Себебі бір ғана Атыраудың өзінде бір орынға жыл сайын 125 оқушы таласады. Небәрі 120 орынға бөлінетін грантқа осынша тайталас – зияткерлік мектептерге деген сұраныстың қаншалықты деңгейде екенін көрсетсе керек. Расымен де, қазір Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ), Білім-инновациялық лицейлер (БИЛ) мен Республикалық физика-математика мектептері (РФМШ) – ата-аналар үшін баласының болашағына салынған ең ірі инвестициялардың біріне айналды. Алайда бұл жолдың бағасы тек баланың білімімен емес, ата-ананың қалтасымен де өлшеніп отыр.
Қабылдау емтиханына дейінгі күрес
Мұндай мектепке түсу үшін ресми түрде «тегін» деп саналатын емтиханның өзіне дейін ата-аналар айтарлықтай шығынға батады. Бір ғана Атырау қаласының өзінде ірілерін алғанда – MEET, «Зерделі», Bolashak school сияқты 20-дан астам ірі орталық бар. Айлық оқу ақысы ең қымбаты – MEET білім орталығы. «Балаңызды бір жыл ішінде зияткерлік мектептерге дайындап береміз» дейтін бұл орталыққа айына 1 баланың оқуы – 100 мың теңге. Бір үйден екі немесе үш бала оқыса, айына 300 мың теңгеңізді дайындап отырасыз. «Зерделі» бірнеше пакет ұсынады. Ең тиімдісі өздері pro деп атайтын пакет. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, сандық сипаттама және жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін орталықтың үш айлық оқу ақысын бірден төлесеңіз, 220 мың теңге жеткілікті.
«Менің үш балам бар. Үлкен ұлым 7 сыныпта, қызым 6 сыныпта оқиды. Кенжем 4 жаста. Қызымды НЗМ мектебіне дайындап жатырмын. Біз дайындықты 4 сыныптан бастадық. 4, 5 сыныпта Bolashak school мектебіне барып жүрдік. 6 сыныпта дайындығымызды нығайту керек болды. Сөйтіп, «Зерделі» орталығына келдік. Мұнда 3 ай сайын 220 мыңнан төлеп отырамыз. Ай сайын балалар тест тапсырады, сол арқылы білім деңгейімізді байқап отырмыз. Күні кеше қызым Назарбаев Зияткерлік мектебінде сынама тест тапсырды. Ол сынақтың өзіне 20 мың теңге төледік. Наурызға дейін уақытымыз бар, айына 2 рет тест тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қызымның енді ағылшын деңгейін көтеру керек болып тұр. Оған қосымша репетитор алып жатырмыз. Енді сенбі, жексенбі күндері сол маманға барамыз. Ол кісімен 30 мың теңгеге келістік. Ұлым басқа орталықта оқиды. Оның оқу ақысына 4 ай сайын 300 мыңнан төлеп отырмын. Мұның сыртында несиелер, үйдің ақысы, азық-түлік, балалардың басқа да керек-жарағы бар. Сол үшін үш жерде жұмыс істеймін. Өзім жалғызбасты анамын», – дейді атыраулық Гүлбану Атамашқызы.
Біз сөйлескен тағы бір ана – Салтанат Мұқашева 5 сыныпта оқитын қызын «Зерделі» мектебіне берген. Бұл мектепке жылына 1 миллион 680 мың теңге төлейді екен. Егер бала мектепте тамақтанатын болса, қосымша 35 мың теңге қосылады. Бала сағат 8:30-да сабаққа кіргеннен кешкі 17.30-да шығады. Үй тапсырмасы берілмейді. Барлық оқу процесі мектепте өтеді. Бұл ана да баласының БИЛ немесе НЗМ сияқты мектепке түсуін қалап отыр. Өйткені осындай білімі жоғары мектепті аяқтап жатқан балалардың шетелде оқуға мүмкіндігі көп деп санайды.
Білім бе, бәсеке ме?
15 жылдық еңбек өтілі бар педагог Жанмира Құбашева бұл үрдістің екінші жағына назар аудару керек екенін жеткізді. Оның сөзінше, балалар 10-11 жасынан бастап қатты бәсекеге түсіп жатыр. Аптасына 6 күн дайындық, тест, қысым. Бұл баланың психологиясына салмақ салуы мүмкін. Мектепке түсу білім сапасын арттырудың емес, жарыстың нышанына айналған.
