Жалпы, Конституциялық комиссия бұл жолы көп өзгеріске жол ашқалы отыр. Мұны кезекті отырыста сөз алған Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың сөзінен аңғардық. Жиында ол комиссия мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырып шықты. Оның сөзінше, құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленген.
Жаңартылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім қосылған. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Осылайша, өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.
– Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда. Мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие, – деді Б.Нұрмұханов.
Жаңа бастамаларға зер салсақ, Қазақстанда адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтілмек. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді.
Негізгі өзгерістердің бағыты белгілі: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата Заң негізінде құқық үстемдігі қамтамасыз етіледі.
Азаматтық қоғамның ықпалы артады
Кезекті жиында конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік беретіні, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашылатыны айтылды. Осыған қарап, Конституция мазмұнының жаңарып, түбегейлі өзгеретінін болжай аламыз.
Басқосуда сөз болған тағы бір жаңалық – Қазақстан Конституциясының преамбуласының редакциясы толықтай жаңартылады. Енді мемлекет пен діннің өзара ықпалдастығы нормаларын жетілдіру ұсынылмақ. Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Конституцияның преамбуласын жаңа редакцияда толық өзгерту ұсынылып отыр, ол жаңа ұлттық құндылықтарды және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып дайындалған. Сондай-ақ қоғамдық бағдарды анықтайтын мемлекеттің миссиясы, тарихи контекст пен мәдени ерекшеліктер көрініс табады. Жалпы алғанда, преамбула қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайды.
– Жобада мемлекеттің мәртебесі анықталған – Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ретінде танылған. «Конституциялық құрылым негіздері» бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын, Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын және басқа да маңызды қағидаттарды бекітетін негізгі ережелер көрсетіледі. Сонымен қатар билікті бөлу қағидаты туралы норма жаңаша тұжырымдалды және елдің қолданыстағы құқығы мәселелеріне арналған конституциялық ережелер нақтыланды, – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Қазіргі замандағы мәселелерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық ережелер де нақтыланбақ. Мемлекет пен діннің, мемлекеттік рәміздердің және басқалардың өзара іс-қимылын реттейтін ережелер жетілдіріліп жатыр.
Отбасы құндылықтары күшейтіледі
Қоғамның назарын аударуға тұрарлық тұс – Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай өзгереді.

Жоба таныстырылымында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитынын атап өтті.
– Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз. Қазір Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшіріліп, жеке бапқа біріктіріледі. Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық және құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түрлері белгіленді, – деді Б.Нұрмұханов.
Бұл тармаққа қатысты өзгерістер мұнымен шектелмейді. «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімін айтарлықтай жетілдіру көзделген. Сот ісін жүргізу нысандарын кеңейту, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты маңызды түзетулер енген.
Біртұтастық – басым бағыт
Комиссия мүшелері адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке баптың қарастырылғанына назар аударды. Құрылтайдың құрылуына байланысты «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөліміне нақты түзетулер енгізу қажет болғаны айтылды. «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға мүмкіндік бермек.
Конституциялық комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Ата Заңының негізгі бөлімдеріне түзетулерді дайындау бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқаны көрінеді. Атап айтқанда, ел Парламентінің өкілеттіктері мен рәсімдеріне айтарлықтай ревизия жүргізілді. Бұл туралы Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.
– «Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды: президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілді. Бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалды. Атап айтқанда, екі палаталы Парламент және оның осындай жүйедегі қызметі туралы ережелер алынып тасталды.
«Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық бап жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдерін реттейтін ережелер қайта қаралды, – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, республика азаматтары арасынан құрылған Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырланған. Сондай-ақ жаңа жоғары кеңес органы Қазақстан халқының мүдделерін білдіру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатыны бекітіледі. Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі туралы ережелер де Конституция жобасына енгізілді.
Ал мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады.
Арнайы аймақтарға көңіл бөлінеді
Басты өзгерістердің қатарына арнайы аумақтарға арналған тарауды қосар едік. Конституцияға белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норма енгізу ұсынылған. Бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты болмақ. Аталған шаралар республиканың тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл ретте Бақыт Нұрмұханов ұсынылып отырған норманы Конституцияның негізгі ережелерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті. Аталған ережелерге сәйкес елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек қана конституциялық заңмен анықталады.
Осылайша, қазір түзетулер енген Конституцияның алғашқы жобасы әзірленіп үлгерген. Соған қарамастан, Конституцияны реформалау бойынша ұсыныстар әлі де келіп жатқан көрінеді. Конституциялық комиссия отырысының модераторы, Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімованың сөзінен осыны байқадық.
− Алдыңғы отырыста біз салыстырмалы кестені жан-жақты талқылап, жобаны мәтіндік нұсқада әзірлеуге келіскен болатынбыз. Ұсыныстар әлі де келіп жатыр. Оның ішінде комиссияның жұмыс органы – Конституциялық сот аппаратына да келеді. Қазір 13 тұлғадан ұсыныстар келді. Барлық материал біздің жұмысымыздың аясында қаралуға тиіс. Дайындалған Конституция жобасының мәтінін мұқият қарау керек болады. Сондықтан қазір мәтінмен топтарда жұмыс істейміз. Сол бойынша нақты тұжырымдалған норма редакцияларымен бірге ұсыныстар беруді сұраймын. Біз оны топтық жұмыс аясында талқылайтын боламыз, – деді Конституциялық Сот төрағасы.
Конституциялық комиссияның жұмысы мұнымен бітпейтіні белгілі. Кезекті отырыс бүгін өткізілмек. Мұнда да салмақты, сарапшылармен талқыланған бастамалар ортаға салынбақ.
Мадияр ТӨЛЕУ