Павлодар қалалық №1 аурухананың мәліметінше, қыс басталғалы үсік шалу белгілерімен 24 адам медициналық көмекке жүгінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыс орталығында үсікке ұрынғандар саны артып отыр. Былтыр қазан айынан бері қалалық №1 ауруханаға үсікке шалынған 24 науқас түскен.
– Биыл суық ауа райы ертерек, өткен жылдың қазан айында басталды. Сондықтан алғашқы науқастар қазан айының соңында, шамамен бір аптаға созылған аяз кезінде келе бастады. Ал ауыр үсік шалғандар соңғы қатты аяз күндері жеткізіліп жатыр. 16 адамның жағдайы тым ауыр болғандықтан, аяқ-қолының саусақтарын кесуге мәжбүр болдық, – дейді аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Асхат Мүрсәлімов.
Сонымен қатар, соңғы аптада облыстық балалар ауруханасына үсік шалған екі бала түскен. Балалардың бірі тексеруден кейін амбулаториялық ем алуға жіберілген.
Ал 2024 жылы туған екінші бала Железин ауданынан жеткізілген. Оның екі қолы мен саусақтарын үсік шалған. Қыз бала жарақат бөліміне жатқызылған, қазіргі жағдайы тұрақты.