Оның айтуынша, өзінің барлық әрекеті заң талаптарына сай болған. Бірақ іс қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін өзі және бірқатар басшылық құрам қызметтен босатылған.
«Өз еркімен келді»: шымкенттік полицей Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өз нұсқасын айтты
201
оқылды

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін қызметінен босатылған полиция офицері Артықбай Әбілғазы Бахтыбайұлы оқиғаға дейінгі жағдайлар жөнінде өз ұстанымын білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, өзінің барлық әрекеті заң талаптарына сай болған. Бірақ іс қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін өзі және бірқатар басшылық құрам қызметтен босатылған.

Заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында тергеуші А. Әбілғазы Нұрай жоғалған күні шақырту бойынша қыз бен оның танысы Шерхан болған үйге барғанын мәлімдеді.

«Мен оларды РОВД-ға жеткіздім. Екеуін де бірге және жеке-жеке сұрастырдым. Қыздың оған өз еркімен барғанын екеуі де растады. Кейін бұл жайтты Нұрайдың өзі жазып алған видеода да айтты», – деді ол.

Әбілғазының сөзінше, жағдайды толық әрі нақты көрсету үшін аталған видеоны Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы жариялауды ұсынған. Бірақ бұл ұсыныс ешбір түсіндірмесіз қабылданбаған. Видеода Нұрайдың 2025 жылғы 4 қазанда, шамамен сағат 21:00-де, үш айдай қарым-қатынаста болған Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққаны айтылған.

Экс-полицей сондай-ақ қызметтен босатылғаны туралы хабарды әжесінің ауыр қабылдағанын, көп ұзамай оның өмірден өткенін жеткізді. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әділдікті қалпына келтіруді сұрап жүгінгенін мәлімдеді.

Айта кеткен жөн, Нұрай Серікбайға қатысты іс қоғамда кең резонанс тудырды. 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз танысының қолынан қаза тапты, күдікті кейін ұсталды. Марқұмның туыстары трагедияға дейін ер адамның Нұрайды күштеп алып қашып, некеге мәжбүрлемек болғанын да алға тартады. Бірақ жәбірленушілер сол кезде полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалмағанын айтады.