Отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы есеп тыңдалды.
«AMANAT» партиясы өңір әкімдерінен Жол картасының орындалуын талап етті
aikyn.kz
106
оқылды

 Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің төрағалық етуімен «AMANAT» партиясы  Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысы өтті, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Жиын барысында Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарының Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстарында және Алматы қаласында орындалу барысы туралы есебі тыңдалып, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы нақты мәселелер талқыланды.

– Әрбір қойылған міндет толығымен орындалмай, уақытында өткізілмесе оған деген бақылау да, сұрау да қатты.  Жол картасы бойынша жүзеге аспаған тармақтарына көз жұма қарап, өткізіп жіберу деген жоқ. Орындалмаған тармақтар жоғалып кетпей, келесі кезеңге ауысып, қатаң бақылауға алынады. Біз үшін жаңа серпін беріп қана қоймай, әкімдіктер мен филиалдар үшін Жол картасын іске асыру жөніндегі жұмыстың бағытын көрсету.  Бұл серпіліс – ұзақмерзімді әрі болашақтан  назарын жазбауы тиіс. Әсіресе, сандық бақылау элементтеріне қатысты пайдаға жарамақ, – деді Павел Казанцев.

«AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсинаның айтуынша, белгіленген төрт аймақта  комитеттің көшпелі отырысы өткен.

– Мұндағы мақсат – барлық мүдделі тараптардың қалыптасуымен жергілікті жерде Жол картасының іске асыру барысын талқылау, туындаған мәселелерді шешуге көмектесу, жаңа бағдар беру, пайдаланылмаған ұйымдық резервтерді көрсету, жаңа тетіктер мен әдістерді ұсыну. Соның нәтижесінде барлық филиалдарға мәслихаттардағы фракция филиалдарына, сондай-ақ жергілікті билік органдарына Жол картасын іске асыру жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсынымдар берілді. Өкінішке қарай, сол ұсынымдар барлық өңірде бірдей ескеріп, шешім қабылдап, жүзеге асырылған жоқ. Салдарынан іске асырылмаған тармақтармен, мерзімінде пайдалануға берілмеген нысандар қордаланып, биылғы  жылы да қиындық туғызып отыр, – деді ол.

Майра Арапқызының айтуынша, 2025 жылға арналған  Жол картасын орындамаған аймақтың ең ірісі – Алматы қаласы. Ондағы 25 пункттің 14-інде түрлі проблемалар бар. Оның үстіне, олардың орындалмауы жылдан-жылға азаюдың орнына, ұлғайып жатыр.

–  Ұлытау облысы бойынша  2025 жылға арналған Жол картасындағы  тармақтың 16-сы орындалмаған. Қатарынан орындалмаған Жол картасының тармақтары қазіргі күнде 20-ға жетті. Соның ішінде 4 тармақ қатарынан екі жыл, 3 тармақ үш жыл бойы мүлдем орындалмаған. Тіпті,  2020 жылдардан орындалмаған тармақтар да бар. Бұның өзі қауіпті әрі қордаланған мәселеге айналып барады. Оған қоса, жергілікті әкімдік Жол картасының тармақтарына көптеген түзету  енгізген. Алайда бұл түзетулердің өзі кейінгі жылдарға пайда болған тәуекелдерді жоймайды. Өйткені олар терең талдама мен нақты есепке сүйенбеген. Туындаған проблемалардың себептерін жоймай, тек қана мерзімін ауыстырумен шектелген, – дейді Майра Айсина.

Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары басқа өңірлерде осы сияқты  жоспарлаудағы олқылықтар нысандарға қаржыландырудың жаппай жетіспеуіне әкеліп отырғанын айтты.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, 2023 жылы жоспарланған 115 тармақтың 98 тармағы орындалған.

– Ондағы 17 тармақ мерзімінде орындалмаған. Яғни, қазіргі таңда 14 тармақты жүзеге асырдық, үшеуі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мысалы, 52-тармақ бойынша, Ойыл аудандық ауруханасының күрделі жөндеуі толықтай аяқталып, биыл нысан пайдалануға берілмек. 94 тармақ бойынша 150 орынды  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 16 орталықтың жұмысы тежелді. Оған себеп – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Бұл өзгерістер сметаға енгізіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.  2025 жылдың тамызынан құрылыс жұмысы қайта басталды, – дейді Абзал Әбдікәрімов.

Оның айтуынша,  «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы – ең әуелі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бастаманың бірі.

– Өңір тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселелер  мен нақты сұраныстар толық қамтылған. Сондықтан халыққа берген уәдемізді сапалы әрі уақытында орындау – біздің басты басымдығымыз, – дейді  «AMANAT» партиясының мүшесі.  

Сонымен қатар отырыста Ұлытау облысындағы бірнеше нысанның жай-күйі талқыланды. Жаңаарқа кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені 1,2 млрд теңгеге жоспарланған, бірақ 2023 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты іске аспаған. 2025 жылы нысанды аяқтауға 299,3 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта пайдалануға берілген.  Ұлытау ауылындағы жабық жүзу бассейні жобасы 60% дайындық деңгейінде, құрылыс жұмысы мердігер ұйымдар арасындағы дауға байланысты кешігіп, толық аяқталуы 2027 жылға белгіленген.