Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай­дың V отырысында ел Президенті еліміздің экономикалық, қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларындағы аса өзекті мәселелерге тоқталып, ел-жұрттың көкей­інде жүрген сан сауалға жауап берді.
Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты: Қоғам құндылықтарына нақты бағдар
91
оқылды

Мемлекет басшысы өз баяндамасында Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне сай стратегиялық бағыттарды, терең рефор­маларды және қоғамды алға бастайтын басты құндылықтарды айқындап өтті.

Тарих пен тағдыр тоғысқан өлкеде Құрылтайдың Сыр бойында өтуі – кез­дейсоқ шешім емес. «Сыр – Алаштың ана­сы» деген сөздің астарында ұлт тарихы­ның тұтас бір кезеңі жатыр. Қызылорда – мемлекеттілік идеясының, ұлттық жаң­ғырудың символы. Президент осы тарихи сабақтастыққа айрықша тоқталды.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында ғана емес, тұтас ел көлемінде нақты эко­номикалық серпіліс байқалады. Мемлекет басшысы келтірген деректер соның айқын дәлелі. Ішкі жалпы өнімнің өсуі, инвес­тиция көлемінің артуы, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы – жүйелі дамуды көрсетеді. Жаңа жылу электр орталығының салынуы, жол­­дар мен әуежайдың, теміржол инфрақұ­рылымының жаңғыруы аймақтың ғана емес, жалпы елдің энергетикалық және логистикалық қауіпсіздігін күшейтеді.

Президент баяндамасындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – су мәселесі. Арал тағдыры бір өңірдің ғана емес, бүкіл Орта­лық Азияның ортақ проблемасы. Сол­түстік Аралды сақтап қалу жолындағы жұмыстар, Көкарал бөгетін биіктету, халық­аралық келісімдер – жүйелі саясаттың нәтижесі. Су дипломатиясын дамыту, халық­аралық су ұйымын құру бастамасы Қазақстанның бұл мәселені тек ішкі емес, жаһандық деңгейде көтеріп отырғанын көрсетеді.

Төрт жылда Ұлттық құрылтайдың ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды. Бұл – сөздің іске айналғанының нақты дәлелі. Әйелдер мен балалардың құқық­тарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастиканы жүйелеу, ең­бек адамдарының мәртебесін арттыру – қоғам сұранысына берілген нақты жауаптар.

Ең маңыздысы, «ұлттың жаңа сапасын» қалыптастыру идеясы формалды ұран емес, қоғамдық санадағы түбегейлі өзгеріске бағытталған нақты бағдар.

Президент ұсынған парламенттік ре­форма – ел тарихындағы аса маңызды қадам. Бір палаталы Парламентке көшу, Құрылтай атауын сақтау, депутаттар саны мен сайлау жүйесін оңтайландыру – бар­лы­­ғы да тиімді әрі кәсіби заң шығарушы орган құруға бағытталған.

Сонымен қатар Қазақстанның Халық Кеңесін құру бастамасы қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалогты жаңа деңгейге көтеретін шешім болмақ. Ендігіде Халық Кеңесі кеңесші орган ғана емес, ұлттық келісім мен бірліктің жаңа алаңына айналады.

Президент өз сөзінде жаңадан жасақта­латын Құрылтайдың мандат саны 145 болуы, төрағаның үш орынбасары тағай­ындалуы, комитет саны сегізден аспауы керегін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Парла­мент ешкімнің қамқорлығы мен қадаға­лауына мұқтаж емес екенін баса айтып, Президент квотасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастауды ұсынды.

Мәдениет пен өнер – мемлекеттің рухани тірегі. Театрлар мен музейлердің салынуы, тарихи мұраны ЮНЕСКО тізі­міне енгізу, Абай, әл-Фараби, Ясауи ілім­дерін жүйелі дәріптеу – ұлттық бол­мысты сақтаудың маңызды тетіктері. «Ұлт­тық цифрлық мұра» қорын құру идея­сы – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір.

Президент баяндамасында заң үстемдігі мәселесіне ерекше мән берілді. Қыз алып қашу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, немқұрайлылық пен жауапсыздық – мұның бәріне қоғам болып тосқауыл қою қажет. Заң бәріне ортақ, ал тәртіп – өркениетті елдің басты белгісі.