Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды. Пәкістанның шекарасына енгеннен бастап Әскери әуе күштерінің ұшақтары Қазақстан Президенті мінген бортпен қапталдасып ұшты.
Тарихтан тамыр тартқан ынтымақтастық
216
оқылды

Мемлекет басшысын Исламабад әуежайында Президент Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алды. Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның туларын ұстаған балалар Қасым-Жомарт Тоқаевқа қошемет көрсетті.

Келіссөздердің ауқымы кең

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф әуелі шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздерден бұрын Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Мемлекет басшысын Премьер-министр Шахбаз Шариф күтіп алды. Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Қарсы алу рә­сімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-ми­нистрінің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды.

Бұдан соң екі ел басшылары келіссөз залына барды. Тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф­тің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Президент Исламабадқа келіп, Пәкістанның бай та­рихымен, мәдени мұрасымен және ғасырлар бойы қалып­тасқан дәстүрлерімен танысуды зор мәртебе санайтынын атап өтті.

– Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның символдық мәніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойылған Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие.

Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.

Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Пре­зи­денттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. 

Сондай-ақ уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадамдарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.

Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды.

– Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Премьер-министр.

Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақ­станның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті. Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынты­мақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.

Салалар бірлесе дамытылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Оның ішінде Тау-кен өнеркәсібі және геология ғылымы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; БҰҰ миссияларында бітімгерлік бөлімшесін (бөлімшелерін) бірлесіп өрістету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; Экстрадициялау туралы шарт секілді бірқатар маңызды құжаттар бар. Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында бұдан бөлек тағы 18 құжатқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халық­тарымызды Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біз­дің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өз­ара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екі­жақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады. Елдеріміз арасындағы достық қатынастарды және өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф айтарлықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы деп атады. Оның келешекке бағдарланған салиқалы саясат жүргізуінің арқасында Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделі жылдан жылға артып келеді.

– Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сын­­дарлы әрі жауапты қадамдары аймақ­тағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ны­ғайтуға септігін тигізді. Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндік­тері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халықаралық нарықта кеңінен таралған. Әскери-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халықтың түрлі салалардағы әрбір жетіс­тігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.

– Ынтымақтастығымыздың түрлі ба­ғыттарына серпін беретін маңызды үкімет­аралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақ­параттық технологиялар, мәдени-гумани­тарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыс­тырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынты­мақтастық жөніндегі жол картасы» (2025-2027 жыл­дарға арналған) тиімді іске асыры­лып кел­еді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіп­керлеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл­ды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалып­тастырудың маңызын атап өттік. Әсір­есе, алыс-берісті кеңейту мақ­сатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.

– Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін тал­қыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамы­туды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік ба­ғыт­ты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы те­мір­­жол бағытын іске асыру перспек­тивасын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу мүмкіндігі зер­деленеді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті.

– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маң­­ыз­ды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елі­мізде тауарлар өндіруге бағытталған кә­сіпорындар ашуға шақырдым. Қазіргі уақытта олар ауыл шаруашылығы, фарма­цевтика және құрылыс материалдары өнім­дерін өндіруге қызығушылық таны­туда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.

– Кейінгі жылдары қауіпсіздік орган­дары және құқық қорғау құрылымдары арасындағы ықпалдастық қарқынды даму­да. Келіссөз кезінде жасанды интел­лектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің стратегия­лық маңызы атап өтілді. Осы салада бір­ле­сіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан – исламдық қаржылан­дыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталы­ғында еуразиялық кеңістікте халал қар­жыны дамыту үшін барлық жағдай жа­сал­ған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және Fauji Foundation арасында құрылған «Бірлескен инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлерге елі­мізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Пәкіс­тан бизнес форумына қатысатындарын, жиында екі елдің 250-ден аса компания жетекшілері бас қосып, бірқатар ком­мерциялық құжатқа қол қойылатынын жеткізді.

– Бұл маңызды іс-шара нәтижелері өзара сауда-экономикалық және инвес­тициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселесін талқыладық. Еліміздің жоғары оқу орындарының танымалдылығы Пәкістан жастары арасында жылдан-жыл­ға артып келеді. Қазіргі уақытта Қа­зақ­станда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандық бойынша білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық. Исламабад университет­терінде бүгін ашылған «әл-Фараби», «Сәтбаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту сала­ларындағы ықпалдастығын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Мәдени-рухани сабақтастықтың жалғасы

Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берді.

– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түр­де аштық. Аталған спорт орталығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қа­былдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Премьер-ми­нистрмен бірге бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайту мақсатында күш жұмыл­дыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.

– Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дип­ломатиялық жолмен шешу қажет деп санай­мыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және кон­суль­тациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдас­тық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітім­гершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптес­тігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық.

– Бүгін орнатылған стратегиялық серіктестігіміз бен қол жеткізген уағдалас­тықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халық­тарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

– Бүгінгі табысты келіссөздер нақты нәтижелерге ұласып, қол қойылған құ­жат­тар екіжақты байланыстарды дамы­туға тың серпін беретініне сенімдімін. Екі ел арасындағы серіктестікті нығайта отырып, сауда, мәдениет, білім беру және басқа да көптеген сала бойынша ынтымақ­тас­тықта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп есептеймін. Жоғары мәртебелі Прези­дент мырза, Сізге Пәкістан мен Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі арттыруға қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Пәкістан Премьер-министрі.

Сапар аясында Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі мәдени орталықтар және «Достық» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақ­тастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиет­термен, сонымен бірге заманауи компью­терлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.

Қаныш Сәтбаев орталығы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­теу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім беру, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөн­індегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.

Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.

«Достық» спорт орталығында тоғызқұ­ма­лақ және қазақ күресі бойынша пәкіс­тан­дық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтас­тықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын қолға алмақ.

Экономикалық ықпалдастық нығая бермек

Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф Қазақстан – Пәкістан бизнес форумына қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтты.

– Пәкістанға жасаған алғашқы мем­лекеттік сапарым екіжақты ынтымақтас­тықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум бары­сында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-эко­номикалық және инвестициялық ықпал­дас­тығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Шын мәнінде, серіктестігіміз ұдайы кеңейіп келеді. Былтыр екі ел ара­сынд­ағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Қазақстанда Пәкістан капи­талының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнер­кәсібі, индустрия және басқа да көп­теген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сау­да көлемін 1 миллиард долларға дейін ұл­ғайтуды көздейтін өршіл мақсат қой­дық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы, соның ішінде Қазақстан мен Пәкістан Үкіметаралық комиссиясы аясындағы ықпалдастықты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.

– Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел ретінде өңірлік өсімді қамтамасыз етуге және тың мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен үлес қосып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Біз институционалдық құрылымдарды дәйекті түрде жетілдіру арқылы өркендеп келеміз. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инно­вацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге ба­ғыт­талған. Мен жетекшілік ететін Шет­елдік инвесторлар кеңесі Қа­зақ­стандағы ашықтық, әділдік қағидаттарына және іскерлік климатты ұдайы жақсартуға бейіл. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңіл­детеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халық­аралық қаржы орталығы инвестиция, ин­но­вация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды.

– Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қа­тары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нары­ғына шыққысы келетін пәкістандық кә­сіп­керлерге сенімді әрі ашық мүмкін­діктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.

– Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымал­данатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өте­ді. Қазіргі уақытта Транскаспий халық­аралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді транскон­ти­ненталдық сауданың ірі орталығына айнал­дыратын негізгі фактор ретінде қа­рас­тырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпора­циясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті.

– Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экология­лық таза ауыл шаруашылығы өнімін шы­ғаратын сенімді жеткізуші рет­індегі пози­циямызды нығайтып кел­еміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістан­дық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group ком­паниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру елдеріміз арасындағы сауда және инвес­ти­циялық ынтымақтастық салалары бойын­ша прогрестің негізгі факторына айналады деп пайымдайды. Президент Пәкістан Үкіметінің озық цифрлық ше­шімдер енгізу жөніндегі шараларына жоғары баға берді.

– Премьер-министр Шахбаз Шариф Пәкістан экономикасын болашақта бә­се­кеге қабілетті ету үшін цифрлық транс­формацияның маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Қазақстан бұл көреген ұстанымды құптайды әрі екі ел үшін де цифрлық инновациялардың әлеуеті зор деп біледі. Біз алдағы бірнеше жылда толық цифрлық елге айналу жөнінде өршіл мақсат қойдық. Оған қол жеткізу үшін өңірдегі алғашқы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Инновацияның, зерттеу мен технологиялық прогрестің жетекші платформасы ретінде қызмет ететін Халықаралық Жасанды интел­лект орталығын аштық. Alatau City кеш­енді құқықтық, цифрлық және қар­жы­лық экожүйе қалыптастырады. Бұл еліміздегі қалаларды дамытуда маңдайалды жоба болмақ. Сонымен қатар экономи­каның инновациялық және перспективті секторларында орнықты дамытуды ынта­лан­дырып, қаржы тартады. Былтыр екі суперкомпьютерді іске қостық. Бұл ауқым­ды дербес тілдік модельдерді әзірлеу және Қазақстандағы технологиялық прогресті жеделдету ісінде маңызды қадам­ға айналды. Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы, қазақстандық InDrive платфор­масы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша, қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүм­кіндіктерімізді пайдалануға шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасын­дағы серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын және экономикада екіжақты күн тәртібінің барлық саласын қамтитын байланысты тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Пәкістан Премьер-министрі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын тереңдету тұрғысынан бүгінгі бизнес форумның маңыздылығына назар аударды.

– Бүгін біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізу үшін барынша әрекет етуге уағдаластық. Осы мақсатқа тезірек жету жолында қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдалануға кел­іс­тік. Биыл достас Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін қадірлі бауырыма ризашылығымды білдіремін. Бұл шақыруды зор қуанышпен және ерекше ықыласпен қабыл алдым. Біз өзара жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл топқа ортақ сауда және инвестициялық портфельді кеңейту жөнінде бесжылдық бағдарламаны әзірлеу тапсырылады, – деді Шахбаз Шариф.

Қазақстан-Пәкістан бизнес форумы­ның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агро­өнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақ­тастығын кеңейту көзделген.