Әлеуметтік әділеттілік пен өңірлік теңгерім – тұрақты дамудың өзегі

Ұлттық Құрылтай отырысы ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамды толғандырып жүрген бірқатар түйткілді мәселені ашық әрі жүйелі түрде талқылауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзегінде бір ғана мақсат айқын аңғарылады – әлеуметтік әділеттілікке негізделген, өңірлердің тең дамуын қамтамасыз ететін тиімді мемлекет қалыптастыру.

Соңғы жылдары Қазақстанда эко­но­микалық өсіммен қатар, өңірлер ара­сындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтық та айқын сезіле бастады. Ірі қалалар мен шет аймақтар арасындағы өмір сапасындағы айырмашылық, инфрақұрылымның тең дәрежеде дамы­мауы, білім мен медицинаға қолжетім­ді­ліктің әркелкілігі – бұл мәселелер қоғамда әділеттілік туралы орынды сұрақтар туындатуда.

Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық Құрыл­тай алаңында өңірлік саясатқа жаңа көзқарас қалыптастыру, жергілікті жерлердің әлеуетін толық іске қосу мәселесінің көтерілуі – уақыт талабынан туған шешім. Әсіресе, аймақтардың эко­номикалық дербестігін арттыру, жер­гі­лікті бастамаларды қолдау, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған нақты тетіктердің ұсынылуы маңызды қадам болып отыр.

Әлеуметтік әділеттілік тек табысты қайта бөлу немесе жекелеген төлемдермен шектелмейді. Ол азаматтың қай өңірде өмір сүретініне қарамастан, тең мүм­кін­дікке ие болуы. Сапалы білім, қол­жетімді медицина, қауіпсіз орта мен тұрақты жұмыс орындары – мемлекеттің әрбір азаматына бірдей ұсынылуға тиіс базалық құндылықтар.

Ұлттық Құрылтайда қозғалған тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық диалог пен кері байланыстың сапасын арттыру. Мемлекеттік шешімдер халықтың нақты сұранысына сүйенгенде ғана тиімді болады. Бұл ретте азаматтық қоғам институт­тарының, сарап­шылардың және жергілікті қауым­дастықтардың рөлін күшейту – әлеу­меттік сенімді нығайтудың басты ал­ғышарты.

Құрылтай форматының өзі – қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді. Мұндай алаңдар тек пікір алмасу емес, нақты шешімдер мен ұзақмерзімді саясаттың негізін қалауға тиіс.

Президент ұсынған өзгерістер – қоғамның әділетті, орнықты және есеп беретін мемлекеттік басқаруға деген нақты сұранысынан туындаған, елдің саяси жаңғыруындағы логикалық әрі уақытылы кезең.

Парламенттің жаңартылған форматы өкілділікті күшейтіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Вице-президент институтының енгізілуі жоғары мемлекеттік билік жүйесінде сабақтас­тықты, тұрақтылықты және жауапкер­шілікті нығайтатын қосымша тетік қалыптастырады, бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайында айрықша маңызды.

Халық Кеңесін құру бастамасының мәні ерекше. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты институционалдық тұрғыда бекітуге, азаматтардың страте­гиялық шешімдерді әзірлеуге қатысуын кеңейтуге және «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» қағидатын нығайтуға бағытталған нақты қадам.

Жалпы алғанда, Құрылтайда айтылған бастамалар Президенттің жүйелі рефор­малар жүргізу, мемлекеттік егемендікті күшейту, саяси жауап­кер­шілік пен ұлт бірлігін нығайту бағы­тындағы берік ұста­нымын айқын көр­се­теді. Бұл – бір­реттік шаралар емес, ұзақмерзімді даму мен азамат­тардың сеніміне негізделген Жаңа Қазақстанның тұтас архитек­турасының ажырамас бөлігі.

Қорытындылай келе, Ұлттық Құрыл­тайда көтерілген әлеуметтік әділеттілік пен өңірлік теңгерім мәселелері – елдің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыттағы жүйелі саясат Қазақ­станды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да қуатты мем­лекетке айналдыруға жол ашады.

Әділетті қоғам – бір күнде құрылмай­д­ы. Бірақ дәл осындай мазмұнды диалог пен жауапты шешімдер арқылы оған сенімді қадам жасауға болады.

Амангелді НҰҒМАНОВ,

Парламент Сенатының депутаты