілендиевтің әуендері баланың қиялын, тазалығын, әлемге ашықтығын жеткізеді. Музыка кадрмен бірге балалық сезімді бекітеді. Сол себепті бұл әуендер естілгенде көрермен өзін сол фильмнің ішіне қайта кіргендей сезінеді.
Осы мысалдардың бәрінде ортақ нәрсе бар: қазақ киносының музыкасы жай фон емес. Ол көрініспен бірге жазылған жад. Әуен фильмнің қысқаша нұсқасына айналады. Сол үшін біз бір музыканы естігенде, қазақ фильмін қайта көріп отырғандай боламыз.
Ғалымдар мен мамандар пікірі
Музыканың неге тез есте қалатынын ғалымдар көптен бері зерттеп келеді. Нейробиологтар дыбыстың мида ерекше жолмен өңделетінін айтады. Музыка естілген кезде ол тек есту аймағына ғана емес, бірден жады мен эмоцияға жауап беретін бөлімдерге де әсер етеді. Сол себепті әуен ақпарат сияқты емес, тәжірибе сияқты сақталады.
АҚШ-тағы нейробиолог Роберт Заторре (Robert Zatorre) музыканың мидағы марапат жүйесін белсендіретінін көрсеткен. Оның зерттеулерінде музыка тыңдағанда допамин бөлінетіні анықталған. Бұл – ми «маңызды» деп белгі қоятын заттарға ғана бөлінетін химиялық зат. Сол үшін музыка жай дыбыс емес, ми үшін құнды сигналға айналады.
Сонымен қатар, психолог Дэниел Левитин (Daniel J. Levitin) де осы тақырыпты зерттеген. Ол адамдардың таныс әуенді естігенде мидың жады орталықтары бірден іске қосылатынын көрсетеді. Музыка басқа дыбыстарға қарағанда естеліктермен тығыз байланысады. Сол үшін бір әуенді естігенде адам бұрынғы бір сәтті анық еске түсіреді.
Кино музыкасы бұл механизмді өте дәл пайдаланады. Саундтрек фильммен бірге естелікке айналады. Ғалымдардың айтуынша, дыбыс пен көрініс бір уақытта берілгенде, оларды ми бір тәжірибе ретінде тіркейді. Сол үшін кино музыкасы көріністен бөлінбейді. Мамандар осы себептен кино саундтректерінің ұзақ өмір сүретінін айтады. Фильм ұмытылуы мүмкін, бірақ музыка қалады. Себебі ол тек дыбыс емес, мида сақталған бір кезеңнің белгісі болып кетеді.
Қорыта айтқанда, кино музыкасы экранмен бірге жоғалып кетпейді. Ол біздің жадымызда өмір сүреді. Бір әуенді естігенде, біз тек дыбысты емес, сол фильмді көрген кездегі өзімізді де еске аламыз. Сол себепті саундтрек – киноның ең ұзақ өмір сүретін бөлігі.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.