«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдауы Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде жалғасын тапты.
Көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдау
117
оқылды

Қоғамдық қабылдау ауылдағы Urker мектебінің ғимаратында өткізіліп, оған облыстық және қалалық деңгейдегі басшылар, салалық мекемелердің өкілдері кеңінен тартылды. Атап өтуіміз керек, жекеменшік білім ұясында «Қарнақ» бастауыш партия ұйымы қызмет атқарып, тұрғындар көтерген мәселелердің шешім табуына ықпал етіп отыр. 

Қоғамдық қабылдау кездесуінің түпкі мәнін түсіндірген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев бұл іс-шара Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру, сондай-ақ тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел әрі тиімді шешу мақ­сатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ кездесуге Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қабылан Елеусізов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенов, партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, қалалық мәслихат депутаты, «Қарнақ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бекзат Хабибов, қала әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және бақылаушы органдар, коммуналдық қызметтер, банк және өзге де ұйым өкілдері қатысты. 

Кездесу барысында Қарнақ елді ме­кенінде мәдениет үйінің құрылысы пар­тияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны айтылды. Бұл жоба ауыл тұрғындарының көптен бергі талабына айналған мәдени-әлеуметтік сұранысын орындаудың нақты мысалы. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары партия өкіл­дерінің тұрақты бақылауына алынған және жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына баса мән берілген.

Жиын барысында жауапты сала бас­шылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап беріп, әрбір мәселе заң аясында жан-жақты қаралды. Қабылдау кезінде азаматтар ауылішілік жолдарды жөндеу және асфальттау, электр желілері мен трансформаторларды жаңарту мәселе­лерін қозғады. Ауызсу жүйелерін жөндеу, газ жүйелерін тарту, коммуналдық қызмет­тердің сапасына қатысты талап-тілектерін айтты. Жер қатынастары саласы бойынша өтініштерін білдіріп, егін шаруашылығы мен жайылым жерлерге қатысты сауалдар қойды. Тұрғын үй кезегіне тұру және ипо­те­калық бағдарламаларға қатысу, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, жастарды жұмыспен қамту мәселелерін жеткізді. Мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта құру, Қарнақ ауылы мен Түркістан қала­сының арасында қоғамдық көлік қатынасын жолға қою, экологиялық мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл маңындағы инфрақұрылымдық жобаларға, инженерлік желілерді жол салумен қатар жүргізу қажеттігіне қатысты ұсыныстар да айтылды.

Көтерілген барлық мәселе бойынша жауапты мекемелердің өкілдері нақты түсін­дірме беріп, мемлекеттік органдар қа­былдаған жоспарлар мен жобалар жөнінде кеңауқымды мағлұматтар берілді. Қосымша қарауды талап ететін өтініштер тиісті орган­дардың бақылауына алынып, олардың орындалуы партия тарапынан қадағалауға алынды.

Тұрғындар мұндай көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін атап өтіп, билік өкілдерімен тікелей бай­ланыс орнатуға мүмкіндік бергені үшін «AMANAT» партиясына ризашылықтарын білдірді. Партияның облыстық филиалы халықпен ашық форматтағы кездесулерді алдағы уақытта өңіріміздің барлық айма­ғында жүргізетін болады.

 Елнар ЕЛТАЙ