Қазақстанда ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – құқықтық жүйені тек түзету емес, мемлекеттік басқару логикасын қайта құрылымдауға бағытталған маңызды құжат. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін физика-техникалық факультетінің аға оқытушысы мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылымдық тұрғыда 11 бөлім мен 95 баптан тұратын жоба құқықтық нормаларды ірілендіру және мазмұнды жаңарту бағытын көрсетеді.
– Ең бастысы, мемлекеттің унитарлылығын және оның шекарасы мен аумағына қол сұғуға болмайтыны келтірілген. Бұл қасиетті қазақ жерінің әр бөлігі егемендік ретінде қорғалады деген сөз. Білім саласына тоқталсақ, Конституция деңгейінде білім мен ғылымның стратегиялық мәнін белгілеу маңызды болып отыр. Білім мен ғылым саласы тұрғысынан жаңа жоба ерекше мәнге ие.
Қолданыстағы Конституцияда білім беру мемлекеттің міндеті ретінде қарастырылғанымен, ғылым мен академиялық еркіндік толық конституциялық қорғауға ие емес. Жоба аясында ұсынылған 23-бап осы бағыттағы нақты қадам ретінде қарастырылады. Бап бойынша сөз еркіндігі, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі кепілдендірілген.
Зияткерлік меншік құқықтары заңмен қорғалады, ал мемлекеттік құпияларды қоспағанда, ақпаратқа еркін қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұл университеттер мен ғылыми ұйымдарға зерттеу мен білім беруді еркін жүргізуге құқықтық негіз береді. Осылайша, 23-бап ғылыми қызмет пен білімнің стратегиялық мәнін Конституция деңгейінде бекітіп, академиялық еркіндік пен ақпараттық ашықтық үшін құқықтық кепілдік ұсынады.
Жалпы, жаңа Конституция жобасы білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық негіздерінің бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл мүмкіндік нақты мазмұнға айналуы үшін белсенді қоғамдық және академиялық талқылау қажет. Конституция – қоғамның ұзақмерзімді келісімі, ал білім мен ғылым осы келісімнің ортасында болуы тиіс, – дейді Еркебұлан Нәлібаев.