Қазіргі таңда 180 мың банка дайындалған, ал өндіріс көлемін алдағы уақытта бірнеше есе арттыру жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстанда киік етінен жасалған жаңа консервілер нарыққа шыға бастады
87
оқылды

Қазақстанның батыс өңірінде киік етінен консерві шығару басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Қазіргі таңда 180 мың банка дайындалған, ал өндіріс көлемін алдағы уақытта бірнеше есе арттыру жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, былтыр билік өкілдері киіктерді ату және етін өңдеу шараларын «жануарлар санының шамадан тыс көбеюін реттеу қажеттілігімен» байланысты деп түсіндірген. Сол бес айда Батыс Қазақстан облысында 108 мың киік атып өлтірілген.

Киік етін өңдеп нарыққа шығаруға 15 кәсіпорын ниет білдірген. Оның біреуі Атырауда, қалғандары Батыс Қазақстан облысында орналасқан.

Өндіріс бірнеше кезеңнен тұрады. Технолог Гүлжазира Кенжегалиева 24.kz арнасына берген сұқбатында дайын өнімнің сапасы қатаң бақылаудан өтетінін айтты.

«Стерилизациядан кейін консервілер таңбалауға жіберіледі, шығарылған күні көрсетіледі. Өндірістік зертханамыз сынама алып, тексеру жүргізеді. Нәтижесінде сатуға рұқсат беретін хаттама жасалады. Қазір бір ауысымда шамамен 16 мың банка шығарып отырмыз», – деді ол.

Баға мәселесіне келсек, киік етінен жасалған консервілер сиыр етінен дайындалатын дәстүрлі өнімге қарағанда арзан болады.

Жаңа өнімнің нарықтағы сұранысы мен қоғамдық қабылдануы алдағы уақытта белгілі болады.