Синоптиктердің мәліметінше, 17 қаңтарда Алматы облысының солтүстігінде және таулы аймақтарында ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендейді.
«Ауа температурасы –45 градусқа дейін төмендейді»: бүгін көп жерде қатты аяз болады
169
оқылды

"Қазгидромет" РМК еліміздің 12 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктердің мәліметінше, 17 қаңтарда Алматы облысының солтүстігінде және таулы аймақтарында ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендейді. Қонаев қаласында жел бағыты солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматыда түнгі уақытта қалың қар жауады деп күтіледі.

Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында түнде қар жауады. Солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде жаяу бұрқасын болады. Жел шығыс және солтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтөбе қаласында да түнде желдің күшеюі ықтимал.

Маңғыстау облысында қар жауып, көктайғақ болады. Түнде облыстың оңтүстігінде қалың қар түседі. Солтүстік-шығыста жаяу бұрқасын соғып, батысы мен орталығында тұман түсуі мүмкін. Ақтауда да көктайғақ күтіледі.

Түркістан облысының батысы, солтүстігі және таулы аймақтарында жаяу бұрқасын болады. Түркістан қаласында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ, тұман және бұрқасын болжануда. Шымкентте де осыған ұқсас ауа райы сақталып, түнде жауын-шашын күшейеді.

17-18 қаңтар күндері түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында аса қатты аяз күтіледі,  ауа температурасы –45 градусқа дейін төмендейді.

Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында түнгі аяз –25…–27 градусқа жетеді. Талдықорғанда көктайғақ болып, түнгі температура –25…–26 градусқа дейін төмендейді.

Абай облысының оңтүстік-батысы мен орталығында жел күшейіп, екпіні 15-20 м/с болады. Ал түнде облыстың солтүстігінде –40 градусқа дейін аяз сақталады.

Ұлытау облысының оңтүстігі мен орталығында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыс және шығыс бағыттан соғып, екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Жезқазған қаласында да түнгі және таңғы уақытта жел күшейеді.

Қызылорда облысының оңтүстігінде қар жауып, боран мен көктайғақ болады. Жел екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді. Қызылорда қаласында да желдің күшеюі ықтимал.

Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде тұман түседі. Түнде солтүстік-шығысында ауа температурасы –35…–38 градусқа дейін төмендейді.

Батыс Қазақстан облысында 17 қаңтар күні түнде шығыс және солтүстік-шығыс бағыттағы жел күшейіп, екпіні 15-20 м/с болады.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Шығыс бөлігінде тұман түсуі мүмкін. Атырау қаласында да қар жауып, жел екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетеді.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы демалыс күндері Қазақстанның солтүстігі мен шығысында аяз күшейіп, ал батысы мен оңтүстігінде қар, боран, желдің күшеюі және көктайғақ сақталады.