Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Су тасқынының алдын алудағы ауқымды іс
163
оқылды

Вице-премьер су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығын тексеріп, Talsim жүйесінің болжамдық деректерімен және Tasqyn жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты.

Өңірлерде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, топырақ үйінділері тұрғызылды. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта сал­ынды. Автомобиль және теміржол учас­келерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды, Шығыс Қазақ­стан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде шамамен 166 шақырым арнаны тереңдету, 255 шақырым жағалауды бекіту, 221 шақырым арналарды түзеу және 172 шақырым су арнасы мен өзен арналары тазартылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қараша-қаңтар айлары аралығында Төтенше жағдайлар министр­лігінің лауазымды тұлғалары бар­лық өңірді аралап, олардың су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындығын бағалады.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биылғы көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты өңірлердегі су тасқыны қаупіне алдын ала баға берілді.

Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыс­тарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажетін баса айтты.

Вице-премьер барлық әкімдікке қажет болған жағдайда өзендерде жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізуді, су бұру арналары мен арықтарды, су өткізу құры­лыстарын және нөсерлік кәріз жүйелерін тазалауды, сондай-ақ қарды уақытылы әкетуді тек қалаларда  емес, ауылдық елді мекендерде де қамтамасыз етуді тапсырды.