Өйткені лифтілердің құлағаны немесе ішіне адамдар қамалған жағдайлар жиі қайталануда. Тұрғындарға үздіксіз қызмет ететін, ұдайы қолданыста болатын құрылғылардың техникалық жағдайына қаншалықты мән беріліп жатыр?
Өткен жылдың кейінгі алты айында лифтіге байланысты бірнеше оқиға тіркелді. Астана қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт үзіліп кетіп, салдарынан бір адам мерт болып, екі адам жарақат алса, жаңа жыл түні 11 адам лифтіге қамалып қалды. Ал Шымкентте 24 жастағы ер адам тұрғын үй кешеніндегі аяқталмаған лифт шахтасына құлап, жантәсілім етті. Дәл осындай жағдай Маңғыстау облысында да болып, Мұнайлы ауданындағы құрылыс нысандарының бірінде 20 жастағы жігіт тепе-теңдік сақтай алмай лифт шахтасына құлап, тіл тартпай кетті. ТЖМ мәліметінше, Қызылордада 2 ересек адам 3-4 қабат арасында қыстырылған лифтіден әзер құтқарылған. Бұл бізге белгілі ақпараттардың бір парасы ғана.
Жеделсатыдан келетін қиын жағдаяттар адам өміріне зиян тигізе бастағандығы қоғамды да, халық қалаулыларын да бей-жай қалдырмаса керек. Сенатор Бекбол Орынбасаров Үкімет басшысына бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын.
– Қазақстандағы лифтілерді пайдалану жағдайы күннен-күнге нашарлап келеді. Жергілікті атқарушы органдардың толық кадрлық жеткіліксіздігі, лифтілерге бақылауды формальды етуде: әкімдіктерде штат та, мамандар да, техникалық база да жоқ. Мысалы, Астанада тұрғын үй инспекциясында екі адам 10 430 лифтіні бақылайды және бір уақытта газ баллондарына да жауап береді, ал облыстардағы инспектор лифтілердің қауіпсіздік механизмі жөнінде тіпті минималды білімге де ие емес. 2013 жылы лифтілерге бақылауды жергілікті атқарушы органдарға беру өте қате шешім болды. Сол кезде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті кәсіби бақылау функцияларын оңтайландыру деген желеумен әкімдіктерге берді. Жергілікті деңгейде бұл функциялар жай ғана басқа функциялармен сіңісіп кеткен, яғни штаттар қысқартылды, жауапкершілік мүлдем жойылды. Реттеу жүйесінің болмауы, мәселені одан әрі ушықтырып күшейте түсті. 2014 жылдан бастап лифтілерді қызмет көрсету лицензияланбайды, нарықта құрал-жабдықсыз, біліктіліксіз және рұқсатсыз компаниялар пайда болды. Мемлекеттік сатып алуларды ұтып алған компаниялардың жартысынан астамы лифтілерді қызмет көрсетуге құқығы да жоқ және бұл саланы факты бойынша «сұр нарыққа» айналдырған – делінген депутат сауалында.
Өңірлерде лифтілерді ауыстыру, күрделі жөндеу ісі Үкімет деңгейіндегі қолдаумен атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, Ақтөбе қаласы әкімдігі дерегінше, кейінгі 5 жылда 126 апаттық лифт ауыстырылса, өткен жылы Алматыда 100-ден астам жеделсаты күрделі жөндеуден өтіпті. Ал Қарағандыда кейінгі 6 жылда 120-ға жуық қана лифт жаңартылған. Биыл да бұл жұмыстар тоқтамақ емес. 2026 жылы Өскеменде 40-тан астам лифтіге жаңартылу көзделіп отыр. Яғни, әр өңір өз хал-қадерінше бұл мәселені шешіп келген. Жеделсатының жедел қызмет ете алмай, техникалық сапасының нашарлап, осыған байланысты тұрғындар өтініші жыл сайын артып барады. Яғни, бұл түйткіл мемлекет деңгейінде қаралуы уақыт талабынан туындаған қажеттілік болып тұр.
Көпбалалы ана Айнагүл Акбарбекқызы ұзақ жылдан бері елордада тұрады. Оның айтуынша, кейбір үйлерге қыдырып қонаққа барғанда, көпқабатты тұрғын үйлерге кіріп шығу оңай емес. Ақылы негіздегі карточкалық режим бұқараға тиімсіз екен. Ол оданша лифт қолданғаны үшін айына бірреттік төлем жасаған дұрыс деп есептейді.
