Химия және химиялық технология факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі декан орынбасары Гүлбану Жақсылыққызы жарияланған жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындауымен ерекшеленетінін жеткізді.
- Бұл қағидат тек Преамбулада ғана емес, Ата Заңның бүкіл мәтінінде жүйелі түрде көрініс тапқан.
Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі халықаралық стандарттарға сай қайта қаралып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілердің талаптары барынша ескерілген. Соның нәтижесінде азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейіп, оларды іске асыру мен қорғау тетіктері күшейтілген.
Жаңа жобада өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі – құқықтық мемлекеттің нақты көрінісі. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, зайырлы мемлекет қағидатын нақтылау, неке ұғымының ер мен әйелдің тең құқықты және ерікті одағы ретінде бекітілуі қоғамдағы тұрақтылық пен дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Жарты жыл бойы заңгерлер, сарапшылар мен депутаттар атқарған еңбектің нәтижесінде Конституцияның 77 бабына, яғни мәтіннің 84 пайызына өзгерістер ұсынылуы реформалардың ауқымын көрсетеді. Ендігі басты міндет – осы конституциялық нормалардың іс жүзінде толық әрі әділ орындалуын қамтамасыз ету, - деді Гүлбану Жақсылыққызы.