Бүгінде Мақаш күйшіден сөз қалса да, күй қалмады-ау деген өкініш өзекті өртейді
Күйші Мақаш Садуақасұлы Көпбайтегі жайлы бір үзік сыр
Фото көрнелік үшін қойылды / instagram.com/qazaq_instruments
279
оқылды

Күй өнерін және күй тыңдау мәдениетін дәріптейтін “Qulaqkui” youtube арнасының кезекті 16 шығарылымы Мақаш күйшіге арналыпты. Осы орайда мен де күйші жайлы білетін жайттарды бөлісуді жөн деп шештім. 

Әрине, Мақаш Садуақасұлы жайлы ақпараттың осындай ауқымды арнадан  айтылғаны жөн еді, десе де ештен кеш жақсы.

Мақаш Садуақасұлы  — атақты күйші, көрнекті композитор Әбікен Хасеновтің әкесінің інісі. Бұл әулеттегі Мақаштың әкесі Садуақас, Әбікеннің әкесі Хасен, Мақаштың інісі Рақыш та күйші болған, ұлы өнерді үзбей жалғаған адамдар. Үлкен әкесі Көпбай болыстың немере ағасынан туған Ақмолда да аты әйгілі күйші болған. (Болашақта Ақмолда күйші жайлы жазып, оның күйшілік ерекшелігіне тоқталу ойымызда бар).

Менің үлкен әкем Божбанның (Әбдірахман) айтуынша, Рақыш сырнайды өте жақсы, ойнақы тартқан. Қу тілді, қалжыңқой Әбікен мен ақынжанды Рақыш Сейфолланың баласы Сәкенмен үнемі бірге жүрген екен. Бұлардың басы қосылғанда ойын-той сән-салтанатымен өтеді екен. Ақселеу Тарақтының сөзімен айтқанда, Кәрсөн-Кернейдің «күй перілері» бүкіл Сарыарқаны шертпе күймен тербеткен.

Мақаштың үлкен әкесі — Орта жүздің Арғын тайпасының  Қаракесек руынан шыққан Бекназарұлы Таңыбай батырдың ұрпағы, Қарқаралы уезінде «Қази майор», қазіргі тілмен айтқанда аға сот, жиырма жыл Кәрсөн-Керней елінде болыс болған, Құнанбай Өскенбайұлымен болыстыққа таласқан Көпбай Есетұлы еді (Каркаралинский Внешний окружной Приказъ N682, 11 февраля 1850 года). 

Әкесі Садуақас та арқалы күйші болған. Ал архив құжаттарына жүгінсек, өз заманында Көпбай болыстан кейінгі сегіз ата Кәрсөн елінде Мақаш Сәдуақасұлы болыс болады.  Жеті-сегіз жыл Кәрсөн елін билеген болыстығы жайлы аңыз тұтас Арқа еліне жайылады. Бұған дәлел архивтен алынған «Семипалатинские областные ведомости. 1872 г. 27 января» деген құжаттар.

Мақаш — өз заманының серкесі, елінің еркесі, от ауызды орақ тілді би, ел арасында билік айтып қана қоймай, кеңдігі, әділдігі, мәрттігі, сөзге шешендігі күйшілігімен қоса аңыз болып халық жадында қалған.

Мақаштың ЖИ арқылы жасалған суреті

Көпбай болыс Тәттімбет күйшімен замандас қана емес, екеуі бірге ел аралап,  Кенесары ханға көмек қолын берген. Оған дәлел, Көпбай болысты патша үкіметі «Кенесары көтерілісіне қатысы бар» деген айыппен соттатуы еді. Алты айдан кейін  Қарақаралының Тәттімбет бастаған би-болыстары, оның ішінде өзінің аталас ағасы Бегалы би бар, кепіл болып түрмеден ақтап шығарып алады. 

Көбекең ел ішіндегі күйшілерді ел аралағанда Тәттімбет күйшінің жанына  ілестіріп жібереді екен. Мақашты жастайынан ел басқаруға бейімдеп, жұрт аралап, жер көріп, арабша, орысша хат тануына ықпал еткен. Сонымен қатар домбырасын тастамай жүргеннен кейін, арнайы жіберіп Тәттімбет күйшінің батасын алуына ықпал еткен. Әділдігімен, әуезді үнімен, термелеп көкейді тесер сөзімен есте қалған күйші туралы ел арасында «Мақаш сөйлегенде ағаш басындағы бұлбұл тынып қалады», — деген сөз қалған.   

Үлкен әкесі Көпбай болыс өз заманының меценаты болғаны тарих беттерінде айқын жазылады. Күйшілерге өте үлкен қолдау көрсетіп, алдына малын салып, ел алдында жүрген азаматтардың өсуіне, білім алуына үлкен ықпал жасаған екен. Көпбайдың әкесінің ағаларынан тараған, Арқаның шынжыр балақ, шұбар төс Қыдырбай, Төребай байлардың ұрпақтары:  Төребайұлы  Қыздарбек күйші,  Рысбекұлы Әбди күйші , Бекболатұлы Баубек күйші, Бекболатұлы Кәрібек күйші, Қыздарбекұлы Қажыкей қобызшы, немере ағасы Дүйсеннен туған Ақмолда күйші, өз балалары Садуақас  күйші, Хасен күйші, Мұқаш пен Гүлбаһрам сұлу да құралақан болмаған. Ал немерелері Мақаш күйші, Әбікен күйші, Рақыш сырнайшы болған. 