– Астанада тұрып жатқандығымызға 10 жылдан асты. Бұған дейінгі үйімізде лифт ақылы болатын. Әр мініп-түскен сайын жеделсаты қолдану үшін ақылы негізде қолданысқа беріп қойған. Бірреттік карта қолданысы 10 теңге, ал берілген карта мерзімі мың теңгені құрайды. Яғни, 100 рет қолданатынбыз. Бұл дегеніміз, күнделікті жұмысқа қатынаудан бөлек, дүкенге барып нан, сүт, қант алып қайту үшін өте тиімсіз. Оның үстіне туыстар қыдырып келсе, түсіп күтіп алу керек. Жалпы, пәтер иелерінің кооперативіне бұл мәселені айтсақ, лифт тұрақты жұмыс істеп тұру үшін бұдан басқа жол жоқ деп сырғытпа жауап қайырады. Кейін қажеттілігімізге байланысты басқа тұрғын үй кешеніне көштік. Мұнда лифт қолданғандағы ақы айына бір рет, коммуналдық төлемдермен қосылып келеді. Турасын айтқанда, лифтіге арнайы карта қолданысын қойып, ақылы еткен отбасылы адамдар үшін өте тиімсіз. Одан да коммуналдық төлемдерге қосып, айына бір мәрте төлейтіндей еткен абзал деп білеміз, – деді елорда тұрғыны.
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығынан тұрғын үй салған кездегі жеделсатының сапасы, қойылатын талаптары төңірегінде бірқатар мән-жайды білген едік. Төраға орынбасары Валерий Лакисовтың пайымдауынша, тұрғын үйді салған компаниямен лифт қолдану ортақ келісім арқылы іске асады.
– Жалпы, қалыптасқан құрылыс салу стандарты бар. Соның ішінде жеделсатыға қойылатын талаптар қарастырылған. Мәселен, 9 қабатқа дейінгі үйлерде бір жеделсаты, одан жоғары 16 қабатқа дейінгілерге екі жеделсаты, одан жоғары болса, қолданыс аясын ескеріп, қабаттың артуына байланысты жеделсаты салу көбірек қарастырыла береді. Ал лифтіні қолдану ережесі келісімге байланысты болады, – деп қысқа қайырды.
Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, қазір елдің тұрғын үй қорында 33 858 лифт жабдығы бар. Оның ішінде 4 144 лифт 25 жылдан астам пайдаланылып келеді. Ал 3 195 лифт техникалық қызмет көрсету аясында күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. 2019 жылдан бастап бүгінге дейін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1728 лифт ауыстырылды. Бұл қарқын бұдан әрі жалғасын таппақ. Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегіне зер салсақ, 7 мыңдай лифтіні жаңарту керек. Аталған жеделсатылардың нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен. Мұндай дерек әрбір оныншы лифт қолданушысының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұр дегенді байқататын көрінеді.
Үкімет дерегінше, пайдаланылғанына 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және жөндеу жол картасы әзірленеді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылыпты. Енді бұл жұмыс Астана, Алматы, Шымкент және өңірдегі әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар лифтілердің сапасын, қолдану мерзімін, техникалық қажеттіліктерін бақылайтын комиссия жұмыс істеп, Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне тиісті тапсырма жүктеліпті.
– Осыған байланысты, ӨҚМ-ге Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп қаржыландыру мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, авариялық және 25 жылдан астам пайдаланудағы лифтілерді ауыстыру және күрделі жөндеу бойынша жол карталарын әзірлеу және бекіту тапсырылды... Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі лифтілерді монтаждау, жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстардың сапасы болып табылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес лифтілерге қызмет көрсететін ұйымдар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына міндетті түрде аттестатталады. Жалпы, лифтілердің қауіпсіздігі мәселесі Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жасалатын болады, – делінген Үкіметтің сенаторларға берген жауабында.
Үкімет дерегінше, енді бұдан былай лифтілерді тексеру, қадағалау, техникалық қауіпсіздік стандарттары мемлекеттік деңгейде бақыланып, лифт шығаратын, жөндейтін кәсіпорындарға лицензия беру қатаңдайтын түрі бар. Сонымен қатар әкімдіктер лифтіге байланысты барлық ақпаратты электронды форматқа көшіріп, тексеру жүргізіп отыру жағы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ лифтілерге қызмет көрсетуді аттестатсыз немесе өнеркәсіптік қауіпсіздіктің белгіленген талаптарын бұза отырып жүзеге асырғаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту мәселесін қарастыру тапсырылған көрінеді. Демек, жеделсатының тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағыты бойынша ілкімді істер жүзеге аспақ.
Тоқетері, елде 4 мыңнан астам жеделсаты өзінің жөндеуін күтіп отыр. Енді 25 жылдан асқан лифтілер кезең-кезеңімен ауыстырылады немесе күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Лифт қолданысына жауапты мекемелерге жауапкершілік қатаңдатылады. Қалада тұратын лифтіні ұдайы пайдаланатын адамдар үшін жеделсаты дер уақытында сапалы қызмет көрсетіп, қауіпсіз қолданыста болса, жұрттың бір шаруасы түгенделгені болар еді.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