Дүниежүзілік сайлау күні аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қонаев университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Диалогқа 400-ге жуық жас сайлаушы мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесуге Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің өкілдері, ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Жас сайлаушылар клубының өкілдері, Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Кездесу бағдарламасы ашық әрі интерактивті сұрақ-жауап форматында өтті. Диалог барысында Қазақстанның сайлау жүйесін дамытуға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Нұрлан Әбдіров сайлау жүйесінің құрылымы, Орталық сайлау комиссиясы жанынан жұмыс істейтін диалог алаңдары, халықаралық ынтымақтастық, Орталық сайлау комиссиясы дайындайтын басылымдар, сондай-ақ жастар арасында электоралдық мәдениетті дамыту туралы айтып берді.
Іс-шара барысында жастардың сайланбалы және өкілді органдарға қатысуына қатысты нақты мысалдар келтірілді. Бүгінде Абай облысы Жаңасемей ауданына қарасты Ертіс ауылдық округін 26 жастағы әкім басқарып отыр. Мәслихаттағы ең жас депутат – 23 жаста (Қостанай облысы, Қамысты ауданы), ал Мәжілістің ең жас депутаты – 28 жаста.
Кездесу интерактивті сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, өзекті әрі мазмұнды сұрақтар қойды.
Кездесу барысында қатысушылар Орталық сайлау комиссиясы жанындағы кадрлық резервтің бар-жоғы және кандидаттарға қойылатын талаптар туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені ескере отырып, электронды дауыс беру жүйелерінің сенімділігі мен ашықтығы мәселесі көтерілді. Сондай-ақ сайлауға қатыспағаны үшін жауапкершілікке қатысты шетелдік тәжірибені қолдану мүмкіндігі жөнінде ұсыныс айтылды.
Бұдан бөлек, цифрландыру жағдайындағы болашақ көшбасшының бейнесі, жастардың сайлауға саналы көзқарасын қалыптастыру тетіктері, жастардың электоралдық үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ Жас сайлаушылар клубы мүшесінің заманауи келбеті мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап өтілгендей, сайлау органдарының жүйелі әрі дәйекті жұмысының нәтижесінде жастардың электоралдық салаға тартылу деңгейі тұрақты түрде артып келеді. Бүгінде жас азаматтардың өз бастамасымен еліміз бойынша 248 Жас сайлаушылар клубы жұмыс істеп тұр.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы жастармен жұмыста тек формалды ақпарат берумен шектелмей, сайлаудың не үшін қажет екенін, оның басқару жүйесіндегі рөлін және әрбір азаматтың қатысуы неліктен маңызды екенін түсінікті әрі жүйелі түрде түсіндірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте «тең деңгейдегі» қарым-қатынастың, яғни сайлаудың маңызын жастардың өз қатарластарына жас көшбасшылардың өздері жеткізуінің ерекше рөл атқаратыны айтылды.
Жас сайлаушылар электоралдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікірлерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі онлайн-сауалнамаға белсенді қатысты, оның ішінде сайлау және референдумдарды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсынымдары да қаралды.
Сауалнама нәтижелерінің негізгі қорытындылары:
- 71,3% респондент Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болғанын қолдайды;
- 46,3% респондент қағаз бюллетеньдер арқылы дәстүрлі дауыс беру тәсілін құптайды;
- 41,1% респондент сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар дауыс беруге қатыспауы тиіс деп санайды;
- 48,8% респондент сотталған азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуді қолдайды;
- 57,9% респондент сайлау туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алады.
Пікірталастың белсенді қатысушыларына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай дайындалып, жарық көрген электоралдық тақырыптағы ғылыми басылымдардың даналары табыс етілді. Университет кітапханасына «Қазақстандағы сайлау: қысқа да нұсқа» атты кітап сыйға тартылды.
Мұндай кездесулер сайлау комиссияларының міндеттері мен жұмыс тетіктерін нақты әрі көрнекі түрде түсіндіруге мүмкіндік береді. Бүгінгі студенттердің арасында болашақта мемлекеттік қызметтің, заң шығару үдерісінің және саяси басқарудың кадрлық резервін құрайтын жас мамандардың шығуы әбден мүмкін.
Жалпы, Дүниежүзілік сайлау күні аясында еліміз бойынша шамамен 2 500 пікірталастық және интерактивті іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралармен 106 мыңнан астам адамды қамту көзделген. Олардың қатарында мектеп оқушылары мен студенттермен кездесулер, квесттер, семинарлар, эссе және бейнероликтер байқаулары, дебаттар мен зияткерлік ойындар бар. Іс-шаралардың тақырыптық бағыты сайлау жүйесін дамыту, демократиялық мемлекеттегі сайлаудың рөлі, азаматтардың сайлау құқықтары, азаматтық қоғамның маңызы, инклюзивтілік, заңның үстемдігі және ашықтық мәселелерін қамтиды.
Аталған бастамалардың басты мақсаты – жастардың құқықтық және электоралдық мәдениетін арттыру, сондай-ақ сайлауға қатысуға жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастыру. Осы орайда 2 ақпанда Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубымен кездесу өтті. Кездесу барысында жастардың электоралдық сауаттылығын дамыту, олардың сайлау үдерістеріне қатысуын кеңейту, сондай-ақ Жас сайлаушылар клубының сайлау органдары мен жастар қауымдастығы арасындағы тұрақты диалог алаңы ретіндегі институционалдық рөлі талқыланды.
Сол күні аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған «Сайлау үдерісін дайындау мен өткізудің негізгі аспектілері» тақырыбында оқыту семинары өткізілді. Семинардың басында өңірлік сайлау комиссияларының мүшелері сайлау заңнамасы мен рәсімдеріне қатысты білім деңгейін анықтау мақсатында тестілеуден өтті.
Семинардың мақсаты – комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру, сайлау үдерісі барысында туындайтын практикалық мәселелерді шешу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету.