Мемлекеттің алға қойып отырған бағдары бойынша, әуежол көлігі, әуежүк тасымалы, халықаралық деңгейде әуежайларды қалыптастыру негізі мақсат болып тұр. Егер авиация саласы қарқынды дамып, Орталық Азиядағы ең ірі авиапарк құрылса, ел бюджеті еселене түспек.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында авиация саласын дамытудың маңыздылығын атап, жаңа халықаралық рейстерді іске қосу, азаматтардың әлемді еркін аралауына жол ашу, халықаралық көлік-транзитін дамыту қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ саладағы олқылықтарды қозғап, Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді.
Үкімет дерегінше, Қазақстан арқылы 2023 жылы 13 миллионға жуық жолаушы тасымалданған, ал әуежүк тасымалы 130 мың тоннаны құраған. 2024 жылы қазақстандық әуекомпаниялар 14,7 млн адам тасмалдады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Сондай-ақ қызмет көрсетілген жолаушылардың саны 14 пайызға өсіп, 29,7 миллион адамды құрапты. Әуежүк тасымалы 141 мың тоннадан асыпты. Ал бізге белгілі, 2025 жылдың 10 айында әуекөлігімен 13,1 миллионнан аса адам тасымалданып, 26,6 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіліп, 140 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Осылайша, Қазақстанда жыл сайын әуетасымалы, жолаушылар тасымалы 10-15%-ға артуда.
Алматы қаласы халықаралық әуежайы жаңа терминалының өткізу мүмкіндігі жылына 14 миллионға, Шымкент әуежайы 800 мыңнан 6 миллионға, Қызылорданың «Қорқыт Ата» әуежайы 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін өсті. Пропорционалды түрде жылдан-жылға әуежол көлігін пайдалану жағы артып келеді. Биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлар құрылысы тәмамдалып, Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды. Сонымен бірге Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады. Әйтсе де, бұл көрсеткіштермен тоқмейілсуге әсте болмайды.
Еуропа мен Азия арасындағы көпір
Елдің авиация саласында жолаушылар, жүк тасымалы бойынша бірқатар іс қолға алынды. Көлік министрлігі дерегінше, ішкі коммерциялық әуе маршруттарының саны 42 бағытты құрап, аптасына 643 рейс қатынайды. Сонымен қатар өңірлердің әуекөлік қолжетімділігіне көңіл бөлінуде. Биыл 26 ішкі бағытты субсидиялау көзделіпті. Шетелдік әуекомпанияларын тарту, халықаралық рейстер санын арттыру мақсатында елдің 17 халықаралық әуежайында «ашық аспан» режимі қолданылады. Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 135 бағытқа дейін кеңейтілді, аптасына жалпы 626 рейс жиілігімен былтырдан бастап Гуанчжоу, Шанхай, Будапештті санағанда, жалпы 35-тен астам жаңа бағыт ашылды.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының басшысы, белгілі экономист Бекнұр Қисықов авиация саласын дамытудың экономикалық тиімділіктері мол екеніне сенімді. Бірақ авиапарк құру ісі орта жолда қалып, шаруа шалағай болып кетпеуін қадағалау қажет. Ол дамыған елдердегідей бір орталыққа бағынған, қазақтың ұлттық авиакомпаниясын құру идеясын дұрыс бастамаға балайды.
– Еуразия кеңістігінде Қазақстанның авиахаб құруы, локациялық, экономикалық, әуеқозғалысының уақытын үнемдеу жағынан өте тиімді. Таяу Шығыстағы, Ресей – Украина арасындағы қақтығыстар салдарынан ол жақтарда ұшу қауіптілеу. Ұшақтар Еуропа мен Азия арасында ұшу үшін 3 мың шақырым біздің үстімізден өтеді. Солардың 10 пайызы қонса да пайда. Ал бізде оларды қабылдайтын авиапарк жоқтың қасы. Air Astana, Qazaq air компаниялары бұл межені орындай алмайды, әуежайларда жекешеленіп кеткен. Дамыған державаларда АҚШ-тың American Airlines, Түркияның Turkish Airlines, тіпті Өзбекстанның Uzbekistan Airways сияқты ұлттық әуекомпаниялары сол елдің экономикасының күретамырына әлдеқашан айналған. Жаңадан Астана, Алматы, Түркістаннан үлкен терминалдар салу керек. Бірақ бастама соңына дейін орындалса екен. Сондықтан ұлттық бағдарлама қабылдап, бір орталыққа бағынған Qazaq Airlines деп аталатын әуежолдарын құру өте дұрыс шешім, – деп санайды экономист.
Кадр тапшылығын ескеру керек
Көлік министрлігінің мәліметінше, жыл сайын авиация саласында 500-600-ге жуық маман жетіспейді. Ал Азаматтық авиация академиясында бас-аяғы 2 мыңның төңірегінде маман оқып жатыр. Соған қарамастан, ұшақ тізгіндейтін ұшқыш, қозғалтыш жөндейтін инженер, әуежайларда әртүрлі персонал тапшылығы сезіледі.
