Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері қатысты.
Семей қаласындағы Водный кентінде заманауи спорт кешені ашылды
Фото: gov.kz
155
оқылды

Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, қысқа мерзім ішінде тұрғындардың игілігіне берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Естеріңізде болар, былтыр 2 мамыр күні осында арнайы келіп, жалпы аумағы 3 400 шаршы метр болатын спорттық нысанның капсуласын салған болатынбыз. Міне, небәрі 9 айдың ішінде халықтың игілігіне бергелі тұрмыз. Осы маңайдағы тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтаймын. 2025 жылы өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін Жаңасемей, Мақаншы, Бородулиха аудандарында осындай 3 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бүгін 2026 жылы алғаш болып Водный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына жиналып отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір парасы ғана. Сонымен қатар Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Шымкент қаласы Водный кентіндегі №34 мектептің жанынан жаңа мәдениет үйін салып бермек. Құрылысы көктем шыға басталады. Аталған нысан тұрғындар үшін мәдени-рухани және спорттық орталыққа айналады», – деді облыс әкімі.

Off take келісім аясында бой көтерген екі қабатты кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұндағы спортзалдары мен жаттығу алаңдары тұрғындардың спортпен жыл бойы шұғылдануына мүмкіндік береді. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, футзал сияқты спорт түрлеріне арналған ойын залы, екінші қабатта күрес залы орналасқан. Алдағы уақытта алты бапкер жұмыс істейтін болады.

Водный кентінің тұрғындары жаңа спорт нысанының ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.

«Осындай әлеуметтік нысандардың салынуы жастарымыздың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Келешекте еліміздің көк байрағын әлемдік, халықаралық және олимпиадалық дәрежеде желбірететін чемпиондар шықсын деп тілеймін. Қаладан шеткері жатқан аудандарға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Былтыр кентімізде мектеп ашылды, тағы басқа да нысандар салынғалы жатыр. «Водный» және «Восход» кенті тұрғындарының атынан алғыс айтамыз», – деді Водный кентінің тұрғыны Болатхан Бөгісов.

Өткен жылы Водный кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарлама шеңберінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында төрт көшеде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Водный» және «Восход» елді мекендерінде жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын көше жолдарына асфальт төселді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Абай облысында 18 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Семей қаласындағы Ұшақтар және Бобровка кенттерінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Бұл инфрақұрылым өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі жарыстарға сапалы дайындалуына зор мүмкіндік береді.