Сонау зұлмат заман туралы айтылса,  әрине, зар-запыран да қозғалады. Арқада  қызылдардың дәуірі жүріп тұрған тұрпайы заман Мақаш күйшінің  түбіне жетті. Ауылға атойлап  кірген «есірік шолақ белсенділер», Мақашты киіз үйден сүйреп шығарып, қорлап өлтіреді. «Мынау «Шұбар» (бетінде шешектен қалған тыртықтар болған) өтірік өліп жатыр» деп, денесін қылышпен кескілеп қорлайды. Онымен де тоқтамай, «сенің қаныңды ішемін деп едім» деп, кәрлен кесеге Мақаш күйшінің қанын құйып сіміріп алған деседі.

Бұған дәлел Т.Алланиязов пен  А.Таукеновтің «Шетская трагедия» атты деректі жинағының «Крававая вакханалия» деген бөлімінің  72 бетінде айтылады.(Мақашты сотсыз атқандықтан, көп жерде құжатқа жазылмай кеткен). Сүйегін жеті күн бермей, дөңнің басында жатқызып қойған екен. Осы қасіретті оқиғаны көзімен көрген Қоңыр Стамбекқызы 1991 жылы, Батиха Қарекеқызы 1994 жылы, Аққағаз Тұтқышқызы 1984 жылы қайтыс болды.

Күйші, әрі Кәрсөн елінің болысы болған Садуқас ұлы Мақаштың мәңгілік мекені

Қоңыр апа (немере қарындасы) мен Батиха апа (Мақаш күйшінің бәйбішесі) Махаңды жеті күн, жеті түн жоқтадық деп жылайтын еді.  Бұл оқиғаны Батиха апа жылап отырып айтып, «Махаңды түнде ұрлап шығып, тығылып жерлеген едік» деп өксиді екен. 2019 жылы Батиха апаның бауырына басқан (пұшпағы қанамаған кісі) қызы Қалдаш апаны ертіп, Мақаш күйшіні тығып жерлеген жерді тапқан едік. Орны теп-тегіс жерді көрсетіп, Қалдаш апа: «тауып алып қайта қазып, денесін қорлай ма деп,  тегістеп бетіне шөп тастап қойдық» деп еді,  дегенін естіп, Мақашты бүгін жерлегендей ағыл-тегіл жылағаным есімде. Сол күннің ертесінде Мақаштың тоқалы Махиланы алып кетіп, қорлап-зорлап өлтіреді. «Шешемді қан-жоса болып жатқан жерінен көтеріп әкеліп жерледік қой» деп Қалдаш апаға, Мақаштың қызы Маки жылап айтады екен. Ол кезде Маки 9 жаста болған (1976 жылы Қарағанды қаласында қайтыс болды). Батиха апа есі кірген Макиді, інісі Әділханды, Айеш атты 2 жасар қызды алып қамыс ішіне жасырынады. Бесіктегі кішкене шақалақ Бөпежанға тиіспейтін шығар деген оймен үйде қалдырады. Бірақ, көзіне қан құйылған қаныпезер айуан, бесіктегі нәрестені маңдайынан атып кетіпті. 

Сонымен, ел көшіп, топырағына қан сіңген, көмусіз сүйек шашылған ауыл қаңырап бос қалады. 

Зерттеуші Ақселеу Сейдімбек «Арқада Кәрсөн–Керней елі шертпе күйді тербеткен эпицентр болған» деп жазады. Бірақ, ең бір өкініштісі, сол күйшілердің ұрпағы қалмағандығы, әрине...  Мақаштан қалған жалғыз тұяқ Әділхан басқа фамилиямен өмір сүруге мәжбүр болды, өмірінің соңына дейін Қарағандыда банк қызметкері болып істеді,  өз атын сыбырлап айтып жүріп, 1974 жылы өмірден өтті.

Бүгінде Мақаш күйшіден сөз қалса да, күй қалмады-ау деген өкініш өзекті өртейді. Дегенмен, «Ел іші – алтын бесік», терең қазсаң асыл қазына екенінің тағы бір дәлелі –  Мақаш күйін жүрегінде сақтап, атадан балаға мұра етіп жеткізген күйді, «Қырық жылдық» ауылының тумасы Төлеутай Асқаров атты азамат, әкесі Жағыпар Асқаровтан естіген сарынды – Мақаштың күйін бізге Аманат етіп тапсырды. 

«Осы үш күйді әкем Жағыпар Асқаровтан  үйреніп едім,сізге аманат етейін», – деп қолын домбыраға созды. Мақаштың «Қосбасары», Әбдидің «Қосбасары»Сембектің «Қосбасары» деген осы. 

Құрметті өнерсүйер қауым, бағасын өздеріңіз берерсіздер. Мархабат!

Несібелді Абдрахманова, 
күйшінің ұрпағы, зерттеуші, 
«Ақ Шағыл» баспасының директоры