Заң мен тәртіп жоқ жерде мемлекет тұрмақ, отбасын құрудың өзі мүмкін емес. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен «Есім ханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы», «Жеті жарғы» заңдары мен билер кеңесінің шешімдері көшпелі қазақ даласында құқықтық-саяси жүйенің негізін қалады.
Жаңа Конституция – жаңа эволюция
199
оқылды

Күлтөбенің басында күнде кеңес еріккеннен өткен емес. Мемлекеттік маңызды мәселелер шешілді. Аталмыш заңдар да өзгеріске ұшырап тұрды. Қазіргінің тілімен айт­қанда, Президенттік басқару мен дала Парламенті сол кезден-ақ жұмыс істеді. Заңдарды жетілдіру – заман талабы. Елде заң болмаса, хаос болады. Заң бар жерде тәртіп орнайды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен құқықтық-саяси реформа іске асырылуда. Соның арқасында азаматтардың құқықтарын қорғайтын, отбасының тыныштығын сақтайтын, елге пайдалы қаншама заң қабылданды. 25 жылда ұмытылған «Референдум туралы» заң жаңғырып, Конституция біршама жаңартылды.

Өздеріңізге белгілі төрт жыл бұрын Конституцияның қатып қалған баптары өзгертіліп, Қазақстан супер­пре­зиденттік басқарудан бас тартты. Мемлекет басшысының ет жақын туыстары лауазымды қызметтерге тағайын­далмайтын, жеті жылдық өкілеттік мерзім бекітілді. 

Егемен елдің бейбітшілік саясында тыныш өмір сүрудің өзі бақыт. Ел іші мен шетінде тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, ынтымақтастық пен серіктестік ықпалдастықты арттыру үшін сапарлатып жүрген басшымыздың Қазақстанға сіңіріп жатқан ерен еңбегі мен қайраткерлігін жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, Мемлекет басшысының тұрақтылық деңгейге көтеруге бағытталған реформалары жақсы нәтижеге жеткізуде. Десе де, кез келген реформа тәжірибеде зерделенеді. Тиімсіз болса, заңнан алынып тасталады, қажеттілік туындаса қайта қаралады. Заң да, жүйе де, сол үшін заң және жүйе. Қазір орын алып жатқан оңды өзгерістер де, 4 жыл бұрын Конституцияға енгізілген өзгертулер де заманның сұранысынан.

Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек бір палаталы Парламент құру шеңберінде емес, мемлекеттік басқару жүйесіне де байланысты Конституцияның көптеген баптарын өзгертуге тура келетінін айтты. Өйткені отандастарымыздың жолдаған екі мыңнан аса ұсынысы жарты жылдан бері қаралып, мәресіне жеткен екен. Ата Заңды жаңалаумен айна­лысатын Конституциялық комиссия құрылып, өз жұмысын бастап, жаңа жобаның алғашқы нұсқасын жариялап та үлгерді. Конституцияның жаңа жобасы Преамбула, 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Жаңадан «Қ­а­зақ­стан Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты 2 бөлім қосылды. Сонымен қатар 4 бөлімнің ескі атауы жаңартылған. Ата Заңның мазмұны жаңа ұлттық құндылықтар мен заман талаптарына негізделген. Яғни, Конституциялық құрылыс мақсаты, қағидаттары, себептері, қоғам мен мемлекеттің даму бағыты, қоғамдық бағдарды айқындайтын биліктің миссиясы, тарихи, мәдени, отбасы және ұлттық құндылықтарға бағытталды. 

Президентіміз ғылымға көңіл бөліп, соңғы бес жылда мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі 2,3 есеге артты. Биылдың өзінде терең өңдеу өндірісін өркендетуге 252 млрд теңге ғалымдарға берілмек. Елдің экономикасын өрге сүйрейтін өндіріс секторы болса, бір өнімнен көп өнім өндіру – ғалымдардың бір ісі. Инновациялық дамуда сүйеу болатын – ғалымдардың жетістігі. 

Президент Ұлттық құрылтайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтарды айқындап, ұрпақтың болашағына кесірін тигізетін әрекеттерге тосқауыл қоюды тапсырды. Былтыр ішкі саясат саласын ретке келтіретін қағидаттар, құндылықтар мен бағыттар бекітілді. Енді оған басымдық беріп, белсенді түрде іске асыруға шақырды. Өздеріңізге белгілі, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің негізінде 26 заң қабылданды. Соның арқасында ана мен баланың құқын қорғайтын, ойынқұмарлық пен нашақорлыққа қарсы қадамдар жасалды. 

Енді елімізде өмір сүру құқығын жоғары дәрежеге көтеру үшін адамға бағытталған саясат Конституциямен реттелмек. Азаматтардың жеке басына қолсұқпаушылық пен негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалар енгізіледі. «Миранда ережесін», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейтіліп, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағи­даттары беки түседі. 