«Мектептердің басты артықшылығы – тереңдетілген бағдарлама, пәндерді ағылшын тілінде оқыту, логикалық ойлауға бағытталған жүйе, халықаралық олимпиадалар мен жобаларға қатысу мүмкіндігі. Ал қарапайым мемлекеттік мектептерде білім беру жалпы стандартпен шектеледі. Мұнда мұғалімнің жүктемесі көп, материалдық база әлсіз, ал қосымша мүмкіндіктер көбіне ата-ананың жеке бастамасына байланысты. Сондықтан мәселе тек мектептің атауында емес, орта мен мүмкіндік теңсіздігінде», – дейді ол.
Мектеп түлектері көбіне шетелдік жоғары оқу орындары немесе беделді отандық университеттерге түседі. Ағылшын тілін еркін меңгерген, ғылыми жобаларға қатысқан түлек еңбек нарығында да бәсекеге қабілетті.

HR-мамандардың бейресми пікірінше, түйіндемеде НЗМ, РФМШ немесе БИЛ атауы кей жағдайда артықшылық береді. Әсіресе, халықаралық компаниялар мен ірі корпорациялар үшін белгілі бір сапа көрсеткіші. Қарапайым мектеп түлектері де жетістікке жете алады, алайда олар көбіне қосымша курстар, қайта даярлау, жеке еңбектің арқасында теңесуге мәжбүр.
Нұрсұлтан Жаңабай – әлемге әйгілі америкалық NASA ұйымының зерттеу жұмысына қатысып жатқан қазақ баласы. Ол Америкадағы Дрексель университетінің студенті. Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебін аяқтаған Нұрсұлтан бұл мектептен алған білімінің арқасында АҚШ-та тегін оқу мүмкіндігін иеленген.
«Менің Америка еліне алғашқы қадамым 2022 жылы 13 қыркүйекте басталды. Өзге адамдар, өзге мәдениет, өзге орта болғанымен, тілді жетік білгенімнің пайдасы болды. Бейімделу маған аса қиын болмады. Ерекше атап өтерлігі, ол жақта сыйластық бірінші орында тұрады. «Сіз маған тиіспесеңіз, мен сізге тиіспеймін» деген ұғым бар. Америкада көшеде кездескен кез келген адаммен еркін сөйлесіп кете аласыз. Бір тақырыпты бастап кетсеңіз, ол кісімен бірге түстік ас ішіп те отыруыңыз мүмкін. Бастапқыда осындай жағдайларға таңданысым болғаны рас. Десе де, білім деңгейі бойынша қазақстандық жастардың білімі жоғары деп айта аламын. Неге? Себебі Америкадағы жоғары сыныптар мен Қазақстандағы жоғары сыныптардың арасындағы білім беру айырмашылығы жер мен көктей. Америкада оқушыларға сабақты таңдауына қарай оқуға мүмкіндік беріледі. Ал Қазақстанда оқушы барлық пәнді оқуға міндетті. Жалпы, ТМД елдері оқушыларының артықшылығы да осында дер едім. Енді қараңыз, егер мен америкалық болсам, математиканы оқығым келмеуі мүмкін. Сөйтем де, физика мен химияны таңдаймын. Бірақ университетке келгенде бәрібір математиканы оқуыма тура келеді. Жанымдағы студенттердің осындай сабақтардан біраз қиналғандарын көрдім. Тіпті кейде оларға ментор болып, математика бағытында көмек көрсеткен кездерім де болды. Сондықтан «керек емес» деген пән болмайтынын түсіндім», – дейді Нұрсұлтан.
Әйтсе де, мектептер білім сапасын арттырғанымен, қоғамдағы әлеуметтік алшақтықты айқындай түсуде. Бір тарапта баласына жүздеген мың теңге жұмсауға дайын ата-аналар, екінші тарапта мемлекеттік мектеппен ғана шектелген отбасылар. Бұл жағдай «білім бәріне тең қолжетімді ме?» деген сұрақты қайта көтереді. Егер мемлекет білім сапасын тек таңдаулы мектептерде емес, қарапайым мектептерде де тең деңгейде дамытпаса, бұл алшақтық алдағы жылдары одан әрі ұлғая түсуі мүмкін. Білім бәсекеге емес, мүмкіндікке айналғаны жөн.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы