Әлеуметтік желіде жәбірленушінің видеосы тарады. 17 жастағы студент көпбалалы отбасынан шыққаны анықталды.
«Зорлағаннан кейін төсек жаймасын алып, сүйінші сұрады»: Шымкентте 17 жастағы студентті алып қашқан
121
оқылды

Шымкентте студент қыздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Әлеуметтік желіде жәбірленушінің видеосы тарады. 17 жастағы студент көпбалалы отбасынан шыққаны анықталды. Белгісіз біреулер оны көшеден алып қашқан.

"Мені бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашты.   Үш-төрт адам машинаға тығып, Сарыағаш ауданындағы үйіне алып келген. Ол жақта туысқандары, жеңешелер орамалын алып, жүгіріп жүрді. Алып қашуды жоспарлағандарын сол кезде түсіндім. 17 жаста екенімді қайта-қайта айтсам да, мені үйге күштеп кіргізді", – дейді ол.

Үйдің адамдары телефонды да алып қойған. Сосын өз еркімен келгені туралы қолхат жазуды талап еткен.

"Қолхат жазбайтынымды түсінгеннен кейін мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Қазақшылығымыз осындай, дәстүріміз осындай деп, бұл үйден қыз болып шықпауың керек деді. Ал жыныстық қатынасқа күштегеннен кейін ол кісілер төсек жаймасын алып, келесі бөлмеде отырған жеңгелерінен сүйінші сұрап, өздерінше тойлап кетті. Зорлық-зомбылықтан кейін менің қандай халде болғаныма ешкім қараған да жоқ", – деп атап көрсетті жәбірленуші.

Студент қыз амалын тауып, ол үйден қашып кеткен. Оның сөзінше, арада біраз уақыт өтсе де, ешкімді тергемеген.

Шымкент қалалық Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалған.

"Қатысушылардың барлығы Полиция басқармасына жеткізілді. Істің мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары қолға алынды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады", – делінген ресми хабарламада.