Қазақстанда «бір ел, бір мемлекет» деген ұғым қалыптасуы керек. Енді жаңадан құрылатын Халық Кеңесінің құрамына 42 этнос өкілі мүше бола алады. Бұған дейін Парламентте 5 мандатқа Президенттік квота беріліп келсе, енді мұндай бөлініс жоқ. Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғас­тыратын, халықтың мүдделерін білдіретін, жаңа заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативті орган болады. Енді қоғамның ұсыныстары негізінде құқықтық бастамалар алдымен Халық Кеңесінің елегінен өтіп, Парламентке ұсынылады. Халық Кеңесі консультативтік ұйымға айналады. 

Конституцияға өзгерістер енгізу, жай кітапқа айналдыру емес. Мәселен, АҚШ-тың әрбір штатының өзінің ерекшелігіне қарай жазылған жеке Конституциясы бар. Жалпы, әлем елдерінде заңдар өзгертілмейді деп айта алмаймыз. Жан-жақта геосаяси жағдай тұрақсыз болып жатқан шақта Қазақстан үшін Ата Заңды жедел жаңалау керек болып тұр. Бас құжатқа енгізілген түзетулер институтционалдық-құқықтық негізін мығымдап қана қоймай, тұтас мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, ел дамуын жаңа деңгейге көтеріп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Жаңадан түзілетін жүйе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға серпін береді.

Конституциядағы мемлекеттің, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қолсұғылмаушылығы туралы норма қаз-қалпында қалады. Жаңа жобаға тек Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметі мен Алматыдағы Алатау қаласын дамытуға қатысты белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қа­лаларды құру мүмкіндігін енгізу ұсынылды. Конс­титуцияның ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатымен «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» делініп, ұлттық құндылықтар мен заман жаңа талаптары ескерілді. 

«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім басты құжатты ең үздік халықаралық тәжірибеге сай жаңартуға мүмкіндік береді. Ал атауы өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімі де түзетіліп жатыр. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды ұсыныстар енгізілді.

Жаңа жобада «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика» деп бектіліп, егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылылықтар санатына жатқызылды. Президенттік басқару – ішкі-сыртқы саяси тұрақтықтылыққа кепілдік болады.

Қазақстанда Вице-президент институтын қа­лыптастыру – техникалық тұрғыдан саяси биліктің қызметін уақытша қамтамасыз ету. Яғни, әлдеқандай себептермен билікте ауыс-түйіс орын алып жатса да, қоғамның дамуы мен халықтың өмір сүру үрдісі тоқтамайтын үдеріс болады. Сондықтан уақытша басқару кезеңіне керек лауазым. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрыл­тайда Вице-президенттің негізі міндеттеріне халық­аралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін қорғайтынын, Парламентте мемлекет басшысының атынан сөз сөйлейтінін, ішкі-сыртқы қоғамдық, саяси, ғылыми және ағартушылық ұйымдармен жұмыс істейтінін, Президенттің басқа да тапсырмасын орындайтынын айтты. Вице-президент лауазымы Конституциямен бекітіліп, Парламенттің келісімен Президент тағайындайды. Қазақстан билігінде де ширек ғасыр бұрын болған лауазым. Вице-президент Президенттің ықпалын әлсіретпейді.

Бір палаталы Парламент құру – көптен бері айтылып, пісіп жетілген мәселе. Президент еліміздің жоғары заң шығарушы органында тәжірибелі әрі білікті мамандардың, салалық сарапшылардың депутат болуы керектігін айтқан. Қай салада болмасын, білікті әрі іскер, адал әрі әділ азаматтар болса, еліміздің көсегесі көгеріп, өзгелермен терезесі тең болатын жетістікке жетеді. Мемлекет басшысы сөзден нақты іске көшіп, саннан сапаға мән беріп, жұмыс істейтін жауапкершілікті күшейтуде. Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту ұсынылды. Қазақи атау көпшіліктің көңілінен шықты. Конституцияның жаңа жобасына сәйкес, Құрылтайдың құзыреті кеңейтілді. Құрылтайға 145 депутат партиялық тізіммен бес жылға сайланады. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуда, олардың институционалдық рөлін арттыруда және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуде маңызды рөл ойнайды. Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламент үлгісі мен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне арналған ережелер енгізіліп, заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді. Құрылтайдың модулі мен оның сессияларына қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы жаңар­тылды. Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер нақтыланды. Құрылтайға заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі бекітілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері белгіленіп, Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді. 

Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты Үкімет пен оның мүшелерінің заң шығарушы органмен өзара іс-қимылын күшейту үшін атқарушы билікке қатысты көптеген ережелер реттелді. Енді Үкіметке Құрылтай алдында есеп беруге міндеттелмек. Президент тапсырмаларын өз деңгейінде орындамаған жағдайда, сенімсіздік вотумын білдіру тетіктері айқындалды. Себебі елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», Әділетті Қазақстан, «Ықпалды Президент – күшті Парламент – есеп беретін Үкімет» құрылып жатыр. Конституциялық реформа халық пен мелекеттің игілі үшін Президент пен Парламент, Халық Кеңесінің ықпалы арттырылып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сатыға көшіріліп жатыр. Жаңа Конституция елдігіміздің нығайып, еліміздің дамуына даңғыл жол ашып, кепіл болады. Жаңа реформалармен жаңа Қазақстанның эволюциялық дәуірі басталады. 

Қайрат БАЛАБИЕВ, 

Мәжіліс депутаты