Қолдағы дерек бойынша, былтыр 28 851 қазақстандық интернет алаяқтардың құрбаны болған. Иә, жылдан жылға заман өзгерген сайын адамдарды арбап-алдау оңайға түсіп жатқан секілді. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтардың алдын ораудың бірден-бір жолы – қаржылық сауаттылықты жақсарту.
Жалпы, 2025 жылдың алғашқы он бір айы онлайн алаяқтықтың шынайы ауқымын айқын көрсетіп берді. Осы кезеңде құқық қорғау органдары интернет алаяқтыққа қатысты 26 300 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Бұл – бір жыл бұрынғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 20,3 пайызға көп. Ал 2019 жылдың барлық көрсеткішінен 3,4 есе жоғары. Кейінгі жылдардағы ең жоғары меже де осы болып тұр.
Полицияға шағымданушылар санының артуы да кездейсоқ емес. Онлайн алаяқтар қазақстандықтарға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржылық зиян келтіріп отыр. Бас прокуратураның Әлеуметтік қорғау және тергеу комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында интернет алаяқтардың әрекетінен келген шығын 11,2 миллиард теңгеге жеткен.
Ең сорақысы, келтірілген шығынның негізгі ауыртпалығы қарапайым халықтың мойнына түскен. Жалпы соманың 96,7 пайызы жеке тұлғаларға тиесілі. Кәсіпкерлер мен бизнес құрылымдары мұндай қылмыстардан салыстырмалы түрде аз зардап шеккен. Олардың үлесі 2,4 пайызды ғана құраса, мемлекетке келген шығын небәрі 1 пайыз шамасында.
Алаяқтар психологтан кем емес
IT маманы Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, қазіргі алаяқтардың ерекшелігі адамның санасын бұза алады.
– IT маман ретінде айтарым, қазіргі алаяқтар мықты бағдарламашылардан гөрі, мықты психологтарға көбірек ұқсайды. Ең бірінші кезекте, әрине, бәріміз естіп жүрген телефон арқылы жасалатын шабуылдар тұр. Бірақ олар қазір «картаңыз бұғатталды» деп жай ғана хабарласпайды, нағыз спектакль қояды. Өздерін құқық қорғау органдарының немесе Ұлттық банктің қызметкеріміз деп таныстырып, WhatsApp-қа жалған қызметтік куәліктерін жіберіп, адамды әбден қорқытып тастайды. Адам үрейленген кезде дұрыс ойлау қабілетінен айырылады, оларға керегі де сол, – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Оның айтуынша, қандайда бір интернет хабарлама келсе, оны саралап, күмәнді емес екеніне толықтай көз жеткізу қажет. Сонда ғана алаяқтарға ұрынбайсыз.
– Біз сияқты мамандар хабарламаның «ішкі құрылысына», яғни қай серверден келгеніне, IP мекенжайына қарап анықтай аламыз. Бірақ қарапайым қолданушының қолында ондай құралдар жоқ қой, сондықтан ең бастысы – көзбен көріп, мимен саралау. Қарапайым қолданушы бірден байқай алатын ең бірінші белгі – ол сілтеме, яғни сайттың мекенжайы. Алаяқтар түпнұсқаға қатты ұқсайтын, бірақ бір-екі әрпі өзгеше сайттар жасайды. Мысалы, kaspi.kz емес, kaspi-bonus.kz немесе kaspibank.com деп өзгертіп қоюы мүмкін. Асығыс адам мұны байқамай қалады. Екінші белгі – ол «асықтыру». Егер келген хабарлама сізді «тездетіңіз», «қазір жойылып кетеді», «шұғыл» деп ентіктіріп жатса, бірден тоқтаңыз. Банктер немесе мемлекеттік органдар ешқашан сізді дүрліктірмейді, олар ресми түрде, байсалды жазады, – дейді маман.
Халық қаржылай сауатты ма?
Не дегенмен халықтың осыншама ақшаны жай ғана ұрлатып алуы қаржылық сауатсыздыққа әкеп тірейтіні рас. Көп жағдайда қаржысынан айырылып, абдырап қалған азаматтың алғашқы әрекеті кінәні банктен іздеу. Артынша құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, жоғалтқан ақшасын қайтарып беруді талап ететіндер де аз емес. Мұндай көріністер талай рет кездескен. Сарапшының сөзінше, банктер қамал соғып, есік-терезені қанша мықтыласа да, үй иесі есікті өзі ашып берсе, ешқандай қорғаныс көмектесе алмайды. Бұл күресте технологиядан гөрі, халықтың сауаттылығы әлдеқайда маңызды рөл ойнайды.