Қазақстандық инженерлердің АҚШ, Түркия, іргедегі Өзбекстан мен Қырғызстанда табанды еңбек етіп жүргенін оқта-текте медиадан байқап қаламыз. Білікті кадр керек екенін сала өкілдері біліп отыр. Азаматтық авиация академиясының академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Аркен Советжанұлы да маман тапшылығы барын жасырмайды. Формалды оқытудан өндірістік тәжірибеге негізделген, халықаралық стандарттар бойынша ағылшын тілін меңгере отырып маман дайындаған жөн деп біледі.
– Көпшілік авиацияда тек ұшқыштар жетіспейді деп ойлайды. Шын мәнінде, кадр тапшылығы әлдеқайда кең ауқымда. Бүгінде нарыққа әуекемелеріне техникалық қызмет көрсететін инженерлер, авиациялық қауіпсіздік мамандары, әуеқозғалысын ұйымдастыратын диспетчерлер, әуежайлар мен авиакомпанияларды басқарушы менеджерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттары саласының мамандары, цифрлық жүйелер мен деректерді талдау инженерлері қажет. Халықаралық кәсіби ортада техникалық, сервистік ағылшын тілін білген жөн. Сондай-ақ ICAO, EASA, FAA стандарттары мен қазіргі авиацияның күнделікті талаптарын игерген абзал. Формалды оқытудан нақты практикаға негізделген модельге көшу авиацияның ілгерілуіне септігін тигізеді, – деді ол.
Авиапарк пен авиаотын басты назарда
Энергетика министрлігінің мәліметінше, өндірісті ұлғайту 2030 жылдарға қарай жоспарланып отыр және шамамен 1,5 млн тоннаға жетеді. Осыған байланысты авиациялық отынды импорттауға мұқтаж бола береміз. Мамандар авиаотынға кететін шығындарды азайту мақсатында көптеген келісімге қол жеткізгендерін мәлімдеді. Мәселен, ЕАЭО аумағынан тыс өндірілген авиациялық отынды импорттауды әртараптандыру, Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде авиациялық отынды импорттық кедендік баждардан босату, әуетасымалдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын жанар-жағармай импортын ҚҚС-тан босату секілді амалдар бар.
Мемлекеттің авиацияны дамыту жоспары бойынша авиапарктерді жаңарту ісі көзделген. Авиапарктерді дамыту, жанар-жағармай тапшылығы өз ретімен шешілмек. Бұл туралы Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті төр- ағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов айтты. Салаға жауапты маманның сөзіне қарағанда, сұраныс артқан сайын саладағы қажеттіліктерге сай жұмыс атқарылып жатқанға ұқсайды.
– 2025 жылы отандық әуекомпанияларының әуекемелері паркі 12 жаңа ұшақпен толықтырылды. 2026 жылдың соңына дейін әуекомпаниялар тағы 9 әуекемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы, әуепаркі шамамен 118 әуекемесін құрайтын болады. Авиациялық отын өндірісінің шектеулі болуына және мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты азаматтық авиация саласы жыл сайын авиакеросин тапшылығына тап болып отыр. Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-на әуекомпанияларын жанармаймен қамтамасыз ету үшін қазақстандық әуежайлар инфрақұрылымына тікелей қолжетімділік берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазақстандық әуежайлардағы авиациялық отынның орташа бағасы бір тонна үшін 1,3 мың доллардан 1 мың долларға дейін төмендетілді. Ірі шетелдік жүк тасымалдаушы әуекомпанияларымен жұмыс істелуде. «ҚазМұнайГаз – Аэро» делдалдарсыз тікелей әуекомпанияларына жанармай құю көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр, осыған байланысты авиациялық отын бағасы кезең-кезеңімен төмендетіледі, – дейді комитет төрағасының орынбасары.
Ұшақтардың жанар-жағармай қажеттілігі сезіліп жатыр. Азаматтық авиация комитеті берген деректерге сүйенсек, 2023 жыл өндіріс – 637 мың тонна, тұтыну – 832 мың тонна, ал 2024 жылы өндіріс – 681 мың тонна, тұтыну – 866 мың тонна, 2025 жылы өндіріс – 662 мың тонна, тұтыну 1 млн 73 мың тонна болған. Тапшылықты жою үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарында авиациялық отын өндірісінің көлемін жүйелі түрде арттыру қажет боп тұр.
Мемлекеттік меже – Еуразияның беделді авиахабына айналу. Осының негізінде авиацияны дамыту, саладағы кемшіліктерді жою мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарлама бекітілді. Авиация саласын бақылайтын цифрлық e-Freight ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. 25 жылдан асқан ескі ұшақтар мәселесі қайта қаралмақ. 2026 жылдан бастап әлемге әйгілі 7 сағаттан артық ұшатын Boeing ұшақтары жеткізілмек. Сонымен бірге АҚШ сияқты мұхит асатын елдерге тікелей рейс ашу діттелуде. Аталған ой, жоспарлаған дүниелер көңіл қуантады. Егер авиация саласының бойына қан жүгірсе, біздің елдің әуеқозғалысы жанданып, экономикасы қарқынды дамып, халық әлемнің кез келген қиырына еркін ұша алар еді.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