Бүгін орталық аппаратта «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөнінде республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиын модераторы «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрайымы, партия хатшысы Шолпан Каринова болды, – деп хабарлады Aykin.kz
Отырыс барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу нысандарымен қамту, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен жұмыс оқу жоспарларын бейімдеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамыту шаралары (квоталар, бейімделген білім беру бағдарламалары, ассистивті технологиялар, практика ұйымдастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру) мәселелері қаралды.
Шолпан Каринованың айтуынша, бұл биылғы жылдың республикалық кеңестің бірінші отырысы.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайдың қаншалықты орындалып жатқанын, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қызметтің қаншалықты көмектесіп жатқанын біліп, бағдарлау мақсатта бас қосып отырмыз. Оған қоса, бүгінде қарастырылып жатқан Ата Заң жобасы ел дамуының жаңа бағдарларын, оның ішінде білім, ғылым және инновациялар саласындағы басымдықтарды айқындайды. Сонымен бірге, Конституция жобасында адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық қызметінің бағыты ретінде танылған. Біздің қарастырып жатқан мәселеміз, яғни мүмкіндігі шектеулі жандардың ауылы бұдан алыс емес. Сондықтан олардың мәселелері - біздің басты назарда, – деді «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрайымы.
«AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев те Жаңа Конституция жобасы болашаққа бағытталған, прогрессивті құжат екенін атап өтті.
– Оның іргетасында адамға бағдарланған ұстаным жатыр. Бұл қоғамда инклюзивті ортаны дамытуда, соның ішінде Қазақстанның білім беру жүйесін ілгерілетуде ерекше маңызды. Қазір ұлттық деңгейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа Заң әзірленіп жатқанын білесіздер. Ол осыған дейін жасалған жұмыстардың жүйелі жалғасы. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы, сондай-ақ Сенат депутаттарының бастамасы негізінде дайындалуда. Әзірленіп жатқан заң жобасы балалардың медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың сапалы білім алуымен қатар, қоғамда табысты әлеуметтенуі үшін де аса маңызды, – деді Ерлан Әбдиев.
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова мүмкіндігі шектеулі балалардың 17 673-нің 15 703 қамтылғанын жеткізді. Ал әлі қамтылмаған 1970 баланың балабақша арнайы білім беру, оңалту орталығының кезегінде тұрғанын мәлімдеді.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қамтамассыз ету мақсатында негізгі міндеттерінің бірі – ең әуелі сапалы білім беру мен қолжетімді орта қалыптастыру. Елімізде 237 мың мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның ішінде мектепке дейінгі жаста 71 мың бала болса, мектеп жасындағы – 166 мың. Мүмкіндігі шектеулі балалардың басым көпшілігі – психикалық дамуы тежелген балалар, сөйлей тілінің бұзылысы бар балалар. Қазір инклюзивті білім беру жағдайында балабақшаларда 49 200 бала, мектептерде 138 700 бала білім алуда. Оның ішінде 5 400 бала инклюзивті сыныптарда оқиды. Әрбір баланың білім алу қажеттілігі психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) қорытындысы негізінде бағаланады. Бүгінде елімізде 124 ПМПК жұмыс істейді, 2026 жылы тағы 8 комиссия ашу жоспарланған (Түркістан облысында – 3, Алматы облысында – 1, Алматы қаласында – 1, Жамбыл облысында – 1). Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін оқу жоспарлары мен бағдарламалар олардың жеке даму ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне бейімделеді, – деді Майра Мелдебекова.
Оның пікірінше, бүгінде әрбір мектепте тиісті қызметтер құрылып, олардың құрамына арнайы педагогтар, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және педагог-ассистенттер кіретін болған.
– Жалпы білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам арнайы және психологиялық-педагогикалық маман қолдау көрсетеді. Сонымен қатар инклюзивті сыныптарда 5 мыңнан астам педагог-ассистент, 129 жеке көмекші физикалық сүйемелдеу қызметін атқарады. Педагогтердің инклюзивті білім беру саласындағы біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын шамамен 7 мың педагог арнайы курстардан өтеді. Бұл курстар практикалық бағытта әзірленген», – деді ол.