Еңбекке құқық пен әділ сот: Конституцияны жаңартудың басты тетіктері аталды

Бұл бастамалар адам, оның құқықтары мен бостандықтарын Қазақстан Конституциясының басты құндылығы ретінде нақтылауға бағытталған.

Конституциялық комиссияның үшінші отырысында қазақстандық заңгерлер мен құқық қорғау институтының өкілдері Ата заңды жаңартудың негізгі бағыттарын айқындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сарапшылар «еңбек бостандығы» ұғымын «еңбекке құқықпен» алмастыруды, өмір сүру құқығын абсолютті норма ретінде бекітуді және әділ сот кепілдіктерін күшейтуді ұсынды. Бұл бастамалар адам, оның құқықтары мен бостандықтарын Қазақстан Конституциясының басты құндылығы ретінде нақтылауға бағытталған.

Өмір сүру құқығы мен әділ сот жаңартылған Конституцияның іргетасына айналады – Ластаев

Конституциялық комиссияның үшінші отырысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты ұсыныстар жөнінде сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол өмір сүру құқығын абсолютті құқық ретінде бекіту жөніндегі бастамаларды қолдау қазіргі қазақстандық мемлекеттің маңызды құндылықтарын көрсететінін атап өтті.

«Біз мүмкіндігінше өмір сүру құқығын абсолютті етуге өтініш білдірдік. Бұған көптеген беделді сарапшылар, соның ішінде халықаралық деңгейдегілер де: “Жарайсыңдар!” деп айтады», – деді Ластаев.

Оның айтуынша, бұл құқықтың абсолютті сипатын Конституцияда бекіту өлім жазасынан бас тартуды ғана емес, сондай-ақ кез келген жағдайда – апат кезінде, ауру халде немесе шабуыл жасалғанда – азаматтардың өмірін міндетті түрде қорғауды білдіреді.

Ластаев сондай-ақ әділ сотқа кепілдіктерді адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары бөліміне көшіру туралы ұсыныстар Қазақстанның ұлттық құндылықтары мен тарихи тәжірибесіне сай келетінін атап өтті. Ол әділ сот төрелігінің қағидаттары билер соты дәуірінен бері қалыптасып, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке бостандығын және жеке өміріне қол сұғылмаушылықты дәстүрлі түрде қорғап келгенін еске салды.

«Бұл қағидаттарды негізгі адам құқықтарының қатарына енгізе отырып, біз Конституцияда ұлттық құндылықтарымызды әрі тарихи тәжірибемізді бейнелейміз», – деді омбудсмен.

Сонымен қатар, Ластаев Конституцияның жетінші бөлімінің атауын өзгерту бастамасын қолдап, бұл өзгерістер адам құқықтарын қорғауға басымдық беруді күшейтетінін атап өтті. Ол жаңартылған Конституция редакциясында осы нормаларды бекіту Қазақстан үшін адам, оның құқықтары мен бостандықтары – ең жоғары құндылық екенін растайтынына сенім білдірді.

«Еңбек бостандығының» орнына «еңбекке құқық» – белгілі заңгер Конституцияға өзгерістер туралы пікір білдірді

Конституциялық комиссияның үшінші отырысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов жалпы ережелер туралы және адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты бөлімдерді түзетудің үш негізгі тәсілін атады.

Дүйсеновтің айтуынша, «Жалпы ережелер» бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп қайта атау ерекше маңызды.

«Жалпы ережелер» бөлімінің атауын «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп өзгертуді толық қолдаймын. Бұл бөлім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы туралы, сондықтан біз қазақстандық мемлекеттіліктің қағидаттары мен тәсілдерін көтермелеп қана қоймай, конституциялық-құқықтық жолдаулар арқылы азаматтардың нақты құқықтық санасын қалыптастыруға тиіспіз", – деп атап өтті ол.

Екінші маңызды нақтылау – еңбек құқығын тұжырымдауды нақтылау, - деп атады Еркін Дүйсенов.

«Еңбек бостандығын емес, еңбекке құқықты көрсету туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл Қазақстан ратификациялаған экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді. Басқа қатысушы мемлекеттер әр адамның нақты еңбек ету құқығын мойындайды», - деген ойын бөлісті спикер.

Сонымен қатар спикер Конституцияда неке туралы норманың бекітілуін қолдады.

«Неке ерлер мен әйелдердің заңға сәйкес мемлекет тіркеген ерікті және тең құқықты одағы болып табылады деген норманы енгізуді қолдаймын. Мұндай тәсіл зайырлы мемлекеттің саясатына, теңдік пен кемсітпеушілікке, сондай-ақ ұлтымыздың рухани-адамгершілік кодына сәйкес келеді", - деп атап өтті еркін Дүйсенов.