Стамбұл (Түркия) қаласында IIA дивизионы аясында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Соңғы матчта Қазақстан әйелдер құрамасы жоғары дивизионға жолдама алу үшін бақ сынады. Отандастарымыз Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Федерацияның баспасөз қызметі мәліметінше, қазақстандықтар алғаш болып есеп ашқанымен, үшінші кезеңде қарсылас команда бес шайба соғып, 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Оңтүстік Корея құрамасы бір жыл бұрын шығып қалған IB дивизионына қайта оралды. Ал Қазақстан құрамасы өткен жылғы нәтижесін қайталап, екінші орынға ие болды.
Команда құрамында Айдана Рахатқызы да бар. Шымыр қыз әлем чемпионатында әсіресе Нидерландыға қарсы ойында қорғаныс шебінде тас қамалдай беріктік танытты. Өскемендік «Торпедо» клубының ойыншысы Айдана Рахатқызының алға қойған жоспары көп.

Қызының жетістігі туралы әкесі Рахат Калибеков айтып берді.
- Өскемен елімізде хоккейдің Отаны саналады. Сондықтан қызымды сегіз жасында хоккейге бердім. «Торпедо» сапында өнер көрсеткем балам бір жыл бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасына қосылды. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Айдана алдағы уақытта АҚШ пен Канаданың хоккей клубтарын біріктіретін, әлем жұлдыздарынан құралған NHL сияқты үздік лигада бақ сынағысы келеді, - дейді Рахат Калибеков.
Рахаттың жанұясының әрбір мүшесі спортпен жай шұғылданып қоймай, спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен. Айталық, әскери қызметшінің жұбайы Динара дзюдо күресі мен волейболдан спорт шебері болса, әскери қызметші бала кезінде спорт мектебінде оқып, еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанған. Спортшылардан құралған отбасы үшін таяудағы Айдананың жетістігі әулет қоржынындағы баға жетпес құнды жүлделердің бірі болып саналары анық.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.