– Жоғарыда айтылғанның бәрі сол біздің цифрлық сауаттылық деңгейімізге байланысты. IT маманы ретінде байқайтыным, біздің отандастарымыздың ең жиі жіберетін және ең өкінішті қателігі – ол сол баяғы SMS-кодты өз қолымен беріп қою. Қанша жерден ескертілсе де, хабарламаның өзінде «Ешкімге айтпаңыз» деп бадырайып жазылып тұрса да, адамдар абдырап қалғанда немесе қорыққанда сол төрт санды айтып қояды. Бұл цифрлық әлемде үйіңіздің кілтін ұрының қолына өз еркіңізбен ұстатқанмен бірдей ғой. Одан кейін біздің менталитетке тән бір нәрсе бар – ол «бастықтан» немесе «органдардан» қоңырау соқса, бірден сену және қатты қорқу. Алаяқтар осы психологияны өте жақсы пайдаланады. «Ұлттық банк» немесе «полиция» деп хабарласқанда, біздің азаматтар сыни ойлап, күмәнданудың орнына, бірден ақталып, айтқанын бұлжытпай орындауға тырысады, – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
FinGramota медиа порталының мәліметінше, Қазақстан азаматтарының онлайн алаяқтыққа қатысты қаржылық сауаттылығы артып келеді. Олардың жүргізген әлеуметтік зерттеулеріне сәйкес, бейтаныс адамдардың ұсыныстарын алаяқтық немесе пирамида схемалары деп тани алатындардың үлесі артуда. 2024 жылы олар тиісті әлеуметтік сауалнамаларға қатысқандардың 50,6%-ын құраса, 2025 жылы олардың үлесі 62,9%-ға жетті. Алданғанын түсінген адамдар бірінші кезекте қылмыскерлермен телефон немесе онлайн байланысын тоқтатуды шешкен. Алаяқтармен кездескендердің тек 20,7%-ы полицияға арыз берсе, қалғандары шағымданбаған екен.
Адамды басқаратын эмоция
Алаяқтарға құрбан болғандардың да жиі қателігін айтып кеткенді жөн көрдік. Себебі адам ақшасын жоғалтқанда да асығыс шешімдерді қабылдамау керек. Заңгер Бағдат Амандосұлының сөзінше, ең жиі әрі ең ауыр салдарға әкелетін қателіктер дәлелдерді жою мен уақыт жоғалту екен.
– Алданғанын аңғарған сәтте адамдар сабыр сақтаудың орнына эмоцияға беріліп, алаяқпен жазысқан хат-хабарды өшіріп тастайды немесе «бәрібір табылмайды» деген оймен құқық қорғау органдарына жүгінбей қояды. Осылайша, қылмысты ашуға көмектесетін ең маңызды айғақтар өз қолдарымен жойылады. Тағы бір алаңдататын жайт, жәбірленушілердің кәсіби заңгерлерден немесе мамандардан кеңес алмауы. Көп жағдайда адамдар мәселені өз бетінше «жабуға» тырысып, заңдық тетіктерді пайдаланбайды. Ал алаяқтардың ең жиі қолданатын айласы – өзін банк қызметкері немесе ресми орган өкілі ретінде таныстырып, SMS-кодтар мен жеке деректерді өз еркімен алдыру. Мұндай сәтте ең бастысы, дереу банкке хабарласып, күмәнді операцияларды тоқтату. Алайда көпшілік осы шешуші қадамды кешіктіріп, қаржылық шығынды одан әрі ұлғайтып алады, – дейді заңгер.
Бағдат Амандосұлының кеңесіне сүйенсек, ең алдымен, азамат алаяқпен барлық байланысты дереу үзуі керек. Қандай да бір «мәселені шешіп береміз» деген уәде мен қосымша хабарламаларға жауап беру жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Одан кейін дәлел жинау: барлық скриншоттарды (чектер, жазысқан хаттар, нөмірлер) барынша сақтап, қағазға шығару, заңгерден кеңес алу. Тағы бір маңызды тұсы, істің қай бөлімге жіберілгенін бақылау. Онлайн алаяқтыққа қатысты қозғалған қылмыстық істердің полицияның мамандандырылған бөлімшесіне, яғни CyberPol-ға түсуі аса маңызды. Себебі дәл осы бөлім цифрлық іздерді анықтауға, шоттар мен транзакцияларды бақылауға және халықаралық арналар арқылы жұмыс істеуге бейімделген, – дейді маман.
Сарапшылардың пайымынша, келешекте алаяқтық азаймайды, керісінше, бұдан да күрделі шығындарды өткеруіміз мүмкін.
– Алдағы жылдары күтілетін ең үлкен қауіп ол шындық пен жалғанның шекарасының жойылуы дер едім. Қазірдің өзінде жасанды интеллект бар, бірақ алдағы уақытта «дипфейк» (deepfake) технологиясының дамитыны сонша, сіз видеоқоңырау арқылы туған анаңызбен немесе балаңызбен сөйлесіп отырмын деп сенуіңіз мүмкін, ал шын мәнінде ол цифрлық маска киген робот болуы ғажап емес. Оның мимикасы, көзқарасы, дауысының діріліне дейін айнытпай салып беретін болады. Мұндай алдауды қарапайым көзбен ажырату мүмкін болмай қалады, – дейді ЖИ сарапшысы Мейіржан Әуелханұлы.
Қысқасын айтқанда, алдағы жылдары цифрлық әлемді қауіпсіз болады деп дөп айта алмаймыз. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, қарызға белшеден батырып жатыр. Бұл жағдай тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне кіреді.
Әсет ҚАЛИ